Мемлекет басшысы Қазақстан Республикасы Ұлттық архивінің ұжымы мен ардагерлерін 20 жылдық мерейтоймен құттықтады

Астанада Қазақстан Республикасы Ұлттық архивінің 20 жылдығына арналған «Архивтер: цифрлық трансформация, конституциялық құндылықтар, тарихи мұра» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференция өтті.

Конференция жұмысына Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева, Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің, мемлекеттік органдардың өкілдері, Түркия, Ресей, Өзбекстан, Сауд Арабиясы және Тәжікстанның архив мекемелерінің басшылары мен мамандары, сондай-ақ архив саласының жетекші ғалымдары мен сарапшылары қатысты.

✔️Іс-шараның ашылуында Аида Балаева Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың құттықтау хатын оқып берді. Мемлекет басшысы архив саласының қызметкерлері мен ардагерлерін Ұлттық архивтің 20 жылдық мерейтойымен құттықтап, еліміздің тарихи мұрасын сақтауға қосқан елеулі үлестері үшін ризашылығын білдірді.

Өз сөзінде Премьер-министрдің орынбасары архив ісінің қалыптасуы мен дамуына үлес қосқан ұжымға және сала ардагерлеріне алғыс айтып, бүгінде еліміз аса маңызды тарихи кезеңді бастан өткеріп отырғанын атап өтті.

Мерейтойлық датаға орай архив саласының қалыптасуы мен дамуына елеулі үлес қосқан бірқатар ардагерлер мен мамандарға Мемлекет басшысының атынан мемлекеттік наградалар табысталды.

«Архив: өткен мен болашақты жалғаған 20 жыл» атты құжаттық көрме аясында Ұлттық архивте оның қызметіне арналған арнайы бұрыш ашылды.

📌Айта кетейік, бүгінде Қазақстандағы 237 мемлекеттік архивте Ұлттық архив қорының 30 миллионға жуық құжаты сақтаулы. Архив саласында 3,5 мыңнан астам маман еңбек етеді. Архив қорлары көрнекті мемлекет және қоғам қайраткерлерінің, ғылым мен мәдениет өкілдерінің жеке архивтік құжаттарымен тұрақты түрде толықтырылып келеді.

Архив саласын дамытудың негізгі бағыттарының бірі – цифрлық трансформация. Соңғы жылдары Ұлттық архивтегі цифрландырылған құжаттардың үлесі 3 пайыздан 26 пайызға дейін артты. Құжаттарды қабылдауға, сақтауға, сондай-ақ азаматтар мен ұйымдардың сұрау салуларын жедел орындауға мүмкіндік беретін «Құжаттардың бірыңғай электрондық архиві» ақпараттық жүйесі енгізілді.

Мамандар даярлау мен олардың біліктілігін арттыруға да ерекше көңіл бөлінуде. Бүгінде архив саласының мыңнан астам қызметкері арнайы сертификатқа ие болды.

Конференция барысында қатысушылар Ұлттық архив қорларын қалыптастыру, архив құжаттарын ғылыми тұрғыда жариялау, халықаралық ынтымақтастықты кеңейту, архив саласын цифрлық трансформациялау және жасанды интеллект технологияларын қолдану мәселелерін талқылады.

Конференция қорытындысы бойынша Қазақстан Республикасының архив саласын одан әрі дамытуға бағытталған қарар қабылданып, нақты ұсынымдар әзірленді.

Мәліметпен бөлісу: