Заң мен тәртіп – қоғам тұрақтылығының кепілі

 Қазақстан полициясы күніне орай Ақсу аудандық полиция бөлімінің басшысымен сұхбат

 Базарбаев Дидар Серікұлы 1989 жылы желтоқсан айының 14 күні Алматы қаласында дүниеге келген. 1996 — 1999 жылы Жансүгіров ауылындағы Қ.Сатбаев атындағы орта мектепте оқыған. 1999 — 2004 жылдары Сағабүйен ауылындағы Т.Тоқтаров атындағы орта мектепті оқып. 2005 — 2007 жылы Талдықорған қаласындағы №12 орта мектепті оқып бітірген. 2007 – 2009 жылдары Семей қаласындағы ҚР ІІМ құқықтану колледжін «құқық қорғау қызмет» мамандығымен аятаған. 2009 жылдан бері ҚР ІІО қатарында қызмет атқарып келеді. Арнайы атағы полиция подполковнигі. Ішкі істер органдары қызмет атқару барысында біршама басшы құрлам лауазымында қызмет атқарған.

Басшы құрам лауазымына 2018 жылдан бастап Қаратал ауданы ПБ бастығының орынбасары лауазымына тағайындалып, 2021 жылы Панфилов ауыданы ПБ бастығының орынбасары лауазымына тағайындалған. 2024 жылы Талдықорған қаласы ПБ Анықтау бөлімінің бастағы болып тағайындалып 2025 жылы тамыз айында Ақсу ауданы ПБ бастығы лауазымына тағайындалып қызмет атқаруда.

Отбасы жағдайы үйленген 3 бала тәрбиелеп отыр.

Ендеше, 23 маусым – Полиция қызметкерлері күніне орай аудандық полиция бөлімінің бастығы, полиция подполковнигі Дидар Серікұлы БАЗАРБАЕВ пен «Ақсу өңірі» ЖШС аудандық газетінің директор — бас редакторы Ләззат Қалмұхамбетқызы ҚАСЫМБЕКОВАНЫҢ «Заң мен тәртіп» аясында жүргізген сұхбатын ұсынып отырмыз.

– Құрметті оқырмандар, алдымен ауданымыздағы криминогендік ахуал туралы айтып өтсеңіз. Жалпы жағдай қандай?

– Ақсу ауданы бойынша қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, құқық бұзушылықтардың алдын алу және қылмыстарды ашу бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Жалпы аудан аумағындағы жедел жағдай тұрақты деп бағаланады. Полиция қызметкерлері тәулік бойы азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін қызмет атқаруда.

2026 жылдың алғашқы алты айында аудан көлемінде 86 қылмыс тіркелді. Бұл көрсеткіш өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда жоғары болғанымен, қылмыстарды ашу сапасы айтарлықтай жақсарды. Жалпы қылмыстардың ашылу деңгейі 81,9 пайызды құрап, өткен жылғы 59,6 пайыздық көрсеткіштен едәуір өсті.

– Қылмыстардың ашылу деңгейінің жоғарылауына қандай факторлар әсер етті?

– Ең алдымен, полиция қызметкерлерінің кәсіби жұмысы, профилактикалық іс-шаралардың күшеюі және заманауи технологиялардың тиімді пайдаланылуы оң нәтижесін беруде. Ауыр және аса ауыр қылмыстар бойынша ашылу көрсеткіші 90 пайызға жетті. Бұл – азаматтардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау бағытындағы нақты нәтижелердің бірі.

Сонымен қатар онша ауыр емес және орташа ауырлықтағы қылмыстар бойынша да оң өзгерістер байқалады. Әрбір тіркелген құқық бұзушылық жіті бақылауда болып, кінәлі тұлғаларды анықтау бағытында қажетті шаралар қабылдануда.

– Халықты алаңдататын ұрлық қылмыстарының жағдайы қандай?

– Ұрлық қылмыстарының алдын алу біздің басты бағыттарымыздың бірі болып қала береді. Биыл ұялы телефон ұрлығы өткен жылмен салыстырғанда азайып, тіркелген қылмыс толық ашылды. Пәтер ұрлықтары бойынша да барлық тіркелген деректердің ашылуы 100 пайызды құрады.

Ал мал ұрлығы ауылдық жерлер үшін өзекті мәселе болып отыр. Осы бағытта арнайы жедел-профилактикалық іс-шаралар ұйымдастырылып, мал иелеріне қауіпсіздік шараларын сақтау жөнінде тұрақты түсіндіру жұмыстары жүргізілуде.

– Құқық бұзушылықтардың алдын алу бағытында қандай жұмыстар атқарылуда?

– Қылмыстың алдын алу – полиция қызметінің негізгі міндеттерінің бірі. Учаскелік полиция инспекторлары тұрғындармен тығыз байланыста жұмыс істейді. Биыл олардың бастамасымен алкогольдік ішімдікті шектен тыс пайдаланатын бір азамат мәжбүрлі емдеуге жіберілді.

Сонымен қатар тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу, кәмелетке толмағандардың құқықтарын қорғау, қоғамдық орындардағы тәртіпті сақтау, көші-қон заңнамасын бақылау бағытында ауқымды жұмыстар жүргізілуде.

– Әкімшілік құқық бұзушылықтар бойынша қандай көрсеткіштер бар?

– 2026 жылдың басынан бері учаскелік полиция инспекторлары 1371 әкімшілік құқық бұзушылықты анықтады. Сонымен қатар тұрғындардан түскен 189 арыз-шағым қаралып, заң аясында тиісті шешімдер қабылданды.

Жалпы полиция бөлімінің жеке құрамымен бес ай ішінде 2294 құқық бұзушылық анықталды. Бұл құқықтық тәртіпті сақтау бағытындағы жұмыстың жүйелі жүргізіліп жатқанын көрсетеді.

Әкімшілік айыппұлдарды өндіру бойынша да нәтижелі жұмыс бар. Биылғы бес айда 13,7 миллион теңгеден астам айыппұл салынып, оның 77,1 пайызы өндірілді.

– Қазіргі таңда полиция қызметкерлерінің алдында қандай міндеттер тұр?

– Мемлекет басшысы жариялаған «Заң мен тәртіп» қағидатын жүзеге асыру – біздің басты міндетіміз. Қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, азаматтардың құқықтарын қорғау, құқық бұзушылықтардың алдын алу және халықпен ашық диалог орнату жұмыстары жалғаса береді.

Полицияның тиімді қызметі тек құқық қорғау органдарының ғана емес, бүкіл қоғамның ортақ ісі. Сондықтан тұрғындарды заң талаптарын сақтауға, қоғамдық тәртіпті нығайтуға және құқық бұзушылықтарға бейжай қарамауға шақырамыз.

– Қазақстан полициясы күні қарсаңында әріптестеріңізге қандай тілегіңіз бар?

– Барша полиция қызметкерлерін кәсіби мерекелерімен шын жүректен құттықтаймын. Ел тыныштығы мен халық қауіпсіздігін қамтамасыз ету жолындағы еңбектеріңізге табыс, отбасыларыңызға амандық, дендеріңізге саулық тілеймін. Қызметтеріңізге абырой, ел сеніміне лайық бола беріңіздер!

– Әңгімеңізге рахмет. 23 маусым – Қазақстан полициясы күні құтты болсын!

Сұхбаттасқан: аудандық газеттің директор – бас редакторы Қасымбекова Ләззат Қалмұхамбетқызы.

Мәліметпен бөлісу: