
Жетісу облысы құрылғаннан бері туризмді, соның ішінде Алакөл көлінің жағалауын дамыту бағытында жүйелі жұмыстар атқарылып келеді. Бұл ретте Президенттің тапсырмасына сәйкес демалушыларға қолайлы жағдай жасауға ерекше көңіл бөлінген. Бүгінгі күні туристердің жайлы демалысы мен санитарлық талаптардың сақталуын қамтамасыз ету мақсатында коммуналдық жағажайға 720 қоқыс контейнері орнатылып, тазалық жұмыстарына 50-ге жуық қызметкер мен 20-дан астам техника жұмылдырылған. Бұл туралы облыс әкімі Бейбіт Исабаевтың Алакөл ауданына жасаған сапарында көл жағалауының туристік маусымға дайындығы барысымен танысқан кезінде белгілі болды, — деп хабарлайды Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Өңір басшысы алдымен Ақши ауылындағы жағалауды аралап көрді. Атап өтсек, коммуналдық жағалауға 44 киім ауыстыратын кабина, 24 модульдік дәретхана, 45 биодәретхана орнатылған. Бұған дейін жағалау аумағының тазалығын сақтау үшін арнайы «Алакөл Тазалық» коммуналдық кәсіпорны құрылған болатын, бүгінгі күні белсенді жұмыс істеуде. МКК директоры Еламан Ерікұлының айтуынша, мекеме Ақши, Көктұма ауылдарындағы көл жағалауларының тазалық жұмыстарымен айналысуда. Орнатылған камералар арқылы да жағалау тазалығы бақыланып отырады. Мекеме қызметкерлері таңертеңнен бастап қоқыс тазалауға кіріседі, жағалаудың тазалығына жауапты тұрақты мамандар бекітілген.
Бейбіт Исабаев санитарлық жағдайға ерекше көңіл бөлу керектігін ескертті.
— Арнайы коммуналдық мекеме құрып, қажетті барлық техникамен қамтамасыз еттік. Ендігі жерде жағалаудың санитарлық тазалығына деген талап та, жауаптылық та еселене түседі. Сондықтан жағалаудың таза, жайлы болуы ерекше бақылауда болуы тиіс, — деді облыс басшысы.

Жағалауда жасалып отырған жағдайларға демалушылар да дән риза.
— Біз Алакөлге демалуға Алматыдан бірінші рет келіп тұрмыз. Күйеуімнің туған күніне орай осылай отбасымызбен төрт күнге демалғанды жөн көрдік. Еш өкінбейміз, қайта мұнда жасалған жағдайдарды көріп, Алакөлге келу туралы шешім қабылдағанымызға қатты қуандық. Жағалауда таңертеңнен қоқысты жинап, тазалайды. Маңайымыз тап-таза, дәретханасы, киім шешетін орындары бар. Енді әр жазғы маусым сайын Алакөлге келетін боламыз, — деді демалушы Эльмира Камалова.
Талдықорғандық Мұхтар Ахметжанов та осындай пікірде:
— Биыл Алакөлге жаз маусымында оныншы жыл қатарынан келіп тұрмын. Жылда келіп жүрген соң жағалаудың жағдайына қатысты айырмашылық биыл ерекше байқалады. Бұрын киім шешетін орын болған жоқ, қоқыс жиі шашылып жататын. Биыл жағалау тап-тұйнақтай, киінетін кабиналар, санитарлық тораптар біршама қойылды. Мұнда ел ішінен ғана емес, жылда таяу шетелдерден де туристер келіп жатады, яғни жылдан жылға келушілер қатары көбеюде. Ең алдымен демалушылардың өзі тазалық сақтаса дейміз, оны маңайымыздағыларға айтып, түсіндіріп те жүрміз, — дейді ол.
Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Фототілшілер: Дмитрий Ерофеев, Жеңіс Ысқабай
