
Жетісу облысында «Ауыл құтқарушылары» бағдарламасы аясында тағы екі ерікті өрт сөндіру бекеті пайдалануға берілді. Өрт сөндіру техникасының үздіксіз жұмысын қамтамасыз етуге, өртке жедел ден қоюға, сондай-ақ өрт ошақтарын тиімді сөндіріп, адамдарды құтқаруға бағытталған нысандар Қаратал ауданындағы Кәлпе және Көпбірлік ауылдарында ашылды. Осылайша өңірдегі мұндай өрт сөндіру бекеттерінің саны төртке жетті. Нысандар жергілікті бюджет қаражаты есебінен салынды, – деп хабарлайды Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Жетісу облысы Төтенше жағдайлар департаментінің бастығы, полковник Қанат Алтынбековтің айтуынша, өңірде жалпы саны 26 өрт сөндіру бекетін шалғай елді мекендерде ашу жоспарланған. Оның алғашқы екеуі өткен жылы пайдалануға берілген болатын. Ал Кәлпе, Көпбірлік ауылдарындағы жаңа бекеттер ашылғаннан кейін олардың саны төртке жетті.
Барлық бекеттер қажетті құрал-жабдықтармен толық қамтамасыз етілген. Мұнда өрт сөндіру техникасы, арнайы киім-кешек, байланыс құралдары және өзге де қажетті жабдықтар бар. Сондай-ақ диспетчерлік бөлім, демалыс және қызметтік-тұрмыстық бөлмелер, жеке құрамның тұруына арналған орынжайлар, техникаға арналған бокс қарастырылған. Жуырда осындай заманауи өрт сөндіру бекеттері Ақсу ауданында да ашылады, – деді Қ. Алтынбеков.

Жергілікті тұрғындар бұған қатысты ой бөлісті.
– Кеңес заманында біздің ауылда шлакоблоктан салынған ғимаратта орналасқан шағын өрт сөндіру бекеті жұмыс істейтін, онда бір ғана ГАЗ маркалы өрт сөндіру көлігі болған. Бүгінде оның орнында заман талабына сай заманауи өрт сөндіру бекеті салынды. Ауылымыз дамып келеді, жаңа үйлер салынып жатыр, маңайда көптеген шаруа қожалықтары орналасқан. Ал халық қоныстанған және шаруашылық қызметі қарқынды жүргізілетін жерде түрлі төтенше жағдайлардың, соның ішінде өрттің туындау қаупі әрдайым болады. Сондықтан мұндай нысанның ашылуы өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытындағы маңызды зор болады деп білеміз, – деді Кәлпе ауылының тұрғыны Эдик Малайсаринов.

Жалпы, Кәлпе ауылында ашылған ерікті өрт сөндіру бекеті маңайдағы үш елді мекеннің – Кәлпе, Қанабек, Қарашеңгел ауылдарының өрт қауіпсіздігін қамтамасыз етеді. Бұл ауылдарда жалпы саны үш мыңға жуық адам тұрады.
Ал Көпбірлік ауылындағы өрт сөндіру бекеті Көпбірлік, Қарақұм және Ақжар ауылдарының тұрғындарына қызмет көрсетеді. Аталған үш елді мекендегі халық саны шамамен 1740 адам.
Айта кетейік, «Ауыл құтқарушылары» ведомстволық бағдарламасы азаматтық қорғау жүйесін дамытуға, өртке қарсы қызметтің материалдық-техникалық базасын нығайтуға және еліміздің шалғайдағы елді мекендерінде өрт қауіпсіздігі деңгейін арттыруға бағытталған.

Жетісу облысында аталған бағдарламаны іске асыру аясында ауылдық өрт сөндіру бекеттерін кезең-кезеңімен құру жұмыстары жүргізілуде. Мәселен, 2025 жылы осындай нысандар Қаратал ауданының Алмалы және Ескелді ауданының Ақын Сара ауылдарында ашылған болатын. Бұл бекеттердің қызметі өрт пен өзге де төтенше жағдайларда жедел әрекет етуде өз тиімділігін көрсетті.
Кәлпе және Көпбірлік ауылдарында жаңа өрт сөндіру бекеттерінің ашылуы ауылдық аумақтардың қауіпсіздік жүйесін нығайтуға және халықтың өмір сүруіне қолайлы жағдай жасауға бағытталған кезекті маңызды деуге болады.
Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі
Фотограф: Жұмабай Мұсабеков, сондай-ақ фотоматериалдар Жетісу облысы Төтенше жағдайлар департаменті тарапынан ұсынылды.
