Жетісу облысында электрмен жабдықтау инфрақұрылымын жаңғырту жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Өңірдегі тозығы жеткен электр желілерін жаңарту және энергиямен қамтамасыз ету сапасын арттыру мақсатында жалпы құны 9,16 млрд теңгені құрайтын жоба жүзеге асырылуда, – деп хабарлайды 7-su.kz ақпараттық порталы.

Жоба Қазақстанның Даму банкі мен «Талдықорған акционерлік көлік-электр желілері компаниясы» АҚ арасындағы несиелік келісім аясында қаржыландырылған. Бұл бастама «Энергетика және коммуналдық секторларды жаңғырту» ұлттық жобасының шеңберінде іске асуда.
Қазіргі таңда облыстың бірқатар аудандарында құрылыс-монтаждау жұмыстары басталып кеткен. Атап айтқанда, Ескелді, Көксу, Қаратал және Сарқан аудандарында электр беру желілеріне арналған 4 492 жаңа тірек орнатылды. Бұл жұмыстар электр желілерінің сенімділігін арттырып, апаттық жағдайлардың алдын алуға бағытталған.
Жоба аясында тек тіректерді жаңарту ғана емес, кең ауқымды инфрақұрылымдық жаңғырту көзделген. Жалпы ұзындығы 474 шақырымнан асатын электр беру желілерін қайта жаңарту жоспарланып отыр. Сонымен қатар, ескі кабельдік желілер толық ауыстырылып, екі ірі қосалқы станция жаңғыртудан өтеді.
Жобаға жауапты мамандардың айтуынша, қазіргі кезеңде негізгі құрылыс жұмыстары белсенді жүргізілуде, ал Ақсу және Кербұлақ аудандарында келесі кезеңдерге дайындық басталған.
Мамандар бұл жаңғырту өңірдегі электр желілерінің тозу деңгейін айтарлықтай төмендетіп, тұрғындарды тұрақты әрі сапалы электр энергиясымен қамтамасыз етуге мүмкіндік беретінін атап өтеді. Сонымен қатар, энергия жүйесінің жүктемеге төзімділігі артып, болашақтағы тұтыну өсіміне де бейімделу жеңілдей түспек.
Жобаны толық аяқтап, нысандарды пайдалануға беру 2027 жылдың қаңтарына жоспарланған
