Жетісулық ақын, көсемсөзші, қоғам қайраткері әрі «Жаннатым менің», «Жайдарман», «Пері қызына хат» атты жыр жинақтарының авторы Жамау Беркімбайұлы Бұхарбай 1949 жылы дүние есігін ашқан-ды. Санасақ, ол жер ортасы – елуге де толмастан «келместің кемесіне» отырып, Мәңгілікке сапар шегіпті. Шабыттың тұп-тұнық көлінде емін-еркін жүзген шайыр өзді-өзіне мынадай мінездеме береді: «Жамау емес қалаумын / «Мен» дегенге сабаумын / Ақындарға жан пида / Алаяқ қуға қамаумын / Жамау емес жалаумын / Орта құрсақ жараумын / Жай халыққа жомартпын / Басқаға Қарынбай қараумын / Жамау емес жауырмын / Бар қазаққа бауырмын / Толғанбайдай толқыған / Жалмендедей ауырмын / Жамау емес жаяумын / Жиенбайға таяумын / Арсалаң ақын сияқты / Жібектей жұмсақ баяумын».
Қолымызға Ж.Бұхарбайдың 2007 жылы «Жалын» баспасында «Қазіргі қазақ поэзиясы» сериясымен жарық көрген «Жаралы аққу» атты кітабы тиді. Оқып шығып ойға қалдық. Шынтуайтына келгенде, бұрын-соңды есімін естімеген кісіміз екен. «Ештен – кеш жақсы», әлгі қаламгер турасында әдебиеттанушы, сыншы Елдос Тоқтарбай арқылы білгенімізді айта кеткен орынды. Ал, аталған жинақтың жарық көруіне балалар жазушысы Шәкен Күмісбайұлының септігі тиіпті және кітап атауы – автордың Алаш маңдайына біткен айтулы тұлға, айтыскер ақын Сара Тастанбекқызы жөніндегі поэмасымен аттас.
Жамау Беркімбайұлы – өмірді өлеңге айналдырып, алуан-алуан құбылысты өздігінше қорытып, өздігінше өре алған ақын, соғыстан соң туған өршіл ұрпақтың өкілі. Оның поэзиясында Құдай, арлылық, адалдық, әділдік, шындық, махаббат пен сезім менмұндалайды. Кей сәтте мұңға батасың, ал кейде еріксіз езуіңе күлкі үйіріледі. Десек те, Біз Жамауды махаббат ақыны дей алмас едік. Өйткені, әлгіндей мотивтер тұтас картинадағы мазок ұқсап әр-әр жерден ғана көзге шалынады, бірақ басымдыққа ие емес. Қаламгердің негізгі «объективіне» ілінген тақырыбы – адамгершілік, адам тағдыры. Мұның өзіндік себебі де бар деп есептейміз:
Өңменде жалын, өзекте өрт,
Қиындық кешкен ұл едім.
Байыздай алмай, безектеп,
Қиғылық салдың, жүрегім.
Адалмын, арым сот құрса,
Ауырды талмай көтердім.
Тыныстауға да жоқ мұрша,
Өткінші жаңбыр – өтер күн.
Әділді жақтау хақым деп,
Алқынған ердің бірі едім.
Күйініп өткен ақын көп,
Күл болып кетпе жүрегім.
Жамау ақын өлең арқылы оқырманды арлы болуға, әділдікті, адалдықты жақтауға шақырады. Оның төмендегі «Кер жалған» жырында өрт түстес қып-қызыл қыжыл, заманға, адамға деген өкпе-реніш байқалатындай. Алайда, бұл – кәдуілгі пендеауи немесе жеке бастың реніші емес, көш түзелсе деген тілек, жақсылықты уағыздаған жанның сөзі.
Дара шауып,
Даңқыменен жер жарған,
Төбе биді төңкеріп сап,
төрді алған,
Жәудірейсің жаймасынан базардың,
Жайнамазды жаялық қып, кер жалған.
Қазынасы қарақұсқа жем болған,
Қарашасы қайыршымен тең қонған,
Құдайына құлдық ұрса, ақылы,
Құран сатып құнжыңдаған, кер жалған.
Кешегі ұры – софыалдияр сандалған,
Кешегі қу кеуде соғып паңданған,
Бар есебі – биге шығу екі жеп,
Билік үшін барын сатқан, кер жалған.
Қарақшының қанжығасы қанданған,
Қара жолда қойныңдағы жанды алған.
Қара судан май дәметкен дарақы,
Жүрегі жоқ, жүзіқара, кер жалған.
Ізгіліктен садаға кет,
Неңді алған?!.
Ол – адамгершіліктің, арлылықтың нақ насихатшысы, үлгілі үгітшісі. Қаламгердің өлеңдерінде шер, нала бар. Мұнда Аристотельдың: «Адам – саяси хайуан» тұжырымына сәйкес, ашуға мінгенде «аңға» айналатын пендеге, әлжуаз-әлсізді жайынша жұтуға дайын тұрған әлеуметке, саналының жүйкесін жүн еткен жүйеге, тасбауыр тағдырға көңіл толмаушылық сезілетіні рас. Ақын жағымды және жағымсыз секілді қос категорияны қатар-қатар қойып салыстыруға, танымы негізінде таразылауға тырысады. Бір ұнамдысы – соны оқырманға күштеп таңбайтындығы, қаламгер табиғилықты, еркіндікті қалайды екен. Шаңқай түс кезінде қолына шам алып «Кісіні» іздеген Синоптық Диоген сияқты, төмендегі жыр – айнала-маңнан ізгілікті іздеген ақынның айқайы…
Тілде – самал,
Қабақтарда – ызғырық,
Сөз шаршатты,
Тыңдай түсіп, мызғыдық.
Күні бойы бітпей қойған кеңестің,
Кең тұсауы – қайырымдылық пен ізгілік.
Тыңдап отыр кім ұйқыда, кім ояу,
Кіл жанашыр,
Кіл мүсіркеу,
Кіл аяу.
Елдің бәрі Жиренше емес жай ғана,
Елдің бәрі Атымтай ғой, Құдай-ау!
Апы-күпі ат тұяғын қыздырып,
Ашамыз деп ойладық па біз бүлік?
Күштілердің күпшегінде тұншығып,
Әлсіздерге жетпей қалды ізгілік.
Талай маңғаз талтаңдап кеп татқан дәм,
Не шығады көбік езу мақтаннан?
Сақта, Құдай, Жалған ізгіліктерден,
Сақта, Құдай, Қайырымын сатқаннан!
Теңеуді сәтті қолданған бұл туындыдағы Жамау Бұхарбайдың «сауда» деп тұрғаны, бұл – тартысқа толы өмір, ал «саудагері» – сол таластың өрши түсуіне өзек болған пасық, пайдакүнем, пысықтар. Мұнда қожыраған қоғамдағы әрқилы іс-әрекеттер сынға алынған-ды. Шайырдың шығармаларында шыңғырған шындық, немкеттілерге деген наразылық, протест жоқ десек, өтірік айтқан болар едік…
«Сауда бағу – өнер» деп,
Мақалды еске ап көнерген,
Кемел менен кенен көп,
Шетімізден өлермен.
Сауда жүрсе сәнімен,
Сауға түсер адамға.
Тегін заттың бәрінен,
Теңге таптық табанда.
Саудагердің беті – көн,
Ниеті жоқ тартынар.
Бақыт басы шетінен,
Алтын болып жарқырар.
Су сұраса, сүт берген,
Дарқандығың – дарақы.
Тесік қалта үптелген,
Сәлем бер де, ал ақы.
Пиғылдың бұл «оңғаны»,
Ащы дәмін татармыз.
Теңге берсе болғаны,
Тегімізді татармыз.
Жеткен күн бар түбіне,
Байқайықшы шамалы.
Опасы жоқ дүние,
Қайда бастап барады?
Қазақ – ырым-тыйымға ерекше сенетін ел. Осы тұрғыдан келгенде, адамның аты бекерден-бекер қойылмаса керек. Неге Жамау? Қызық қой. Бұл турасында Жемісбек Толымбеков «Ақиқаттың адамы» атты мақаласында былай деп жазыпты: «Жамау ақынның шешесі, сексеннің сеңгіріне келген Баян ананың баянына құлақ түрелік. «Ата дәстүр жоралғысымен күйеуге он төрт жасымда шықтым. Төрт балам жастай өліп, тоқтамады. Жамауым – бесіншім, өмірге қасиетті бата, аянмен келді. Балаларым шетіней берген жайды ескеріп, жиырма екі ұрпағы тоқтамай, жалғыз Өмірлік деген қызы бар, қасиетті Ер Тоқпанбет ұрпағы, Телібай болыстың Бөрібегі «қызым Өмірлікке тартқан ұл берсін» деп, Ұлы Отан соғысынан кейінгі қиыншылықты 1948 жылы үйіне шақырып, дәм татырып, батасын берді. Батасы оң болып, бойыма бала бітіп, жүкті болдым. Босанар күні алдында түсіме тірлігінде көрші тұрған, марқұм, елі – Қайнар, Солтабай қария кіріп, жеңінің жамауы бар күпәйкені көрсетіп, екі мәрте: «Жамау!» – деді. Жамаудың есімі осындай ырым-жоралғымен қойылған».
Аңғармай жүрсің,
Күлме сен,
Алдамас болар шын сезім.
Жарықтың парқын білмесең,
Көзіңді тас қып жұмшы өзің.
Адам жоқ бағыт нұсқаған,
Айналаң түнек.
Азынап…
Қолына таяқ ұстаған,
Зағип боп көрші азырақ.
Баса алмай аяқ, тасынып,
Тасынсаң,
Жерге құларсың.
Көзсізге күлу – асылық,
Ойсызды өзің ұғарсың…
Ақын жырларының күрделілігі – қарапайымдылығында. Тез оқылғанымен де, оқушысын ойландырмай қоймайтыны анық. Қалам иесінің негізгі мақсат-мұраты – біреуге ұқсау емес, поэзияда дараланып тұратын өз өрнегін табу. Ж.Бұхарбайдың лирикалық кейіпкерлері – уайымшыл болғанымен өмірдің дәл өзіндей жігерлі, рухты, қайратты, қажырлы, намысшыл. Олар үшін біреуге арын таптатқаннан гөрі, самурайлар секілді өзіне-өзі харакири жасағаны артық дейсіз. «Қоянды қамыс өлтіреді, ерді намыс өлтіреді» дегендей, бұл жерде автор үшін өлім емес, намыс, ар-ұят қымбат…
Сақа сайлап құлжадан,
Шаршыға асық тігер ұл.
Заман тайғақ,
Түр жаман,
Арлы өмірді сүре біл!
Жампайсың ба? –
Қазір өл,
Жауыр аттай жалбақтап!
Қатындыққа әзір ер,
Сатқындықпен жан бақпақ.
Жайы болмас жалтаңның,
Қоғадай-ақ қалтырап.
Атақ-даңқың дарқанның,
Аярлап жүр тартып ап.
Ғұмыр қымбат,
Ғажап па,
Құмар қылмас неге бұл?
Көне алмайды мазаққа
Көргендімін деген ұл.
Абыройлы азапқа,
Төзе алатын керек ұл.
Түспеу үшін тозаққа,
Лайықты өле біл!
Ж.Толымбеков шығармагердің шыққан тегіне тоқтала келе, былай депті: «Анасы «қара қазақ бас қосса сөз бермеген» үш Матай елінің ақылшысы шоқпар Шиырбай шешеннің аталас тұқымы. Әкесі – Беркімбай – Ұлы Отан соғысының ардагері. Арғы аталары Бұқарбай мен Теңізбай барымта-қарымтада дес бермегендіктен батыр атаныпты. Үлкен атасы Түйтебай – шешен болыпты. Жамаудың сөйлегенде көсем сөз шешендігі, ой ұшқырлығы Түйтебай атасы мен Түйтебайдың Тұрлыбегі деп елге тапқыр, мәні зор, қысқа да нұсқа сөзімен әйгілі, аутком төрағасы қызметін атқарған аталарының дәріпінен дарыған деседі».
Қансырап жүрек жаралы,
Қайғы да кештім қаралы.
Қан жылап ішкен қара шай,
Бойымды өртеп барады.
Денеге дерт боп тарады,
Улады ойды, сананы.
Күйіктің көмір күлкісі,
Тағдырдың ащы шарабы.
Жадырап күннің қабағы,
Балқытып бойды барады.
Барладым тірлік базарын,
Бақыт та құштым шамалы.
Тәттіні татсам аздан-аз,
Болайын неге жазға мәз?!
Жарықтан бұрып оянып,
Айтайын келер таңға наз…
Тағдырға (Рок) именбей: «Ей, Сен!» – деп сөйлей алатын кезде ғана талайдың көңілінен шығар тартымды, дүриядай жылтыраған сәтті дүние тумақ деген ойдамыз. Ж.Бұхарбай – өз өлімін болжай алған, қатарластарына қарағанда фәниден бақиға ерте аттанатынын сезген ақындардың бірі. Бұған – «Көшерімде…» атты жырындағы мына жолдар дәлел:
Байқайыншы, не бар деп ашсам бүгін,
Жартыланып қалыпты көк сандығым.
Тоғыз айда ап келген дүниеге,
Құдай маған қияр ма тоқсан жылын.
Көз алдымнан көшіп бір мұнар-ағын,
Белгілі ғой ақтық дем шығарарым.
Өмір сұрап алғам жоқ мен Құдайдан,
Ұзақтығын енді оның сұрамадым.
Немесе:
Әлдидің әні айтылар,
Айтылса, сондай шарты бар:
Мен жатқан бесік басында,
Қылыштай қайқы ай тұрар.
Есебі – түгел.
Ел – аман.
Шошытпас сені Жер-Анаң.
Бабалар жатқан ақ бесік,
Бауырым, қорықпа моладан.
Өнердің, оның ішіндегі «Сөз өнерінің» өз алдына қойған басқы міндеті – кейінгілерге рухани құндылық, мәдени мұра қалдыру, эстетикалық ләззат сыйлау. Бұдан бұрын, әдебиеттің бір бұтағы саналатын Поэзия «Эней сызықшасы» (криптографиялық құрал) сықылды дешифровканы керек ететіні сөзсіз. Демек, әрбір туындыда қарақты көз үшін аса қажет жолдау (послание) болмақ. Ол – мазмұн – пішін – идея үштағаны негізінде жүзеге асатыны белгілі. Осынау «жолдау» Біз сөз еткен ақында да бар. Филология ғылымдарының докторы, профессор, поэтолог Сәуле Әбішева «Поэтический мир М.Макатаева» монографиясында адам баласының Поэзиядан алатын күш-қуатты «шығармашылық рефлексиясы» деп атапты. Жібек жел ескен Жетісу – көп дүлділ шыққан жанға жайлы құт мекен. Солардың бірі – Жамау ақын – өмірге ғашық, ел сыйлаған езгу, зият, алға қойған мақсатына жету үшін нендей қиындыққа болсын шыдамды, шыбын жанын шүберекке түйген тірмізік жан. Ол көзі тірісінде Жұматай Жақыпбаевпен сыйласып, аралас-құралас күн кешіп, ақтаңгер ақынға «Арман» деген өлең арнаған екен. Яғни, әдеби орта шайырдың өсуіне айтарлықтай ықпал етті деуге негіз де жоқ емес. Жамау жарықтық тірі болғанда жетпіске толар еді. Өкінішке қарай… Осы ретте, мақаламызды жазушы Арасанбай Естеннің 2016 жылдың 29 қыркүйегінде жазған «Ақсуда немесе Жамауды жоқтау элегиясымен» аяқтасақ деп шештік:
Таба алмай сабыр айласын,
Ит кейпін кештім қаңғырған.
Жамау бауырым, қайдасың,
Аңқылдап шығар алдымнан?!.
Ағаларым да жоқ бүгін,
Күлімдей сипар басымнан.
Байқатып
«иті» тоқтығын,
Берекетімді
қашырған.
Додаға
түсіп, жіпсінген,
Достарым
қайда боз құлан?..
Көкезулермен
күпсінген,
Не жайын
езіп, сөз қылам?!.
Осы
ма өмір дегенің,
Уақыт
көшін оздырған.
Қорлығы-ай
көшір неменің,
Ит жыным түртіп,
қоздырған…
Таба алмай
сабыр айласын,
Ит кейпін
кештім қаңғырған.
Жамау
бауырым, қайдасың,
Аңқылдап шығар
алдымнан?!.
Әлібек БАЙБОЛ,
жазушы-драматург,
әдебиеттанушы.