Салт-дәстүр – ұлт қазынасы

Ақсу ауданында Наурыз мейрамы аясында тағылымы терең «Салт-дәстүр – ұлт қазынасы» атты танымдық іс-шара ұйымдастырылды. Аталған шара Мәдениет және ұлттық салт-дәстүр күніне орай өткізіліп, ұлттық құндылықтарды ұлықтауға бағытталды.

Іс-шараның басты мақсаты – өскелең ұрпаққа халқымыздың бай рухани мұрасын насихаттау, салт-дәстүрдің мән-маңызын түсіндіру және ұлттық тәрбиені дәріптеу болды. Бұл бағытта музей ұжымы арнайы мазмұнды бағдарлама әзірлеп, қатысушыларға танымдық әрі тәрбиелік мәні зор көріністер ұсынды.

Шара барысында қазақ халқының ежелден келе жатқан маңызды ғұрыптарының бірі – тұсау кесер рәсімі сахналанып, көрермендерге көрсетілді. Рәсімнің мәні жан-жақты түсіндіріліп, оның бала өміріндегі алғашқы қадамына ақ жол тілеу, келешегіне ізгі ниет білдіру, өмір жолының ашық әрі сәтті болуына тілек ету екені атап өтілді.

Көрініске қатысушылар ұлттық нақыштағы киімдер киіп, салт-дәстүрді сахналық тұрғыда шынайы әрі әсерлі жеткізе білді. Әсіресе жас буынның белсенді қатысуы іс-шараның мазмұнын байытып, оның тәрбиелік ықпалын арттыра түсті.

Сонымен қатар, шара барысында ұлттық құндылықтардың бүгінгі қоғамдағы маңызы, олардың ұрпақ тәрбиесіндегі орны кеңінен сөз болды. Қатысушылар ата-бабадан мирас болып қалған салт-дәстүрлерді сақтау – әр азаматтың парызы екенін атап өтті.

Мұндай мазмұнды мәдени іс-шаралар ұлттық бірегейлікті нығайтып, жас ұрпақтың бойында рухани құндылықтарға деген құрметті қалыптастыруға ықпал етеді. Бұл бастама – ұлттық мұраны жаңғырту жолындағы маңызды қадамдардың бірі.

Мәліметпен бөлісу: