Ақсу аудандық орталық кітапханасының ұйымдастыруымен Е.Сиқымов атындағы орта мектеп – интернатының кітапханасында Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласы аясында сұхбат алаңы өткізілді . Кешегі қазақтың ежелгі мекені Ұлы Дала, қазіргі Мәңгілік ел — Қазақстан шетсіз де шексіз. Алтайдан Каспийге дейін созыла сұлап, Батысы Сібір ойпаты, Шығысы Тянь-Шань тауларының теріскейін ала көсіліп жатқан осынау Ұлы даланың жері де Ұлы, тылсым терең тарихы да Ұлы, өскелең ұрпаққа деген Ұлағаты да Ұлы. Түп-тамыры түркіден тарайтын ортақ Дала өркениетінің ұланғайыр кеңістігінде ежелден бастап-ақ гүлдене қанат жайған бұл мәдени үрдіс Қазақстанның қазіргі шекарасымен ғана шектелмесе керек. Еуразияның Ұлы даласында қым-қиғаш із тастап, оны арлы да берлі тынымсыз шарлаған, үш мың жыл бойы көші-қон күн кешкен көшпелілер сол өмір, салт-дәстүр, тұрмыс-тіршілігіне орай төлтума өнер мен мәдениеті қалыптасқан.,
Шараға Е.Сиқымов атындағы орта мектеп – интернатының тарих пәнінің ұстазы Сүлейменов Қайрат Асанұлы, мектеп кітапханашысы Мансурова Жазира, аудандық жастар ресурстары орталығының маманы, Алғабас Еламан және 10 сынып оқушылары қатысты. Сұхбат барысында тарих пәнінің ұстазы, Қайрат Асанұлы қонақтарға тақырып төңірегінде көптеген мағлұматтар жайлы айтып біраз мысалдар келтірді. Мақаланың аты айтып тұрғандай, негізгі бөлім Ұлы даланың жеті қырын айқындап береді. Оның ішінде жеті қазынамыздың бірі жылқыға ерекше мән беріліп отырғаны адамдарды ойландырады. Жылқының қолға үйретілуі атқа мінуі мәдениетінің де негізін қалады. Бес қаруын асынған салт атты сарбаз айбарлы көшпенділер империялары тарих сахнасына шыққан дәуірдің символына айналды.Ұлы дала халқы металл өндіру мен терең тарихымен мақтана алады. Сондай-ақ, Түркі әлемінің бесігі болып, Еуропа мен Азияны жалғаған Қазақстан Ұлы Жібек жолын жаңғыртуды да көздеп отыр. Қазақ даласының сулы, нулы табиғаты да елеусіз қалмады. Әлемдік өркениет көшіне ұлттық сипатыңды сақтай отыра ілесу Елбасы мақаласының негізі өзегі болып табылады. Осындай игі бастамаға атсалысу — әрқайсымызға қастерлі міндетіміз. Шара соңында аудандық кітапхананың әдіскері Э.Дүйсекова қорытынды сөз алып қонақтарға болашақта Елбасымыз Н.Ә Назарбаевтың мақалаларын жүзеге асыру болашақ жастардың қолында екенін нақтырақ айтып берді..
Сұхбат алаңында оқушылар Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласы туралы жан-жақты мәлімет алып, маңызды ой түйіп, мақалада айтылған ой-пікірлерді әрі қарай жоғары дәрежеде, заманауи түрде жаңаша көзқараспен іске асырады деген ойдамыз.
Марал Қырқарбекова,
аудандық орталық кітапханасының библиографы.