Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына жыл сайынғы кезекті Жолдауын жолдады. Онда еліміздің экономикалық және әлеуметтік саясатының ең маңызды мақсаттары мен міндеттері айқындалды.

Президенттің жыл сайынғы Жолдаулары халқымыз үшін жасалынып жатқан игі іс, жаңа бастама. Сондай-ақ, бұл тәуелсіз еліміздің жаңаша бағытта дамып келе жатқанын айқындайтын маңызды құжат. Онда ел экономикасын алға жетелейтін негізгі салаларға басымдық берілді. Мәселен, бүгінгідей жаһандану заманында жасанды интеллект саласын дамыту мен цифрлық реформаларды жеделдету қажеттігін, қолданыстағы салалық ведомствоның негізінде Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігінің құрылатынын алға тартты.
Сонымен бірге ауылшаруашылығын дамытуға назар аудару қажеттігі аталып өтті. Айтуынша, бұл салаға тың серпін беру үшін мемлекет соңғы жылдары реформа жүргізіп жатыр. Қомақты қаражат бөлінуде. Биыл шаруаларды қолдауға 1 трлн. теңге бөлінді. Қажетті несиелер уақытылы берілді. Мұндай ауқымды қолдаулар бұрын-соңды елімізде болмаған. Бірақ, агроөнеркәсіптің орасан зор әлеуетін толық ашуға бұл шаралардың әзірге жеткіліксіз екені анық. Мәселе, қаражаттың көлемінде емес, ең бастысы – оны тиімді пайдалану қажет.
Бұған қоса, елдегі ауылшаруашылығы жерлерін бөлу тәсілін цифрландыру тапсырылды. Осыған орай жер қатынастарына қатысты заңсыздық пен қағазбастылықты жою, сол үшін ауылшаруашылығы жерлерін беру тәсілін түбегейлі өзгерту, жерді бөлуге қатысты шешімдер цифрлық форматта электронды конкурстар арқылы қабылдануға тиіс екені сараланды.
Мемлекет басшысы, сондай-ақ, елдегі су тапшылығы мәселесін қозғады. Бұл – жыл өткен сайын күрделі проблемаға айналып келеді. Президенттің сөзінше, соңғы екі жылда осы саланың институционалдық негізі қалыптастырылды. Атап айтқанда, Су кодексі қабылданып, арнайы министрлік құрылды. Сондықтан бұл мекеменің алдында ауқымды міндеттер тұр.
Қазіргі таңда суды есепке алу технологиясы әбден ескірген. Суды бөліп тарататын орындарда қазіргі заманға сай құрылғылар жоқ. Шын мәнінде, су – стратегиялық маңызы бар ресурс, сусыз өмір жоқ. Сол себепті бұл сала ұлттық цифрлық жаңғырту жұмысындағы басты бағыттардың бірі болуы тиіс екені тілге тиек етілді. Бұдан бөлек, су ресурстарының бірыңғай цифрлық платформасын жасау керектігі, онда жасанды интеллект негізінде жерүсті және жерасты сулары туралы мәлімет жинақталатыны, сондай-ақ, каналдардың, су қоймалары мен бөгеттердің жай-күйі жөнінде ақпарат болатыны назарға алынды. Жоба іске қосылғанда гидрогеология мониторингі, яғни, бақылау жұмысына қатысты мәселе толық шешімін таппақ.
«Бұл жұмыс Ұлттық су теңгерімін қалыптастыру ісімен қатар жүргізілуге тиіс. Бұл – ұзақ мерзімге арналған су саясатын жоспарлаудың аса маңызды тәсілі. Онсыз бұл салаға тиісті бақылау орнатып, инвестиция тарту мүмкін емес»,– деді Президент. Осыған байланысты Үкіметке су ресурстарын бірыңғай жасау міндеті жүктелді. Ендігі кезекте ел Басшысының тапсырмасын орындау негізінде жұмыс атқарылатын болады.
Ержан ШАҒЫЛБАЕВ
