
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында экономиканың орнықты дамуы үшін өңдеу өнеркәсібін ілгерілетудің маңыздылығын атап өтті. ҚСЗИ экономикалық саясатты талдау бөлімінің бас сарапшысы Әсел Әбен бұл қадамды елді шикізатқа тәуелділіктен арылтып, тұрақты өсімге бастайтын маңызды бағыт деп бағалады.
Сарапшының айтуынша, өңдеу секторының дамуы экономиканы әртараптандырып, шикізат бағасының ауытқуына тәуелділікті азайтады. «Сала бәсекеге қабілетті өнім шығаруға бағытталуы тиіс», – дейді ол.
Соңғы жылдары бұл бағытта оң серпін байқалады:
- Өңдеу өнеркәсібіндегі жалпы қосылған құн екі есеге артып, 17 трлн. теңгеге жетті;
- ЖІӨ-дегі үлесі – 12,4%;
- Өткен жылы 163 жаңа өндіріс орны ашылып, 12,5 мың тұрақты жұмыс орны құрылды.
2025 жылдың қаңтар-шілдесінде өндіріс көлемі өткен жылмен салыстырғанда 6,1%-ға өсті. Тамақ өнімдері (+9,2%), мұнай өңдеу (+8,6%) және машина жасау (+14%) салалары қарқын көрсетуде. Алты айда өңдеу өнеркәсібі экспорты 12,8 млрд. АҚШ долларына жетіп, ел экспортының үштен бірін құрады. Экспорт құрылымында машина жасау, химия және дайын металл бұйымдарының үлесі артқан.
Дегенмен, салада шешімін күтетін мәселелер бар. Қолдау шаралары әртүрлі институттар арқылы шашыраңқы жүзеге асып, кәсіпкерлерге түсініксіздік тудырады. Ағаш және жиһаз өндірісіндегі тоқырау, фармацевтикадағы баяу өсім, металлургияға шамадан тыс тәуелділік те өзекті түйткілдердің қатарында.
«Ұзақ мерзімді тұрақтылық үшін жоғары қосылған құны бар салаларды дамыту, проблемалық сегменттерді қолдау және шикізаттық шоғырлануды азайту қажет. Сонда ғана Қазақстан индустриялық дамыған елдер қатарына жақындайды», – деп қорытындылады Әсел Әбен.
«Жетісу-Ақпарат»
