
Мәжіліс депутаты Бақытжан Базарбек Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жолдауында айтылған бір палаталы Парламент құру туралы ұсынысына қатысты өз пікірін білдірді, – деп хабарлайды 7-su.kz ақпараттық порталы.
– Біріншіден, бұл заң шығару жүйесінің тиімділігін арттырады. Қазір Мәжіліс заңдарды қабылдап, кейін оны Сенатқа жібереді. Ал бір палаталы Парламент болған жағдайда заңдарды қабылдау үдерісі әлдеқайда жедел әрі тиімді болады, – деді ол.
Депутаттың айтуынша, мұндай өзгеріс бюджет қаржысын үнемдеуге де ықпал етеді.
– Бұл бюджеттік қаражатты үнемдеуге мүмкіндік береді. Үнемделген қаржы басқа да әлеуметтік мақсаттарға бағытталуы мүмкін. 2027 жылға дейін елімізде көптеген өзгерістер жүзеге асады. Оның барлығы республикалық референдум нәтижесіне байланысты анықталады, – деді Бақытжан Базарбек.
Мәжіліс депутаты Абзал Құспан да Президент Жолдауында көтерілген бастамаға қатысты пікір білдірді.
– Бұл – қоғамда бұрыннан талқыланып келе жатқан және бүгінгі күннің өзекті қажеттіліктеріне жауап беретін маңызды қадам, – деді ол.
Еске салсақ, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Парламент палаталарының бірлескен отырысында Қазақстанда бір палаталы Парламент құруды ұсынған болатын.
