Ауған соғысы ардагерлерімен кездесу

       Биыл Кеңес әскерінің ауған жерінен шығарылғанына — 30 жыл. Осыған орай,

04 ақпан күні «Е.Сиқымов атындағы орта мектебі, мектеп жанындағы интернатымен» КММ-де 7-11 сыныптар арасында «Ерлік пен бірлік» атты тақырыпта ауған соғысы жауынгер-интернационалистермен кездесу өтті.

      Кештің басты мақсаты өз Отанына шексіз берілген, патриоттық рухы жоғары, қайсар жауынгер ағалардың ерлігін үлгі ету, Ауған соғысында опат болған жауынгерлердің рухына тағзым етуге, есімдерін қастерлеуге тәрбиелеу, оқушыларға патриоттық тәрбие беру. 10 жылға созылған ауған жеріндегі майданға 22 269 қазақстандық аттанса, оның 924-і қаза тапқан. 1015-і әр түрлі деңгейдегі жарақат алып, 21 жауынгер із-түссіз кеткен. Осындай батырлық пен қаһармандықтың үлгiсiн көрсетiп, жат жерде өшпес ерлiк жасап, соғыс даласынан қайтпай қалған жауынгерлер рухына тағзым ете отырып, қайтпас қайсар ұл тəрбиелеген ақ жаулықты аналардың алдында басымызды иемiз. Күні кеше соғыс даласындағы қантөгісті 17-18 жасында, яғни бозбала шағында көрген жастар бүгін ардагер атанып ортамызда жүр. Елге олардың бірі денсаулығынан айрылып оралса, ал бірінің денесі табытпен қайтты.Олардың рухына тағзым ету, ал басы аман, бауыры бүтін көзі тірілеріне құрмет көрсету- ұрпақ парызы. Кездесу кешіне от пен оқтың арасынан аман-есен елге оралған ержүрек азаматтар Оспанов Мұрат, Есімов Оралхан,Каримов Нартай қадірменді қонақтарымыз болды. Қазақстан Республикасының гимні ойналып болғаннан кейін оқушылар мен ардагерлер Ауған соғысында қайтыс болған жауынгерлерді үнсіздік сәтімен еске алды. Шара барысында оқушылар өздерін  қызықтырған сауалдарға жауап алды. Ауған жауынгерлеріне арналған өлеңдер оқыды. Өнерлі жасымыз Серікқызы Сабина «Сарбаздар» әнін, музыка пәнінің мұғалімі Мұхамадиев Серік «Қош-Қош елім» және «Алға қазақ жігіттері» атты рухты өрлетер əндерін шарықтата шырқады. Мектеп директоры Рахат Нығметбекқызы мектеп ұжымы атынан алғыс айтып, жақсы тілегін білдірді. Барлығы жиналып естелік суретке түсті. Кеш оқушылар үшін үлкен тәрбиелік мәнге ие болды. Бұл кездесу олардың бойында патриоттық сезімді оятып, Ауған соғысында опат болған батырлардың есімдерін қастерлеуге шақырды.

«Е. Сиқымов атындағы орта мектебі,
мектеп жанындағы интернатымен» КММ-нің
директордың тәрбие жөніндегі орынбасары,
«Шоңай батыр»БПҰ-ның мүшесі
Гүлжан Мейрамғалиқызы

Мәліметпен бөлісу: