
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Парламент палаталарының бірлескен отырысында жариялаған Жолдауында Алатау сити жобасының болашағына тоқталып, оның мәртебесі мен дамуы жөнінде нақты тапсырмалар берді, – деп хабарлайды 7-su.kz ақпараттық порталы.
Президенттің айтуынша, Алатау сити Үкіметке тікелей бағынатын ерекше құқықтық мәртебеге ие болады. Бұл мәртебе жобаның қағаз жүзінде қалып қоймай, нақты іске асуына мүмкіндік беретін маңызды құрал болмақ.
«Алатау сити өңірдегі толық цифрландырылған алғашқы қалаға айналуы тиіс. Қала болашақ Қазақстанның бейнесін білдіретін символ болады, мұнда технологиялық даму мен жайлы өмір сүруге арналған орта үйлесім табуы қажет», – деді Мемлекет басшысы.
Сонымен қатар Тоқаев ерекше құқықтық мәртебе артықшылық емес, қажетті шара екенін баса айтты. Ол қаланың заманауи технологиялық орталық ретінде дамуына жол ашатын тетіктердің бірі болатынын жеткізді.
Алатау сити «смарт-сити» технологияларын кеңінен қолданатын, тұрғындарға тауар мен қызметті криптовалюта арқылы төлеуге дейінгі барлық цифрлық мүмкіндіктерді ұсынатын үлгілі мегаполис ретінде қалыптасуы тиіс. Президент бұл жобаның Қазақстандағы урбанистикалық және технологиялық дамудың жаңа кезеңін бастауға үлес қосатынын атап өтті.
Сарапшылардың пікірінше, жаңа қала инновацияны тартуға, ІТ-секторды дамытуға және өңірлік экономикаға серпін беруге бағытталған. Жоба толық іске асқанда, ол еліміздегі ең заманауи әрі тұрғындарға қолайлы өмір сүру ортасын ұсынатын қалаға айналады деп күтілуде.
