
Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа жолдауында азық-түлік нарығында шетелдік өнімдердің басым екенін атап өтіп, мұндай ахуалды «ұят» деп бағалады, – деп хабарлайды 7-su.kz ақпараттық порталы.
Оның айтуынша, Үкіметтің негізгі міндеті – ішкі нарықты отандық тауарлармен толықтыру және экспортты дамыту.
«100% өзін-өзі қамтамасыз ету мүмкін емес және оған ұмтылудың қажеті жоқ. Бірақ қазіргі жағдай – ұят нәрсе. Дәстүрлі ұлттық өнімдерді шетел нарығына белсенді түрде ілгерілетуіміз керек. Сол үшін логистика, ветеринарлық және эпидемиологиялық талаптарды ескере отырып, аграрлық экспорттың нақты жоспары жасалуы тиіс. Бұған қоса, сауатты маркетингтік стратегия қажет. Бұл тек Ауыл шаруашылығы министрлігінің ғана емес, бірнеше мемлекеттік органның ортақ міндеті, сондықтан үкімет деңгейінде үйлестіру қажет», – деді Мемлекет басшысы.
Сонымен қатар ол Еуразиялық экономикалық одақ аясында Қазақстанның ұстанымын күшейту қажеттігін айтты.
«Үкімет ЕАЭО-дағы сауданы дамытуда әділ шарттарды табанды түрде талап етуге тиіс. Ал депутаттар заңнамалық бастамалар арқылы отандық өндірушілердің құқығын қорғауы қажет. Қазір қазақстандық кәсіпкерлер одаққа мүше өзге елдердің компанияларымен салыстырғанда мемлекеттік қолдауды толық көлемде алмай отыр. Соның салдарынан тиімсіз жағдайда қалып, өз нарығын бәсекелестерге беруге мәжбүр. Әсіресе бұл сүт өндірушілерге қатысты», – деп түйіндеді Тоқаев.
