
Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында көлік-логистика саласын одан әрі дамыту қажет екенін атап өтті, – деп хабарлайды 7-su.kz ақпараттық порталы.
– Көлік-логистиканы дамыту – стратегиялық маңызды мәселе. Еліміз Еуропа мен Азияны жалғап тұрған аса маңызды көпір саналады. Былтыр Қазақстан арқылы жүк тасымалы 1 миллиард тоннадан асты. Дегенмен транзиттік әлеуетті арттыруға әлі де зор мүмкіндік бар. «Солтүстік – Оңтүстік» дәлізі Парсы шығанағы мен Оңтүстік Азия нарығына жол ашады. Ал «Шығыс – Батыс» бағыты мен Қытайдың «Бір белдеу, Бір жол» бастамасы еліміздің Еуразиядағы негізгі құрлық жолы ретіндегі рөлін күшейте түседі. Транскаспий бағытын дамытудың да маңызы артып келеді. Бұл бағыттар біртұтас жүйе ретінде жұмыс істеп, елге табыс әкеліп, инфрақұрылымға жаңа инвестиция тартуға, сапалы жұмыс орындарын ашуға ықпал етуі тиіс. Осы орайда цифрлық технологияларды кеңінен қолданған жөн. Онсыз тиімділік болмайды, – деді Президент.
Мемлекет басшысы өңірлердің көлік байланысын күшейтуге ерекше назар аудару қажет екенін айтты.
– Жуырда Вьетнамға Қытайдың Ляньюньган порты арқылы бидайдың алғашқы легі жөнелтілді. Сондай-ақ Ауғанстанда Пәкістан нарығына шығатын «Тургунди – Герат» теміржолын салу жоспарда бар. Бірақ жаңа бағыттарға жол ашатын мүмкіндіктер мұнымен шектелмейді. Әлемде транзит үшін бәсеке күшейіп келеді. Басқа арзан балама жолдар ұсынылуда. Сондықтан біз әрдайым алдын ала әрекет етіп, бір қадам алда болуымыз керек. Инфрақұрылымды жаңғыртуды жалғастырып, жасанды интеллектіні кеңінен енгізген дұрыс, – деді ол.
Президенттің айтуынша, биыл ұзындығы 836 шақырым болатын «Достық – Мойынты» теміржолының екінші желісі іске қосылады.
– Бұл жобаны өз күшімізбен қысқа мерзімде жүзеге асырдық. Жолдың маңызы зор, себебі «Шығыс – Батыс» бағытының өткізу мүмкіндігін едәуір арттырады. Бірақ мұнымен шектелмеуіміз керек. Үкімет «Бақты – Аягөз», «Қызылжар – Мойынты» жобаларын уақытылы орындауға тиіс. Бұл теміржол жүйесінің толық қаңқасын қалыптастыру үшін қажет, – деді Тоқаев.
