Президент: «Салықтан түскен әр теңге халықтың игілігіне жұмсалуға тиіс»

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Парламент палаталарының бірлескен отырысында жасаған Жолдауында салықтық әкімшілендіруді түбегейлі жаңғырту қажеттігін айтты. Президенттің сөзінше, цифрландыру ісінде жетістіктер болғанымен, әлі де бюрократиялық кедергілер бизнеске салмақ түсіруде, – деп хабарлайды 7-su.kz ақпараттық порталы.
«Біз азаматтарға көрсетілетін мемлекеттік қызметтерді цифрландыру ісінде зор жетістікке жеттік. Бірақ бюрократиялық рәсімдер әлі күнге дейін бизнеске кедергі болып отыр. Цифрландыру ісінің мақсаты әлі орындалған жоқ. Бұл ахуалды шұғыл түзеу керек», – деді Тоқаев.
Мемлекет басшысы ең алдымен салықтық әкімшілендіруді жетілдіру қажет екенін атап өтті. Мемлекеттік кірістер комитеті цифрландыру процесінде жетекші рөл атқарып, жасанды интеллект пен озық технологияларды салық төлеушілердің мүддесіне тиімді пайдалана білуі тиіс.
«Жаңа Салық кодексі тек нормалар мен рәсімдерді өзгертумен шектелмеуі керек. Бұл құжат салық төлеушілердің ашықтық пен адалдыққа негізделген жаңа мәдениетін қалыптастыруы тиіс. Мемлекет адал жұмыс істейтін салық төлеушілердің мүддесін қорғайды. Олардың адал еңбегінен түскен салықты елімізді дамытуға жұмсайды. Салықтан түскен әр теңге халықтың игілігіне жұмсалуға тиіс», – деп баса айтты Президент.
Тоқаевтың айтуынша, салықтан түскен қаржы азаматтарға сапалы мемлекеттік қызмет көрсетіп, инфрақұрылым тұрғызуға және қолдау шараларын іске асыруға бағытталуы шарт. Бұл мемлекет пен бизнес арасындағы қарым-қатынастың сервистік жаңа үлгісін қалыптастыруға жол ашады.
Сондай-ақ Президент даму институттарының қызметін жетілдіру қажеттігін тілге тиек етті.
«Даму институттары кәсіпкерлердің белсенділігін арттыру ісінде айрықша рөл атқаруға тиіс. Бірақ олардың жұмысында біраз кемшілік бар. Шын мәнінде, бұл құрылымдар нақты бір салаға бағытталған, терең талдау жасай алатын әрі инвестиция салуға құқылы толыққанды институт ретінде жұмыс істеуі қажет», – деді Мемлекет басшысы.
Сарапшылардың пікірінше, Президенттің бұл бастамалары салық жүйесін әділ әрі ашық етуге, мемлекеттік қызмет көрсетуді жаңа деңгейге көтеруге және кәсіпкерлікті дамытуға серпін бермек.

Мәліметпен бөлісу: