Су мәселесі – ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ететін басты фактордың бірі – Президент

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бүгінгі Жолдауында Үкіметке су ресурстарының бірыңғай цифрлық платформасын әзірлеуді тапсырды, – деп хабарлайды 7-su.kz ақпараттық порталы.
Оның айтуынша, бұл сала ұлттық цифрлық жаңғырудағы негізгі бағыттардың біріне айналуы қажет.
– Су мәселесін шешу – әлеуметтік тұрақтылықты сақтап, экономиканы дамытудың кепілі. Бұл – ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ететін басты фактордың бірі. Соңғы екі жылда осы саланың институционалдық негізі қалыптасты: Су кодексі қабылданып, арнайы министрлік құрылды. Бірақ мұнымен шектелмей, жүйелі әрі жан-жақты жұмыс жүргізу қажет. Кәсіби кадрларды даярлап, су дипломатиясымен айналысатын мамандарды әзірлеу маңызды, – деді Мемлекет басшысы.
Президенттің сөзінше, қазір құзырлы органдарда еліміздегі су ресурстарының нақты көлемі жөнінде толық мәлімет жоқ. Кейбір каналдарда судың 50-60 пайызы ысырап болып жатыр. Суды есепке алу технологиясы ескірген, ал бөлу және тарату орындарында заманауи құрылғылар жеткіліксіз.
– Су – стратегиялық маңызы бар ресурс, сусыз өмір жоқ. Сондықтан су ресурстарының бірыңғай цифрлық платформасын жасау қажет. Платформада жасанды интеллект негізінде жерүсті және жерасты сулары туралы мәліметтер жинақталады. Сондай-ақ каналдардың, су қоймалары мен бөгеттердің жай-күйі жөніндегі ақпарат қамтылады. Жоба іске қосылғанда гидрогеология мониторингі толық шешімін табады. Бұл жұмыс Ұлттық су теңгерімін қалыптастыру ісімен қатар жүруі тиіс. Онсыз салаға бақылау орнатып, инвестиция тарту мүмкін емес, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мәліметпен бөлісу: