Тоқаев: «Жастар үшін патриотизмнің басты көрсеткіші – жасампаздық пен жаңашылдық»

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Жолдауында қазіргі жас буынның патриотизмге деген көзқарасы түбегейлі өзгеріп келе жатқанын атап өтті. Президент жастардың отаншылдықты жаңа қырынан түсінуі – қоғам дамуының маңызды белгісі екенін айтты, – деп хабарлайды 7-su.kz ақпараттық порталы.
«Қазіргі көкірегі ояу жас ұрпақ отаншылдық деген сөзді басқаша қабылдайды. Жастардың басым көпшілігі әсіредіншілдікті, әсіреұлтшылдықты қолдамайды. Олар үшін патриотизмнің басты көрсеткіші – жасампаздық пен жаңашылдық», – деді Мемлекет басшысы.
Президенттің сөзінше, бүгінгі жас ұрпақ «Елді сүю – халыққа пайдасы тиетін жаңалық ашу, жаңа іс бастау» деп түсінеді. Олар заманауи технологияларды меңгеріп, Қазақстанды дамыған, көркейген мемлекет ретінде көруге ұмтылады.
Тоқаев жастардың бойындағы патриотизмді болашаққа деген шынайы ұмтылыс деп бағалап, олардың күш-жігеріне, дарыны мен біліміне сенім артатынын жеткізді.
«Біз ғылым-білімге ұмтылған, елін-жерін көркейтуді ойлаған жастарға әрдайым жан-жақты қолдау көрсетеміз. Қолға алған ауқымды жұмыстың бәрі – жастардың жарқын болашағы үшін. Өскелең ұрпақ ертең соның игілігін көреді, оны еселеп, лайықты жалғастырады», – деді Президент.
Сонымен қатар Тоқаев бүгінгі өзгерістерге бейімделгіш жастардың жасанды интеллект дәуірінде көш бастап, озық ойлы ұлттың іргетасын қалауға дайын екенін атап өтті.
Президент Абайдың «Адамның адамшылығы ақыл, ғылым, жақсы ата, жақсы ана, жақсы құрбы, жақсы ұстаздан болады» деген сөзін мысалға алып, әділ заң мен білікті билікке сүйенген қоғам ғана өркениетке жететінін айтты.
«Мемлекет деңгейінде қабылданған әрбір шешім халықтың тұрмысын жақсарту, экономиканы тұрақтандыру және әлеуметтік әділдік орнату мақсатымен өлшенуі тиіс. Сонда біз жаңа тұрпатты, мықты ел боламыз», – деді Мемлекет басшысы.
Президент Қазақстан жан-жақты реформалар нәтижесінде дамудың даңғыл жолына түсіп келе жатқанын, алда қарқынды жұмыс күтіп тұрғанын, басты мақсат – бағдардан айнымай, алға жылжу екенін баса айтты.

Мәліметпен бөлісу: