
1995 жылдың 30 тамызында бүкілхалықтық референдум нәтижесінде қабылданған Қазақстан Республикасының Конституциясына биыл 30 жыл толып отыр. Елдің басты құқықтық құжаты тәуелсіз мемлекет тарихында айрықша орын алып, қоғамдық-саяси жүйенің тұрақтылығы мен даму бағдарын айқындап берді.
Ресми мәліметке сүйенсек, 1995 жылғы Констиутциялық референдумға 8 миллионнан астам адам қатысты, соның 90 пайызы қолдап, дауыс берді. Бұл қазақстандықтардың демократиялық жолмен елдің болашағына шешім қабылдауға атсалысқанын көрсетеді. Сол сәттен бастап Конституция мемлекеттік биліктің құрылымын, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғаудың басты кепіліне айналды.
30 жыл ішінде Қазақстанның Негізгі заңы бірнеше рет толықтырулар мен өзгерістерге ұшырады. 2007, 2011, 2017 жылдардағы реформалар саяси жүйені жетілдіруге бағытталса, 2022 жылғы референдум халық билігінің жаңа кезеңін айқындады. Соның нәтижесінде Конституцияның 30-ға жуық бабына өзгеріс енгізіліп, елдегі билік тармақтарының теңгерімі күшейтілді, Парламенттің рөлі артты, Конституциялық сот қайта құрылды. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бұл өзгерістерді «Жаңа Қазақстанның негізін қалау» деп атап, елдің саяси жаңғыру бағытын айқындады.
Мемлекет басшысы өз Жолдауларында Конституцияның мәнін үнемі атап өтіп келеді. «Ата Заң – халықтың мүддесін қорғап, елдің бірлігін қамтамасыз ететін басты құжат. Оған адалдық – әрбір азаматтың парызы» деген сөздері қоғамда үлкен қолдау тапты.
Сарапшылардың пікірінше, 30 жылдық тәжірибе Қазақстан Конституциясының тұрақтылықтың тірегі екенін дәлелдеді. Құқықтанушы ғалымдардың дерегінше, қазіргі Конституцияның басты артықшылығы – адам мен азамат құқығын мемлекет саясатының өзегіне айналдыруында. Бүгінде Қазақстан әлемдік құқықтық кеңістікте танылған, халықаралық нормаларға сәйкес заңнамалық базаға ие ел ретінде мойындалып отыр.
Ата Заң – Қазақстан тарихындағы ең басты құндылықтардың бірі. Ол елдің демократиялық жолын, құқықтық мемлекеттілігін және азаматтық қоғамын қалыптастыруға мүмкіндік берді. Өткен 30 жыл оның өміршеңдігін дәлелдеді, ал келер күндерде ол ұрпаққа әділетті қоғам құрудың темірқазығы болмақ.
«Жетісу-Ақпарат»
