
2025 жылы Қазақстан Республикасы 1995 жылғы 30 тамызда бүкілхалықтық референдумда қабылданған Конституцияның 30 жылдығын атап өтеді. Аталған құжат тәуелсіз мемлекеттің берік іргетасына айналды және саяси жүйенің тұрақты эволюциясын қамтамасыз етті. Бұл еліміздің тарихындағы аса маңызды белес әрі тәуелсіздіктің тұғыры мен заң үстемдігінің кепілі саналатын құжаттың үш онжылдықтағы рөлін бағамдайтын кезең.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өз сөзінде негізгі Заңды құрметтеу және мүлтіксіз сақтау – бұл жоғары азаматтық жауапкершілік пен шынайы патриотизмнің жарқын көрінісі. Конституцияның тұрақты құндылықтарына сүйене отырып, біз баршаға бірдей мүмкіндік беретін мемлекет құратынымызға сенімдімін деп атап өтті. Президенттің бұл сөздері Конституцияның демократия, азаматтық құқықтар мен ұлттық бірліктің кепілі ретіндегі негізгі рөлін көрсетеді.
Конституцияны қабылдау арқылы елдің мемлекеттік құрылымы анықталды. Сонымен қатар заңды түрде азаматтардың құқықтары мен бостандықтары бекітіліп, билік тармақтарының арасында тепе-теңдік орнады.
ҚР Конституциясының негізгі қағидаттарына мыналар жатады:
- Тәуелсіздік, демократиялық, құқықтық және зайырлы мемлекет;
- Заңның үстемдігі және адам құқықтары;
- Биліктің заң шығарушы, атқарушы және сот тармақтары арасында бөлінуі;
- Қазақстанның бірлігі мен аумақтық тұтастығы.
Бұл қағидаттар мемлекеттің саяси және экономикалық трансформациясының негізі боп саналады. Конституция қоғамдық өзгерістерге бейімделе отырып, бірге дамыды. Атап айтқанда 1998, 2007 және 2022 жылдары маңызды түзетулер енгізілді. 2022 жылғы референдумда халықтың тікелей дауыс беруімен Конституцияға елеулі өзгерістер енгізіліп, «Жаңа Қазақстан» тұжырымдамасының құқықтық негізі қаланды.
Конституцияның 30 жылдығы — бұл тек мереке емес, сонымен бірге болашақ мақсаттарға көз салатын уақыт. Президент әрбір азаматтың конституциялық қағидаттарды сақтауы мен саналы түрде түсінуі маңызды екенін атап көрсетеді.
Қазақстан Конституциясы жай ғана заңды келісім емес, бұл азаматтарды біріктіретін, мемлекеттік саясатты айқындайтын және болашақ ұрпақ үшін тұрақты құқықтық негіз қалыптастыратын құжат. Қорыта келгенде Конституция — елдің құқықтық тірегі. Оны сақтау — тек заң талабы емес, сонымен қатар ортақ келісім мен әділетті қоғамның кепілі.
Жетісу облысы Әділет департаментінің құқықтық түсіндіру және заңгерлік қызмет көрсету бөлімінің бас маманы А.Н.Амирханова
