АТА ЗАҢ – ТӘУЕЛСІЗДІК ТІРЕГІ

Биыл Қазақстан Республика-сының Конституциясына 30 жыл толып отыр.
Бұл – мемлекетіміздің қалып-тасуындағы аса маңызды тарихи белес. 1995 жылы 30 тамызда жалпыхалықтық референдум арқылы қабылданған Конституция Тәуелсіз Қазақстанның негізгі заңы ретінде ел дамуындағы жаңа кезеңнің бастауы болды.
Ата Заң – ел тәуелсіздігінің берік тұғыры, азаматтардың құқықтары мен бостан-дықтарының кепілі. Конституцияда мемлекеттің құрылымы, басқару жүйесі, азаматтардың құқықтық мәртебесі, заң үстемдігі мен билік тармақтарының өзара қатынасы айқын белгіленген. Бұл құжат – әрбір қазақстандықтың құқықтары мен еркіндіктерін қорғауға бағытталған басты құқықтық негіз.
Конституцияда «Мемлекеттік биліктің бірден-бір бастауы — халық» деп нақты жазылған. Бұл қағида елімізде демократиялық принциптердің орныққанын білдіреді. Сондай-ақ, Ата Заңымызда Қазақстан Республикасы өзін зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет деп жариялаған. Осы ұстанымдар еліміздің ішкі тұрақтылығы мен заңдылықты қамтамасыз етудің мызғымас негізі болып табылады.
30 жыл ішінде Конституцияның арқасында елімізде саяси және экономикалық реформалар жүзеге асырылды, құқықтық мемлекет қағидалары нығайды, сот жүйесі мен құқық қорғау саласында үлкен өзгерістер орын алды.
Прокуратура органдары да осы жылдар аралығында азаматтардың құқықтарын қорғау, заңдылықты сақтау және әділдік принциптерін жүзеге асыруда маңызды рөл атқарып келеді.
Аудан прокуратурасы өз қызметінде Конституцияда көрсетілген нормалар мен қағидаларды басшылыққа ала отырып, азаматтардың заңды мүдделерін қорғауды басты мақсат санайды.
Әрбір прокурор үшін Конституция – кәсіби қызметінің темірқазығы.
Ата Заңымыздың 30 жылдығы – тек тарихи күн ғана емес, сонымен қатар өткенге шолу жасап, болашаққа бағдар жасауға мүмкіндік беретін маңызды кезең. Осы мерейлі күнде әрбір қазақстандық Ата Заңға деген құрметін арттырып, оны терең түсініп, сақтауға үлес қосуы тиіс.
Тәуелсіздігіміз баянды, Ата Заңымыз айбынды болсын!

Д.ТҰРСЫНОВ,
Ақсу ауданының прокуроры, аға әділет кеңесшісі.

Мәліметпен бөлісу: