
Ата-бабамыз төрт түліктің ішінде жылқы малын жан серігіне балаған. Оған айғақ аз емес. Әріден мысал іздесек, атақты «Батырлар жырында» басқа мал түрін байлығы мен берекесінің бастауы ретінде анда-санда атап өтсе, Алпамыстың Байшұбары, Қобыландының Тайбурылы, Қамбар батырдың Қарақасқасы елі мен жерін жаудан қорғауда батырлармен бірге танымал тұлпарға айналады. Қасиетті Қамбар ата түлігі арымайтын арғымақ, шашасына шаң жұқпас жүйрік қана емес, қысылған сәтте баһадүрге ақылшы, тапқыр көмекші ретінде де сенімді суреттеледі.
Бұл басқа түлік түрлерінен жылқы малының сезімтал, ақылдылығын да аңғартса керек. Неше түрлі зұлматтан аман қалған еліміздің есінде ат дүбірі, кең-байтақ жерімізде тұлпар түліктің өшпес ізі жатыр. Ертедегі қазақ хандары жаугершілік заманда қолбасшыларынан жауынгерлерін қалтқысыз жаттықтырумен қатар мініс аттарын баппен жаратуды, соғысқа әзірлеуді қатаң талап еткен. Ақ патшамен арыстанша алысып өткен қазақтың соңғы ханы Кенесары да арымас арғымағымен күші басым жауын сайын далада сан рет сан соқтырғанын ерекше рухпен еске алсақ артық емес.
Айта берсек, кешегі кеңес кезінде де жылқы малы қазақпен бірге көп қиянат көріпті. Өйткені, басқа жұрт, келімсек билеушілер оның етін жемейтін, сүтін ішпейтін. Мысалы, 1916 жылы қазақ жерінде 4 миллион 340 мың жылқы болса, оның саны жыл санап кеми берген. 1941 жылы 896 мыңға дейін азайған. Есесіне шошқа саны еселеп өсіп, 1980 жылы 3 миллион 96 мыңнан асыпты. Бұл жылғы есеппен Қазақстандағы жылқы саны 1 миллион 254 мыңнан сәл-ақ асады.
Қазақстан Республикасы тәуелсіздік алғаннан бері елімізде жылқы өсіру шаруашылығы қайта өркен жайды деп батыл айта аламыз. Бұған түрткі болған жайлар – ұлттық ат спортының жандануы, жылқы еті мен сүтіне, қымызына сұраныстың артуы. Алқалы жиын, аламан бәйгелерде таңдаулы тұлпарын жарысқа қосып, бағын сынайтын атқұмар азаматтар қатары көбейді. Олар қылаң бермес асыл текті қылқұйрықтарды шетелдерден әкелуде.
Қазір ғалымдардың сараптауынша, елімізде жылқының 14 түрлі тұқымы өсіріледі екен. Олардың арасында Қазақстанға кең тарағаны және таза қанды асыл текті ағылшынның, арабтың міністік, түрікменнің арғымақ тектес ақалтекесі және Қостанайдың арбаға жүретін, міністік жылқылары. Бұдан басқа, өнімдік бағыттағы батыс қазақ-стандық көшім, адай, Ақтөбе облысындағы «Мұғалжар» ЖШС-де өсірілетін мұғалжар тұқымы, еліміздің аумағында кең тараған қазақтың жабы жылқысының саны жылдан-жылға көбеюде. Көп болмаса да тұқымдық түрлерінің қатарында Ресейде шығарылған жаңа алтай, қырғыздың жаңа қарабайыр тұқымы да бар. Дон жылқысы елімізде кең тараған деуге болады.
Республикамыздағы өнім өндірумен шұғылданатын жылқы шаруашылықтарында соңғы жылдарда жүргізілген асыл тұқымды мал өсіру жұмысы ауыр салмақты мұғалжар, Көшім тұқымдас айғырларды жабы биелерімен будандастыру жолымен алынған мейлінше ірі, етті және сүт өнімділігі мол, қазысы мен жал-жаясы қалың жылқылар бағуға бет бұрған. Жергілікті міністік жылқы тұқымын жақсарту, сондай-ақ ұлттық ат спорты ойыны түрлерін дамыту мақсатында тегіс жерлерде өткізілетін бәйге жарыстарына арналып Алматы, Жамбыл және Қостанай облыстарында таза қанды мініс тұқымдары көбейтілуде. Таза қанды дон жылқысы Жамбыл облысындағы Т. Рысқұлов ауданында жерсіндірілген. Қарағанды облысындағы «Жеңіс» АҚ-ның жабы жылқысының үйірлері де тұқым тазалығымен ерекшеленеді.
Мұндай жылқы тұқымын асылдандырумен шұғылданатын шаруашылықтар біздің облыста да аз емес. Бір ғана Панфилов ауданында қазір төрт бірдей қожалық асыл тұқымды жабы және мұғалжар жылқысын өсіретін шаруашылық деген атаққа ие. Атап айтар болсақ, Сарыбел ауылдық округіндегі Бақтияр Құнахуновтың «Ұлы Жібек жолы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің мыңға жуық жылқысының 249-ы асыл тұқымды жылқы санатында. Сол сияқты Мұрат Әубәкіровтің «Амангелді» ЖШС-да 482 бас асыл тұқымды жабы жылқысы өсірілуде. Олжас Жапарқұлдың «ОТ агро холдингінде» мың басқа жуық асыл тұқымды жылқы бар. Берік Зейнелұлының «Оразбаев» ЖШҚ асыл тұқымды жылқы санын 1500-ден асырды. Панфилов ауданында жалпы 16 мыңнан астам жылқы шаруа қожалықтарына тиесілі, 7414 бас Қамбар ата тұқымын өңір тұрғындары жеке үй-жайында, бордақылау алаңдарында бағып келеді. Бұдан басқа, 2128 жылқы ауыл шаруашылық кәсіпорындарының еншісінде.
– Ауданымызда будандастырылған және таза тұқымды мал шаруашылығы және малдәрігерлік ғылыми-зерттеу орталығының ғалым мамандарымен ұзақ жылдар бойы келісімшарт негізінде жұмыс жасап келеміз, – дейді Панфилов аудандық ауыл шаруашылық бөлімінің басшысы Ермек Қонақбаев. – Осындай ғылыми шаралардың нәтижесінде ірі қараның өнімдік бағыттағы «санта-гертруда» тұқымының қазір 10 мыңға жуығы өңірдегі асыл тұқымды мал өсіретін шаруашылықтарда бағылуда. Жаркент өңірінде жылқы шаруашылығы да жыл өткен сайын өркен жаюда. Бүгінде ауданда 25638 бас жылқы бар болса, соның 2 мыңнан астамы асыл тұқымды мал ретінде есепте тұр. Бұрын қасиетті Қамбар ата тұқымын асылдандырып, тектілеп ұстайтын үш шаруашылық болса, қазір олардың қатарына Көктал ауылдық округіндегі «Оразбаев» жеке шаруа қожалығы қосылды. Бұл қожалықтың басқалардан ерекшелігі тек жылқы емес, оған қосымша қой, ірі қара тұқымын асылдандыруға ден қоюы.
Тегінде, жылқы өзінің құрсақтасымен шатыспайтын, қан тазалығын қастерлейтін текті мал. Десек те, артта қалған кеңес кезінде жылқы тұқымын жақсарту, сүйегін ірілендіру, өнімділігін жоғарылату жұмыстары сирек жасалды. Сондықтан сол кездегі шаруашылықтардан мұра болып қалған жергілікті жылқылардың сүйегі ұсақталып, өнімділігі төмендеп кеткенін аңғару қиын емес.
Егемендік алған елімізде мал тұқымын асылдандыру жұмыстары қолға алынып, оған мемлекеттік қолдау көрсетіле басталысымен жылқы малының да бағы жанды десек болар. Біз жоғарыда атап айтқан асыл тұқымды жылқы өсіретін шаруашылықтар пайда болды. Бұл іске Жаркент өңірінде алдымен атсалысқан ағайынды Ермек, Бақыт Ыдырысовтар 2010 жылдары Ақтөбе жақтағы асыл тұқымды жылқы өсіретін шаруашылықтан 120 жабы жылқысын сатып әкеліп, Үлкенағаш ауылдық округінде «Нұрбек» ЖШҚ-ын құрды. Олар республикалық ғылыми зерттеу институтымен байланыс орнатып, ғалымдармен бірлесіп жұмыс жасап, нәтижесінде ҚР Ауылшаруашылық министрлігінен «Асыл тұқымды жабы жылқысын өсіретін шаруашылық» деген сертификат алуға қол жеткізді. Өкінішке, қарай, бұл шаруашылық кейіннен тоқырауға ұшырап, таратылды.
Аудандағы жан-жақты дамып келе жатқан «Ақбоз» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі бастапқыда Батыс Қазақстаннан асылдандырылған қазақы қой тұқымын өсіріп, бүгінде серіктестік атын «Амангелді» деп өзгертіп, жылқы шаруашылығымен шұғылдануда. Шаруашылықтың бастапқыда бәйге атының атымен аталуының өзі оның қожайындарының қыл құйрықты жүйріктерді ерекше қадірлейтінін аңғартпай ма?
Бұрынғы «Ақбоздың», қазіргі «Амангелді» ЖШС-ның қожайыны облысқа танымал кәсіпкер азамат Мұрат Әубәкіров. Оның серіктестігінде бүгінгі таңда 427 асыл тұқымды жылқы бар. Оның 160-ы құлындап тұрған биелер. Биыл Жаркент өңіріндегі жылқышылар жалпы орта есеппен әр жүз биеден 86-дан құлын өрбітсе, бұл жетістікке «Амангелді» қожалығының қосқан үлесі қомақты.
Асыл тұқымды мал мен егін шаруашылығын қатар өрістетіп отырған Көктал ауылдық округіндегі «Оразбай» ЖШҚ өңірдегі алдыңғы қатарлы өндіріс орындарының бірі. Бұл қожалық қазір қарауындағы 1500 асыл тұқымды ет бағытындағы санта-гертруда сиырын, 1500 «мұғалжар» асыл тұқымды жылқысын, мың бас қазақы биязы жүнді қойын, 700 бас еділбай асыл тұқымды қойын Іле өзенінің жағалауында қыстатып, жазда Жетісу Алатауының баурайындағы Бел жайлауында бағып келеді. Қолдағы түлік түрлерінің қыстауы мен төлдейтін маусымына молынан жететін жемшөп қорын жасайды. Қожалықтың мал бордақылайтын арнайы алаңдары да бар.
Әңгіме ауанынан ауытқымай жылқы шаруашылығының Жаркент өңіріндегі жай-күйінен зерделі ой өрбітсек, айтылар өзекті мәселе аз емес. Соның ең бастысы – тіршілігіміз нарық қатынасымен байланысты болғандықтан осынау түлік түрінің өсіруші шаруаға келтірер пайдасына келіп тірелері даусыз. Бұл тұрғыдан қарағанда көңіл демдері – қазы-қарта, жал-жая, етінің бағасы басқа түлік түрлерінің өніміне қарағанда қымбаттығы. Оның саумал сүті мен қымызы да кең қолданыстағы сиыр сүтінен әлдеқайда бағалы. Бүгінде Жаркент өңіріндегі мал базарларында табан қазы шығады дейтін семіз жылқының тірідей құны 750 мың теңгеден бір миллион теңгеге дейін көтерілді. Соңғы жылдары таза қанды бәйге аттарының да бағасы шетелдік автокөліктердің нарқымен теңескен сыңайлы.
Жылқы малының базардағы нарқының артуы қуанарлық жай. Бұл сала шаруашылығының өркендеуіне игі ықпалын тигізері сөзсіз. Соңғы жылдары халықтың қымыз ішуге құмары артты. Бір ғана Панфилов ауданында жыл сайын жазғы маусымда 15-16 мың литр қымыз сатылады екен. Осыдан оншақты жыл бұрын Талдықорған қаласында ұйымдастырылған қымызханалар қазір жергілікті жерлерде көбейе бастады. Панфилов ауданында бірнеше қымызхана тұрақты жұмыс істеп, халықты бал қымызбен сусындатып тұр.
Жаркент өңіріндегі қымызханалардың бәрі дерлік Алматы-Жаркент, Сарыөзек-Жаркент күре жолының бойына орналасқан. Бұлардың бәрінде тек қымыз ғана емес, басқа да ұлттық тағам түрлері ұсынылады.
Алматы-Қорғас тас жолының бойындағы Жаркент қаласына жақын қалың қарағаш өскен тоғайда соңғы ширек ғасырға жуық уақыттан бері бие байлап, жолаушыларды бал қымызбен сусындатып отырған Мейрамкүл әжені жұрт жақсы біледі. Баяғы кеңес кезеңінде Шолақайдағы «Бірлік» ұжымдық шаруашылығының 40 жыл қойын, 10 жыл жылқысын бағып, озат малшы атанған Төкен ағамыз бен Мейрамкүл апамыздың елге сіңірген еңбегі ерен екеніне де ауылдас ағайыннан ешкімнің дауы жоқ. Өкініштісі, Төкен қария ел тәуелсіздігін көрмей 1989 жылы өмірден озды. Бұғанасы әлі қатып үлгірмеген, бес баламен жесір қалған Мейрамкүл Мұқаева бар шаруаны өз қолына алып, ерінің ісін жалғастырған болатын.
Жастайынан жылқылы ауылдың қызы атанған ана үлкен ұлы Баратты өзіне көмекші етіп, шаруашылықтың өндірісі өрге баспай, іргесі ыдыраған сол тұста көп қиындық көрді. Ел ішінде жекеменшіктің желкені көтерілген шақта бар болсаң көре алмайтын, жоқ болсаң бере алмайтын ауылдас ағайын өздері көптен қыстау етіп келген осы Қарағаштағы қоражайды ұзақ жылғы адал еңбегінің өтеуіне лайықты үлесіне бермей біраз уақыт әуре-сарсаңға салғаны да бар. Ақыры 1994 жылы шаруашылықтан осы қора мен үйді, 30 гектар жайылым мен 9 гектар суармалы жерін алып, тұңғыш ұлы Бараттың атымен атап жеке шаруа қожалығын құрды.
Содан бері жаз болса көлеңкелі қарағаш тоғайына дастарқан жайып, қымызын сатып, қысқы маусымға жемшөбін әзірлеп, мал өсіріп келеді. Қазір жалпы шаруаны Барат басқарса, одан кейінгі ұлы Серік пен келіні Ғалия, үшінші баласы Бақыт тұрақты биебаудың басында. Бүгінде бұлардың сауатын жылқысының саны 20-ға жуықтады. Отызға жуық сиыры төлдеп тұр, бір отар қойы да бар.
Жасы сексеннің желкесіне шығып, бес баласынан немере, шөбере сүйіп отырған Мейрамкүл әже әлі тың. Кейде балаларына болысып, биелерді өзі сауады. Аудан орталығына жақын болған соң емге саумал ішуге, қонағына сапалы әзірленген қымыз алуға келетіндер саны көп. Бір сөзбен айтқанда Мейрамкүл әженің саудасы табысты, күнделікті тапқаны отбасының қажетіне жетіп артылады. Ақкөңіл, мейірімді ананың қаржыдан қысылып жүрген жанға қымыз бен саумалды әдеттегі бағадан арзандатып, тіпті қарызға беретінін де байқадық. Тынымсыз, ширақ жан сиырының сүті мен құрт, майын, айран, ірімшігін базарға апарып, өзі саудалап келеді. Қарағаштағы қымызханадағы қызу еңбек пен келушілерге көрсетілетін қалтқысыз қызметке Мейрамкүл әже осылайша ұйытқы болып жүр.
Осы күре жолдың бойындағы Жіңішке арал учаскесінде жылқы бағып, ауылдастары мен жолаушыларға бал қымыз ұсынып отырған Үшарал ауылдық округінің тұрғыны Батан Сатқанқұлов та қымыздан береке тапқан азамат. Күн сайын таңғы сағат 6-дан сауымдағы биелерін күнделеп, жары Жанар Саламатова оларды сауып, Жаркент қаласы мен іргелес ауылдардан келетіндерге саумалын ұсынып, саялы тал, қарағаш тоғайындағы киіз үйінде демалушы қонақтарын күтеді.
Қымызхананың жұмысы – жетелеп айтар жеке әңгіме. Бастысы, қасиетті Қамбар ата малы – жылқы өніміне сұраныстың өскендігі. Жылқы еті мен сүтінің құдіретін білмейтін қазақ аз шығар. Оны әлем қастерлейтін дәрежеге жеткізсек, қазақтың да мәртебесі өспей ме?!
Мырзағали Нұрсейіт
Панфилов ауданы
