
2025 жыл – «Жұмысшы мамандықтар жылы» болып жарияланғаны аян. Бұл бастама өндіріс пен құрылыс саласында тер төгіп жүрген еңбек адамының беделін көтеруді көздеп отыр. Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев «Біз жұмысшы мамандықтарын дәріптеу арқылы қоғамда еңбекқор және нағыз маман болу идеясын насихаттаймыз!» деп нақтылап айтқан. Осы орайда өткен жылы «Қазақстан Республикасының еңбек нарығын дамытудың 2024 — 2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы шеңберінде 2024 жылдың маусым айында, көп балалы отбасы ретінде, жаңа бизнес — идеяларды іске асыру үшін 400 АЕК – 1 572 800 теңге мемлекеттік грантты ұтып алып, дәнекерлеуші болып еңбек етіп келе жатқан Байділданов Ербол Қалиханұлы жайлы әңгімелемекпіз.
Ербол Қалиханұлы 1989 жылы Б.Сырттанов ауылында қарапайым жұмысшы отбасында дүниеге келіп, еңбекке ерте араласқан азамат.
Темір мен оттың тілін терең түсінуге бел буған бозбала 2004 — 2008 жылдары Жансүгіров ауылындағы кәсіптік — техникалық училищесінде білім алып, дәнекерлеуші мамандығын меңгереді. Сонымен қатар есепші куәлігін де осы арадан алған.

— Дәнекерлеуші – нағыз ер — азаматқа тән мамандық. Бұл кәсіпте тек қол мен аяқ қана емес, баспен де жұмыс істеуің керек. Темірге жан бітіру – қауіпті де күрделі іс. Өз жұмысыңа үлкен жауапкершілікпен қарап, өлшеп-пішіп, нақты шешім қабылдай білу – осы саланың басты талабының бірі.- дейді ерекше маман иесі Ербол Қалиханұлы.
Бұл кәсіпке бала кезінен қызыққан Ерекең бұрын да темірлерді дәнекерлеп, қолдан келгенше өз үйінің айналасын қоршап, ағайын – туысқа көмектесіп жүретін. Грантты ұтып алғаннан кейін қажетті материалдардың барлығын сатып алып, шындап кірісті. Ол темір кесетін балгарка, жаңа моделдегі электр дәнекерлеуші аппарат, оған қажетті темір щетка, т.б. заттарды өзі таңдап жүріп сатып алды. Қазіргі таңда өз үйінің алдынан жұмыс орнын ашып алып, әдемі қақпалар, тапшандар, балалар ойнайтын әткеншектер, сұраныс болып жатса қайтыс болған ауылдастарының зираттарын қолжетімді бағада жасап беріп ел алғысына бөленуде. Өзінің еңбекқорлығымен, тиянақтылығымен көзге түсіп, қарапайым жұмысшы бола жүріп үлкен құрметке ие болған маманның еңбек жолы бүгінде жастарға үлгі.
Қазіргі таңда ол өмірлік жары Ахметова Әсем Сейтханқызымен бірге үш қыз, бір ұл тәрбиелеп отырған өнегелі отбасы иесі. Көп балалы отбасын асырау үшін Ербол Қалиханұлы қол қусырып қарап отырмай өз кәсібін нәсіп етіп, тұрғын үйлерге жылу жүйесін жүргізіп, ауланың қақпа — есіктерін құрастырып, орнатумен айналысып, шеберлігін шыңдап келеді.
Иә, дәнекерлеуші болу – бұл оңай емес, алайда нағыз ер — азаматқа лайық іс. Бұл кәсіпке тек шеберлік қана емес, жүректілік те қажет. Себебі дәнекерлеу – дәлдік пен батылдықты талап ететін жауапты жұмыс. Расында да, Ербол Қалиханұлы сынды өз ісінің мамандары – өңірдің өндірістік әлеуетін арттырып жүрген нағыз еңбек ерлері. От пен темірді тілсіз бағындырған азаматтың өмірі мен еңбек жолы – нағыз жұмысшы мамандығын меңгергісі келетін аудан жастарына үлгі — өнеге.
Ербол СЫМХАНОВ.
