Тіл — ақылдың өлшемі, ұлттың жаны

 Биыл Жетісу облысына 3 жыл, – деп газетімізде айдар ашылып, облысымыздың осы үш жылда жеткен жетістіктері мен толағай табыстарын әр аудан мақтанышпен жарыса жазып жатырмыз. Ал енді, сол облысымызбен бірге қайтадан өмірге келген «Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы» қоғамдық бірлестігінің де жұмысын осын­дай мақтаныш сезіммен айтуға болады.

Екі облыс бөлінбей тұрғанда басталған игі бастама еді бұл. Құжаттарын әзірлегенше облыс бөлініп, құжаттарды қайтадан жасап, жер ұйығы Жетісу облы­сымен бірге дамып келеді.

Ниетіміз қазақ тілінің қолданыс аясын кеңейту және мемлекеттік тілді өз тұғырына қондыру. Міне осы мақсатта тіл жанашырлары аз ғана уақыт ішінде аянбай еңбек етіп, көптеген мәселелерді көтеріп, шешімін тапты.

Себебі, мемлекеттік тілдің жағдайы Қазақстанды туған отаным деп сезінетін әрбір аза­матты толғандырары сөзсіз.

Әрине, тілдің дамуы, өмір сүруі үшін ең басты шарт – сол тілде сөйлейтін адамдардың болуы.

Сондықтан, тілдік ахуал­ды реттеуде халық арасында насихат жұмыстарын жасап, мемлекеттік тілдің, яғни қазақ тілінің қолданысын кеңейтуге бір кісідей атсалыстық.

Міне, қазақ тілінде сөйлейтін тілдік ортаны қалыптастыру – елдік, қоғамдық іс болғандықтан баршамыз осы іске бір кісідей атсалысып, өз үлесімізді қосуға тырыстық. Нәтиже де бар…

Тіл — ақылдың өлшемі, ұлттың жаны. Бүгінгі таңда мемлекттік тілдің дамуына баса назар ау­дарылып отыр. Ел ертеңі — жа­стар десек, сол жастар арасын­да мемлекеттік тілдің мәртебесі мен қолданыс аясын кеңейту өзекті болып отыр.

Осы уақытқа дейін, «Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы» қоғамдық бірлестігінің Ақсу аудандық филиалы мен «Amanat» партиясы жанындағы «Жастар рухы» Жастар қанаты аудандық филиа­лы өзара ынтымақтастықпен бірлесіп, аудандық ішкі саясат, мәдениет және тілдерді дамы­ту, спорт бөлімінің қолдауымен мемлекттік тіліміздің өркендеуі жолында қомақты жұмыстар атқарылды.

Жетісу облысының тілдерді дамыту жөніндегі басқармасы мен «Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы» қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен жылдық жұмыс жоспарына сәйкес ау­дан орталығындағы тамақтану орындарында ас мәзірінің жа­зылуында Тіл туралы заңның сақталуын зерделеу, әдістемелік көмек көрсету мақсатында топ жинақталып, зерделеу тобының жиыны өтті. Жиын барысын­да қатысушылар өз ойларын ортаға салып, жұмыс жоспарын құрды, зерделеу аймағын бөліп алды.

Зерделеу тобына «Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы» қоғамдық бірлестігінің мүшелері мен тіл жанашырла­ры тартылды.

Ақсу ауданы негізінен қазақы аудан болғандықтан бізде аса үлкен кемшіліктер анықталмады. Жұмыс ба­рысында кездескен ұсақ – түйек кемшіліктер түзетіліп, әдістемелік көмектер көрсетілді. Кәсіп иелеріне Тіл туралы Заңның сақталуы туралы түсінік берілді. Сұрақтар қойылып, пікір алмасты.

Осы арада аудан жастары­на қандай мекеме, кәсіпорын, тіпті ұялы байланыстардағы, әлеуметтік желілердегі бағдарламаларды қазақша пай­далануды насихаттадық.

Әрбір есті мекеме, мобильді қосымша, сайт тіл стати­стикасын жүргізеді. Оларға қазақ тілінде қызмет көрсетуді сұрап келетіндер неғұрлым көп болса, олар тіл жайлы соғұрлым көп ойлана бастай­ды. Есіңізде болсын, сіздің ҚР — ның азаматы, тұтынушы ретінде қазақша ақпарат алу­ды сұрауға құқығыңыз бар. Бірақ құқығыңызды сыпайы әрі мәдениетті түрде талап ету өте маңызды екендігі түсіндірілді.

Иә, қазақ халқы ұлт болып қалыптасқаннан бері қазақ тілі өмір сүріп келеді. «Ана тілің алпыс тілге татиды» демекші «Қазақ тілі» арқылы рухани байлығымызды меңгереміз. Тіл — халықтың мәңгілік халық бо­лып қалуының айғағы. Тіл – ата — бабамыздың ұрпаққа қалдырған аманатты. Сондықтан, тіліміздің иесі – өзімізбіз.

Біздің ана тіліміз — мемлекеттің тұғырлы тірегі, халыктың ру­хани байлығы, өткені мен болашағының айқын көрінісі. Мемлекеттік тілдің қолданылу аясын кеңейту мен тілге деген құрметті арттыру мақсатында көптеген мемлекеттік бағдарлама мен іс — шаралар ұйымдастырылуда. Әркімнің тілге деген құрметін өз анасына, өз ұлтына, өз Отанына деген құрметінен білуге болады.

Кешегі ұлылардың сенімін ақтап, тіл бірлігін жалғастыруда барлық күш — жігер, жауапкершілік алдымен бүгінгі жастарымызға түсетіндігі айдан анық. Ал біз осынау абырой­лы парызды мойынымызбен көтеруге тиістіміз.

Міне сондықтан, әрқайсысымыз да тіл жанашыры болып, еліміздің әр аймағында тілді дамыту тұрғысында патриоттық сезіммен еңбек етуіміз керек. Тіл – қашанда ұлттың ұйтқысы. Сөзі өз тілінде шыққан халықтың егемендігі баянды, тұғыры қашан да биік болады.

Алайда аудандық филиал­дар қайтадан жабылатыны барлығымызға қиын болып тұр. Оның да бір себебі бар шығар. «Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы» қоғамдық бірлестігінің филиалдарының жұмысын оңтайландыру туралы бірлестік Президенті Р.Кенжеханұлының бұйрығымен аудандық филиал­дар Бас кеседен босатылатын болды. Бірақ жұмысымыз ары қарай жалғаса береді. Яғни, тікелей облыстық филиал аты­нан жүзеге асатын болады.

Алла ісімізді берекелі етсін!

Ербол СЫМХАНОВ,

«Ақсу өңірі» газетінің жауапты хатшысы, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі.

«Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы» қоғамдық бірлестігінің Ақсу аудандық филиалының төрағасы.

Мәліметпен бөлісу: