
«Халықаралық «Қазақ тілі қоғамы» қоғамдық бірлестігі Ақсу аудандық филиалының төрағасы ретінде, бірлестіктің Жарғысына сәйкес, қоғамның миссиясында көзделген «Мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейту және оның мәртебесін арттыру» мақсатында, Қазақстан Республикасы мемлекеттік тіл туралы заңнамасының сақталуына және орындалуына коғамдық бақылау орнату, қажетіне карай мемлекеттік тіл туралы заңнаманы жетілдіру мен ұсыныстар әзірлеу бойынша Ақсу аудандық сотының төрағасының м.а. Абдулла Манапұлы Досановпен арнайы жүздесіп сот процестерінің қазақ тілінде жүру барысы туралы сұхбаттасқан едік.
Сот қызметі – туралық пен төреліктің ордасы. Қазақстан демократиялық, зайырлы және құқықтық мемлекет ретінде жария етілді. Мұндай мемлекеттерде адам құқықтары мен бостандықтары талқыға түскен шақта тағдырының шешілер жері де, жаза атаулының кесілер жері де – сот. Соттың әрбір шешімінің артында адам тағдыры тұр, ғапыл дүниеде адам мен оның өмірінен қымбат құндылық жоқ. Біздің Ата Заңымызда да дәл осылай жазылған. Бүгінде төрелік алаңында жұмыстар қандай тілде жүргізіліп жатқанын білсек деп едік. Ендеше алғашқы сұрағымыз:
Сот төрелігін жүргізетін судьялардың, бабалар тілімен айтсақ, бүгінгі билердің мәртебесі қандай? Сот ісін жүргізу қаншалықты, яғни қанша пайыз қазақ тілінде жүргізіледі?
– Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің 14-бабының 2-бөлігіне сәйкес, сот ісін жүргізу тілі сотқа талап берілген тілге байланысты сот ұйғарымымен белгіленеді. Яғни, талап арыз мемлекеттік тілде берілсе, азаматтық іс қазақ тілінде, егер орыс тілінде берілсе, сәйкесінше өзге тілінде белгіленеді.
Аудандық соттың статистикалық мәліметтеріне жүгінер болсақ, сотта мемлекеттік тілде қаралған істердің үлесінің әлі де төмен екенін көреміз. Ресми мәліметтерге сәйкес, Жетісу облысы Ақсу ауданының тұрғындарының 95 пайызын қазақтар құрайды. Алайда, 2023 жылы Ақсу аудандық сотында қазақ тілінде қаралған азаматтық істердің үлесі тек 46,6% құраған. Яғни, қаралған істердің жартысынан көбі орыс тілінде қаралған. Ал, 2024 жылы бұл көрсеткіш тіпті 36,4% дейін төмендеген.
Қылмыстық істер бойынша бұл көрсеткіш едәуір жоғары. Қылмыстық-процестік кодексінің 30-бабының 1,2 бөліктерінде Қазақстан Республикасында қылмыстық сот iсiн жүргiзу қазақ тілінде жүргiзiлетіні, сот ісін жүргізуде қазақ тілімен қатар ресми түрде орыс тілі, ал қажет болған кезде басқа тiлдер де қолданылатыны көрсетілген. 2023 жылы қазақ тілінде қаралған істердің үлесі 90,2% құраған. Бірақ бұл көрсеткіште 2024 жылы 80% дейін төмендегінін көруге болады.
Әкімшілік құқық бұзушылық туралы істерге келсек бұл көрсеткіштер жақсы. Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 738-бабының 2-бөлігіне сәйкес, iс жүргiзу мемлекеттiк тiлде жүргiзiледi, ал қажет болған кезде iс жүргiзуде орыс тiлi немесе басқа да тiлдер мемлекеттiк тiлмен тең қолданылатыны көрсетілген. 2023 жылы қаралған істердің 92,4% қазақ тілінде қаралған, бұл көрсеткіш 2024 жылы да 92,6 пайызбен сол қалыпта қалған.
– Аудандық сотта қазақ тілінде қаралатын істердің үлесін арттырудың жолдары қандай?
– Сот тарапынан қазақ тілінде, яғни мемлекеттік тілде қаралатын істердің үлесін арттыру мақсатында жоспарға сәйкес жұмыстар жүргілуде. Жоғарыда айтып өткендей, сот, іс жүргізу тілін тек арыз берілген тілде бекітеді, яғни өз бастамасымен іс жүргізу тілін өзгертуге құқығы жоқ. Қылмыстық немесе әкімшілік құқық бұзушылық туралы істерді қарау барысында, іс жүргізу тіліне қатысты талаптар бұзылғаны анықталса, ондай кемшіліктерге жол бермеу мақсатында соттың тарапынан жекеше қаулы шығарылып, заң бұзушылықтарға жол берген мекеменің басшысының назары аударылады. Сонымен қатар, сотқа келген азаматтарға заң тұрғысынан түсіндіру жұмыстары жүргізіледі, қажет болған жағдайда талап арыздардың қазақ тіліндегі нұсқасы беріледі.
– Сот қашанда халық қорған сұрап баратын жердің бірі. Мұнда туралықтан тайып, әділдіктің арнасын бұруға ешкімнің де хақысы жоқ. Осы ретте судьялардың әдеп кодексі қалай жүзеге асуда?
– Былтыр, 2024 жылы 4 қазанда, Қазақстан Судьялар одағының кезекті 9 съезі өтті. Сол съезде жаңа судья әдеп кодексі қабылданды. Кодекстің жобасын талқылауға судьялармен қатар, адвокаттар, заң кеңесшілері, ғалымдар, БАҚ өкілдері де белсенді қатысты. Жалпы судья жұмыста, жұмыстан тыс уақытта да, халықтың жіті назарында болады. Бұл судьяларға белгілі бір міндеттер мен шектеулерді жүктейді. Сол себепті, әрбір судья сот саласының беделіне көлеңке түсірмей, әділдіктің айнасы, биік парасат пен көркем мінездің үлгісі болуы керек. Судьялардың Әдеп кодексінде бұл талаптар жан-жақты қарастырылған.
– Иә, дұрыс айтасыз. Халық қазір әділдікті соттан ғана іздейді. Сот қана соңғы сөзді айта алады. Сондықтан да, Мемлекет басшысы жұрт іздеген әділдік сотта ғана табылатынын баса айтты. Бұл орайда еліміздің Жоғарғы Соты өзге соттарымыз бастау алатын әділдіктің шын мәніндегі қайнарына айналды десек, артық айтқандық емес шығар. Әңгімеңізге рақмет!
Сұхбатты жүргізген
Ербол СЫМХАНОВ,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, «Халықаралық «Қазақ тілі қоғамы» қоғамдық бірлестігінің Ақсу аудандық филиалының төрағасы.
