5 бөлмелі баспана қуанышы

Биылғы жылдан жұмысын «Ел үлесі пәтерге» деп бастаған, Зекет қайырымдылық қоры бүгін 77- ші баспанасының кілтін салтанатты түрде Ақсу ауданының тұрғынына табыс етті. Қызыл ту елді мекенінің тұрғыны жағдайы төмен отбасы ретінде 5 бөлмелі үйдің кілтіне ие болды. Қуанышпен бөлісуге аудан әкімінің орынбасары Амандос Ақышұлы, аудандық ақсақалдар кеңесінің төрағасы Амантай Айтбайұлы және ауыл тұрғындары, мешіт имамдары арнайы келді. Молықбаева Ботагөз бүгінде 3 баланың анасы, жолдасы екеуі жақын арада 4- ші сәбилерін асыға күтіп жүр.

6 жыл бойы пәтер паналап, жалдамалы үйде тұрып келдік. Өзіміздің баспанамыз жоқ. Жолдасымда жұмыссыз, қатты қиналдық. Осының барлығына қарамастан бүгін өте қуаныштымын. Үйлі болып отырмыз. Зекет қорына, аудан халқына, басшыларға барша қауымға мың алғыс. Бізді ескеріп 5 бөлмелі үйді сыйға тарту етіп отыр. Қасиетті рамазан айы бітіп, айт мерекесінде отбасымызда осындай қуаныш орын алады деп ойламаған едік- деді 34 жастағы Ботагөз Молықбаева.

Айта кетейік, облыстық Зекет қоры бұған дейін аудандағы 8 отбасыға баспана кілтін табыс еткен. Ақсу ауданында 42 мыңнан аса халық мекендейді. Соның 4 мыңға жуығы тұрмысы төмен, аз қамтылған отбасылар қатарына жатады. Болашақта барлығыда осылайша баспаналы болсын деп тілейміз.

Мәліметпен бөлісу: