Бүгін Қазақстан Республикасы Президентінің 1998 жылғы 20 қаңтардағы № 3827 Жарлығымен 31 мамыр- «Саяси қуғын- сүргін құрбандарын еске алу күні» болып жарияланды. Осыған орай Ақсу ауданы орталығы І.Жансүгіров ауылының орталығында орналасқан, Қазақстан Жазушылар Одағының тұңғыш төрағасы, Алаш арысы Ілияс Жансүгіров бабамыздың ескерткішінің жанында жиын болып өтті. Жиынға Қазақстан Республикасы Жазушылары одағының екінші хатшысы Құлкенов Мереке, Алматы облыстық КХА жанындағы Қоғамдық келісім кеңесінің төрағасы Жахиянов Оралбек, Аудан әкімі Есім Сейілханұлы, аудандық мәслихат хатшысы Бейбіт Жаңылысұлы, Ілияс бабамыздың ұрпағы Жандосова Ажар Санжарқызы, орталық мешіт имамы, аудан ақсақалдары, тұрғындар қатысты.

Азалы жиын басы гүл шоқтарын қойып, 1 минут үнсіздікпен басталды. Құран бағышталып, 7 нан таратылды. Қазақ халқының, әсіресе қазақ зиялыларының жазықсыз қуғынға ұшырауы мен отызыншы жылдарғы қолдан жасалған ашаршылық ел өмірінің қаралы беттері болып қалды.


Голощекиндік саясат билеген сол отызыншы жылдары бетке ұстар Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатов, Жүсіпбек Аймауытовтар немесе сол кездегі бір ғана ұлттық партияның мүшелері- «Алаш» азаматтары түгелдей оққа ұшты. Олардың ізін ала партияда жоқ қазақтың білімді оқымыстылары да саяси қуғын- сүргінге ұшырады. Жыл сайын көпшілік қауым аудан аумағында ашаршылық құрбандарының ескерткішіне гүл шоқтарын қойып, құран бағыштап, жеті шелпектерін таратып келеді.

Оның бәрі бүгінгі ұрпақтарының кешегі келмеске кеткен замандағы ақжүрек бабаларын еске алғаны, сөйтіп оларға құрмет көрсеткені деп түсінуіміз керек. Ел басына енді ондай зұлмат өмір, қаралы күн қайта айналып келмесін, жастарымыз алдағы уақытта бейбіт те, алаңсыз, әрі бақытты тірлік жасасын демекпін.- деді аудан басшысы Есім Сейілханұлы.

Qazaqstan30

Мәліметпен бөлісу: