2020 жылы медициналық көмек қалай көрсетіледі?

Келесі жылдың маңызды жаңалықтардың бірі, ол медициналық сақтандырудың жаңа жүйесінің іске қосылуы. Жаңа медициналық сақтандыру моделі екі пакеттен тұрады. Олар, тегін медициналық көмек көрсету (ТМКК) мен міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС). Аталған жаңашылдық халықты медициналық көмекпен теңдей қамтамасыз етеді. Сонымен қатар, медициналық көмекке негізсіз жұмсалатын артық шығындардан қорғайды.

МӘМС жүйесі бойынша халықты медициналық көмекпен қамту 95%-дан жоғары деңгейде жоспарланады. ТМККК және МӘМС шеңберінде қызмет көрсетуден үміткер денсаулық сақтау субъектілерінің саны 131. Олардың 56 мемлекеттік және 75 жеке меншік. «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» коммерциялық емес акционерлік қоғам (КЕАҚ) Алматы облысы бойынша филиалымен 2019 жылы 80 медициналық мекеме келісім-шартқа отырды (мемлекеттік — 45 (60%), жеке меншік — 35 (40%)). Жеке меншік мекемелердің қосылуыменен, мемлекеттік мекемелерге медициналық қызмет көрсетуде бәсекелестік пайда болады. Бұл жағдай медициналық көмектің сапасы мен қолжетімділігін арттырады.

Әр медициналық көмекке жекелей тоқталып кетсек:

  • ТМКК пакетіне кіретін медициналық көмек түрлері: жедел жәрдем және санитарлық авиация, алғашқы медициналық-санитарлық көмек, шұғыл және жоспарлы стационарды алмастыратын және стационарлық көмек (ҚР ДСМ бекіткен тізім бойынша), паллиативті көмек, әлеуметті маңызды, негізгі созылмалы аурулар мен дәрілік қамтамасыздандыру (онкология, туберкулез, 25 негізгі созылмалы аурулар) бойынша толық медициналық көмек көрсетіледі.
  • МӘМС пакетіне енген көмек түрлері: консультативтік дәрігерлік көмек, ТМКК пакетінен тыс ауруларды амбулаторлық дәрі-дәрмектермен қамтамасыз ету, ТМКК пакетінен тыс аурулар кезінде стационарды алмастыратын көмек, ТМКК пакетінен тыс аурулар кезінде жоспарлы стационарлық көмек, ДСМ бекіткен тізім бойынша ересектер мен балаларға арналған медициналық оңалту.

Жаңа үлгідегі медициналық сақтандыру жүйесі келер жылдың 1-ші қаңтарынан іске қосылатындықтан, қазіргі таңда, кең ауқымды халықты ақпараттандыру жұмысы жүргізілуде.

 «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры»

КЕАҚ Алматы облысы бойынша филиалы

Мәліметпен бөлісу: