Стоматологиялық көмек — медициналық көмектің ең қымбат қызметтерінің бірі болып саналады. Өкінішке орай, мамандар ұсынғандай, алдын-алу мақсатында тіс дәрігеріне баруды барлық адамның жағдайы көтере бермейтіндіктен, әрдайым қолжетімді емес. Мүмкін, сондықтан да Қазақстанда балалар тісжегісі бойынша статистика қарқынды өсуде.
Ресми мәліметтер бойынша, балалардың 82% — ында тіс ауруы бар. Көбінесе ата-аналар балаларды тіс дәрігеріне ауыз қуысының аурулары асқынған кезде әкеледі.
Бірақ, мүмкін, мұндай көрініс көптеген ата-аналардың тегін жоспарлы профилактикалық тексерулер мен қажет болған жағдайда тегін емдеуді, сондай-ақ 18 жасқа дейінгі барлық балалар үшін шұғыл көмек көрсетуді көздейтін МӘМС пакетінің мүмкіндіктері туралы білмейтіндігінен де туындайтын шығар.
Естеріңізге сала кетейік, халықтың бұл санаты жеңілдікті санатқа жатады және олар үшін Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына аударымдарды мемлекет төлейді. Сондықтан әрбір бала 18 жасқа толғанға дейін автоматты түрде «сақтандырылған» мәртебесін алады.
Сонымен, қандай жағдайда сізге өз қалтаңыздан төлеудің қажеті жоқ?
* рентген-сурет үшін;
* тісті жансыздандыру және жұлу, сондай-ақ, пломба салу үшін;
* абсцесстерді ашқаны, пульпит пен периодонтитті емдегені үшін;
* гипоплазия, флюороз кезінде тістің анатомиялық пішінін толық функционалды қалпына келтіргені үшін;
* еріндер мен тіл жүгеншегінің пластикасына;
* жақ-бет аймағының туа біткен патологиялары және таңдайдың бөлінуі (қасқырдың аузы) болған кезде ортодонтиялық қызметтер үшін.
Сондықтан егер Сіздің балаңызға тіс дәрігерінің көмегі қажет болса, Сіз өз емханаңызға немесе Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының әлеуетті жеткізушісі болып табылатын жеке стоматологияға бірден жүгіне аласыз.