
Ескелді ауданына қарасты Қарабұлақ ауылында 106 жастағы сайлаушы Нұрбала Қабанбаеваның үйінде дауыс беру ұйымдастырылды. Жасы ұлғайғанына қарамастан, ол маңызды қоғамдық-саяси оқиғадан шет қалмай, өзінің сайлау құқығын пайдаланды.
Сайлау комиссиясының мүшелері Нұрбала Қабанбаеваның үйіне барып, белгіленген тәртіпке сәйкес Құрылтай депутаттығына кандидаттарға дауыс беру мүмкіндігін ұйымдастырды.
Нұрбала Қабанбаева үшін сайлауға қатысу – азаматтық ұстанымын білдіріп, елдің болашағына қатысты өз таңдауын жасау мүмкіндігі.
– Ұзақ ғұмырымда елімізде болған талай өзгерістің куәсі болдым. Әрдайым айналамда болып жатқан оқиғаларға қызығушылық танытып, қоғам өміріне қатысуды маңызды деп санадым. Бүгін мен де өз таңдауымды жасағым келді. Құрылтай – маңызды өкілді орган. Сайланған депутаттар халықтың мүддесін қорғап, өңірлердің дамуы мен келер ұрпақтың әл-ауқатына көңіл бөлсе екен деймін, – деді 106 жастағы сайлаушы.
Туыстарының айтуынша, Нұрбала әжей елдегі оқиғаларға үнемі қызығушылық танытып, жақындарымен байланысын үзбей, жас ұрпаққа өмірлік тәжірибесі мен ақыл-кеңесін айтып отырады.
– Ол бізге елде болып жатқан жағдайларға бейжай қарамау керектігін үнемі айтып отырады. Оның сайлауға қатысуы біздің отбасымыз үшін үлкен үлгі. Осындай жаста да ол балаларының, немерелері мен шөберелерінің болашағына жауапкершілікпен қарайды, – дейді әжейдің туыстары.
Нұрбала Қанбаева адамдардың күнделікті өміріне тікелей қатысты мәселелерге, атап айтқанда, ауылдық аумақтарды дамытуға, аға буынды және жастарды қолдауға, халыққа лайықты өмір сүру жағдайларын жасауға ерекше көңіл бөлу қажет екенін атап өтті.
– Елімізге бейбітшілік пен береке тілеймін. Жастардың осында білім алып, еңбек етіп, өз болашағын құруына мүмкіндік болғанын қалаймын. Ауылдарымызда жақсы жолдар, мектептер мен медициналық көмек қолжетімді болса екен. Құрылтай депутаттары халықтың үнін естіп, ел игілігі үшін жұмыс істейтініне сенемін, – деді ол.
Қарабұлақ ауылының 106 жастағы тұрғынының үйінде дауыс беруі азаматтық жауапкершіліктің айрықша үлгісі болды. Жасына қарамастан, Нұрбала Қанбаева қоғам өміріне қызығушылығын сақтап, сайлауға қатысуды әр азаматтың маңызды міндеті деп санайтынын көрсетті.
h
