1 НАУРЫЗ — АЛҒЫС АЙТУ КҮНІ!

МЕРЕКЕНІҢ МӘНІ — АЛҒЫС АЙТУ

/Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Н.Назарбаевтың 2015 жылғы 23 сәуірдегі Қазақстан халқы Ассамблеясының ХХІІ сессиясында сөйлеген сөзінен үзінді/

Республика тағдырын біздер, қазақстандықтар өз қолымызға алдық!

Сөйтіп, бүгінде бүкіл әлем құрметтейтін мемлекет құрдық. Біз оны өзіміздің бақытымыз үшін және бүгінгі, сондай-ақ, келе­шек ұрпақтың игілігі үшін жүзеге асырдық. Біз өзіміздің қиын та­рихымыздан сабақ алуға тиіспіз. Ол этносаралық қатынастар та­рихы сияқты маңызды мәселеге де қатысты. Оны мектептерде объективті және еш әсірелеместен оқыту қажет. Біздің жастарымыз оны өзінің бес саусағындай білуі тиіс.

Өткен бүкіл ХХ ғасыр бойына Қазақстан аумағына көпэтносты халықтың қалыптасуының күрделі үдерісі жүрді. Ғасырдың ең басында столыпиндік реформа кезеңіндегі шаруалардың қоныс аударуы ба­рысында Қазақстанға Ресейден, Украина мен Белорустан 1 миллион 150 мың адам келді. Жиырма шақты жылдан соң, 30-шы жылдарғы ұжымдастыру кезінде бұрынғы КСРО-ның орталық аудандары­нан Қазақстанға 250 мың мүліктері тәркіленген шаруалар келді. Дәл сол уақыттарда өнеркәсіп ны­сандарын салуға елдің барлық түкпірлерінен шамамен 1,2 милли­он адам қоныс аударды.

Сталиндік режім кезіндегі әр жыл­дарда бүтіндей бір халықтар – 800 мыңға жуық немістер, 102 мың по­ляктар, 550 мың Солтүстік Кавказ халықтарының өкілдері, 18,5 мың Қиыр Шығыстағы корей отбасыла­ры қоныс аударды. Оларды вагон­дардан ашық далаға әкеліп түсірді. Ол кезде мұнда тек қазақтар ғана тұратын. Сондықтан қабылдаған да солар болды.

Сөйтіп, өздері мұқтаждықта өмір сүріп жатқан қазақ отбасылары оларды өздерінің саман үйлерінде қабылдады. Біздің отбасымыз да үш баласы бар ерлі-зайыптыларды қабылдады.

Қазақстан халқы Ассамблея­сы құрылған күн – 1 наурызды жыл сайын барлық этностардың бір — біріне мейірбандық таны­тып, ол адамдарды өз туғанындай қабылдаған қазақтарға алғыс айту күні ретінде атап өту әділетті бо­лар еді. Ол күн бізді бұрынғыдан да гөрі жақындастыра түспек. Бұл күн мейірімділіктің, бүкіл қазақстандықтардың бір — біріне деген достығы мен махаббатының жарқын мерекесі бола алар еді.

Өздеріңіз білесіздер, сталиндік қуғын — сүргін жылдарында Қазақстанда АЛЖИР, КарЛАГ, Степ- ЛАГ, ДальЛАГ, ПесчанЛАГ, Ка­мышЛАГ, ЖезказганЛАГ, Ақтөбе, Петропавл, Кеңгір және Өскемен лагерьлері сияқты жүз мыңдаған тұтқындар қамалған 11 арнаулы лагерь құрылды. Бірақ босағаннан кейін олардың барлығы бірдей кетіп қалған жоқ.

Оның сыртында соғыс кезінде Қазақстан 350 мың эвакуацияланған халықты қабылдады. 50-ші жылда­ры тың игеруге тағы да 1,5 миллион адам келді. Түрлі жабық әскери ны­сандар шамамен 150 мың маман мен олардың отбасыларын қабылдады.

Бүтіндей алғанда ХХ ғасырдың басынан Қазақстанға 5,6 милли­он адам қоныс аударды. Ол кезде жергілікті халық шамамен 6 милли­ондай адам болатын. Бұларды та­рихты білмейтіндер мен Қазақстан қашаннан осындай көпұлтты болған деп санайтындар үшін айтып отыр­мын.

Екінші жағынан, сталиндік қылмыстық ұжымдастыру салда­рынан 1,5 миллион қазақ аштықтан қырылды. Осыдан-ақ әлемде бірде- бір елдің, бірде-бір халықтың қазақ халқы сияқты демографиялық аху­алда мұндай күйреушілікті бастан кешпегенін және толық жойылып кету қаупі туындамағанын түсінуге болады.

Біз тірі қалдық, топтаса білдік, қатыгезденген де жоқпыз, өшіккен де жоқпыз, ХХ ғасырдың қатаң қасіреті үшін ешқашан ешкімді кінәлаған да емеспіз. Біз төтеп бере білдік, сталинизмнің бүкіл кінәсіз құрбандарына көмектестік, өз төңірегімізге барлық этностар мен конфессияларды біріктіре отырып, өз тәуелсіздігімізге бейбіт жол­мен қол жеткіздік. Бүгінде де біздің еліміз толеранттылық, келісім мен бір-біріне деген сенім негізінде алға қарай қадам басуда.

Өздеріңіз көріп отырғандай, біздің көпэтностығымызды саяси жүйе жасанды түрде жасап шығарды. Ол үшін өз ықтиярларынан тыс осы жерге келген адамдар кінәлі емес. Олардың бәрі де бүгінде қазақстандық болып шықты.

Біз бәрін біртұтас, топтасқан халыққа біріктіре алдық. Бұл бүгінде біздің басты артықшылығымыз. Біздің күшіміз де осында.

Мәліметпен бөлісу: