11 сыныпты аяқтап, мектеп қабырғасынын түлеп ұшқан сәтте еш ойланбастан құжаттарымды І. Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университетіне тапсырдым. Қателеспеген екенмін. Өз мақсатымды айқындап, қадамымды нық басып, табалдырығын аттаған білім ордасы, арманыма қанат бітірді, талабымды шыңдады. Бүгін мен Жетісудың төрінде орналасқан Жетісу университетінің 4 курс білімгерімін. Төрт жыл ішінде білімді арттырып қана қоймай, танымымды кеңейттім, ұлағатты ұстаздардан дәріс тыңдадым, тәлім алдым. Гуманитарлық факульттеттің журналистика мамандығында оқитын студенттермен достастым, сырлас-құрбыларды кездестірдім.
Киелі шаңырақтың біздің әулет үшін орны ерекше. Осы университетте білім алған анам Иманбекова Баян – «Қарлығаш» балабақшасының тәрбиешісі, әпкелерім Иманбекова Айгүл – Қуат Терібаев атындағы орта мектептің білікті ұстазы, Тілеубергенова Назым – гуманитарлық факультетінің магистратурасын бітірген, Үйсімбекова Пана – Жетісу телеарнасының журналисі, Айдынова Шағала – қаржы маманы. Маратов Мәди есімді ағам осы білім ордасын қызыл дипломмен аяқтаса, Анитов Мирас – осы оқу орнында игерген білімінің арқасында білікті маман атанып отыр. Анитов Дамир – Жетісу телеарнасының журналисті, Қазіргі таңда осы білім ордасында сіңлілерім Ахметжан Аяужан мен Мұратбекова Айна білім алуда. Екеуі де оқу озаты.
Университеттің сәулеті асқан үш ғимараты, екі студенттер үйі бар. Талабын шыңдап, мақсатына жеткісі келген білімгерлер 6 факультетте 41 мамандық бойынша 350-ден астам оқытушы бар. Оқу орны кешенді білім беруді жүзеге асырады, мұнда 2 ғылыми зерттеу орталығы мен 15 ғылыми әдістемелік кабинет, мұражай және 300 мың кітап қоры бар кітапхана жұмыс істейді.
Университетте жан-жақты білім алуға, сондай-ақ шет елде өз біліміңді жетілдіруге, басқа да жоғарғы оқу орындарымен тәжірибе алмасуға мүмкіндік қарастырылған. Әр студент – университет айнасы. Ал бізді білім нәрімен сусындатар ұстаздардың еңбегі орасан зор. Олардың әрқайсысы өз ісінің маманы, білікті ұстаз ғана емес, мейірімді азамат. Шәкірттерінің алғысына бөленіп, журналистика және филология кафедрасының дамуына сол еңбек сіңірген сондай ұстаздарымыздың бірі – Жұмағали Есенбек. Жұмағали ағай, бізге тек білім беріп қана қоймай, университет қабырғасында үйренгенімізді практика жүзінде шыңдауға көп жағдай жасайды. Төртінші курсты бітірген студенттердің жұмысқа орналасу жағы да қарастырылған. Әртүрі медиаорталықтармен келісім жасап, тәжірбиеден өтуімізге көп күш жұмсайды. Жұмағали Есенбек ағайымыз қаңтар айының басында Лондондағы Дүниежүзілік алпауыт BBC телерадиокорпорациясы мамандарының семинар — тренингтеріне қатысып, олардың жұмысымен танысты. Осы сапар барысында BBC телерадиокорпарациясы мен ЖМУ Журналистика және филоглогия кафедрасы арасында екі жақты ынтымақтастық жөніндегі меморандумға қол қойылмақ.
Жетісу мемлекеттік университетіне жан — жақтан білім қуған жастар жиналады. Әр аймақтан үмітін үкілеп, арманын арқалап келген бозбалалар мен бойжеткендер осы жерде жүріп әртүрлі жарыстарға қатыса алады. Оған оқу орнында жақсы мүмкіндік жасалған.
Елбасы Н.Ә. Назарбаев осы жылдың басынжа жастармен өткен кездесуде «Бұл – білекке емес, білімге сенетін заман», – деп айтқан еді. Елбасының бұл сөзіне еліміздегі әрбір жас қосылады деп ойлаймын, білім бәсекесінің жыл сайын емес, күн сайын артып келе жатқанын ХІ ғасырдың жаңа ұрпағы жақсы түсінеді. Ол жастардың ішінде Жетісу университетінің студенттері де бар. Олар өздері оқитын оқу орнының білім заманға сай, сапалы екеніне кәміл сенеді.
Құрметті жас түлек, егер сіз заманауи мамандықтардың иесі болғыңыз келсе, сапалы білімді тәжірибе жүзінде дамытқыңыз келсе Жетісу университетіне келіңіз!!!
І. Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекет-тік университеті сіздерді асыға күтеді!!!
Балғын ТІЛЕУБЕРГЕНОВА,
І.Жансүгіров атындағы
Жетісу мемлекеттік университеті,
журналистика мамандығының
4 курс білімгері.