Жетімдерге пана болған Мәкей еді

Сөздің басын саралап, кейіпкерін даралап бастағалы отырған бұл мақалам Мәкей Еркінбеков жайында еді. Мен Бекболатұлы Біржан Ақсу ауданы, Қарасу негізгі орта мектебінің ұстазымын. Елбасымыздың Болашаққа бағдар «Рухани жаңғыру» бағдарламасының аясында зерттеп жазғалы отырғанымда өз ауылым Еңбектегі бір тарих еді. Президентіміз Н.Ә.Назарбаев «Өз туған — өлкеңді, төңірегіңді зертте, зерделе, тарих деген сол емеспе» -деген еді. Осы бір сөз қамшы болғандай қолыма қалам алып, бірнеше ай осы жұмысты зерттеп, тарих қойнауынан жарыққа шығаруға тырыстым .

Ал Енді Мәкей Еркінбеков кім?- деген сауалға жауап іздеймін. Мәкей 1895 жылы туған. Ақсудағы Қарағаштағы Мамания мектебінен білім алған.

 

 

1918 жылы июнь айында «Капальский уездный комитет совета рабочих солдатский, крестянских депутатов» болып құрылғанда Қапалдан мұғалімдік білім алған. 1922-1930 жылдары «Талдыкурганский уездный совет рабочих крестянский и Красноармейских депутатов и его испольнительный комитет» болған кездері осы Талдықорған уезінде білім бөлімінде істеген екен. Одан Қарағаштағы Мамания мектебінде ұстаздық қызмет атқарды. «Ұстазы бардың ұлағаты бар»,-демейме. Мен осы зерттеуімді бастағанда Мәкей Еркінбековтың оқушысы, білім алған шәкірті болған Қазақ Ұлттық Академиясының академигі Жүрімбек Сыдықовты арнайы іздеп барып, Алматы қаласынан тапқан едім. Осы мақаланы жазуыма академик атамыздың көзбен көргені, Мәкейден білім алғаны туралы өз аузынан естіп, көп деректі бейне таспаға жазып алдым.

Ал енді академик атамызға келсек 96 жаста екен, жұбайы Маймуна апамыз 92 жаста екен. Әкем Бекболат Атамбаев Ақсудың айтыскер ақыны. Әкем көп ақыл қосып, зерттеуді жүргізуіме үлкен себепші болды. Академик атамыз Мәкей туралы сұрағанымызда терең ойланып, толғанып, ауыр күрсініп алды. Сол бір жылдары «Елбасына күн туған, ер етігімен су кешкен заман еді ғой»,- деп бастады әңгімесін. Әкемнің ағасы менің өз әкем Сыдық ортаншысы кіші әкем Егіз үшеуі де қайтыс болып, шешемнен де ерте жетім қалыппын. 1928-1932 жылға дейін халқымызда, кеңес үкіметінің қолдан жасалған саясатымен аштық жайлағаны тарихтан белгілі, сол жылдары менде ата – анамнан айырылыппын. Мәкей сол кезде Қарасу ауылынан (қазіргі Еңбек) балалар үйін ашып, 150-ден артық баланы ауыл — ауылдан өз ат-арбасымен жинап әкеп балалар үйіне баққан еді.«Иесіз қалған жетімдердің бірі мен едім»,- деп терең күрсінді академик Жүрімбек Сыдықов атамыз. Мен Мәкейді көргенде тура Абайды көргендей болушы едім. Мен Абайды көп оқыдым.

Мәкей кіріп келгенде тура тып – тыныш болушы еді. Мен Мәкейді тура Абайдың қатарына қоя аламын. Ол ұстаздың бірі емес, бірегейі еді, — деп екі қолын алға созды, сол қаншама жетімдердің панасы болған, қорғаны болған солардың жоқ заманда тамағын тауып, асырап оқытқаны әлі күнге дейін мені таңғалдырады деп күрсінді. Ол кезде Мәкей деп бір адам атын атай алмайтын. Ол кезде мен ол кісіге жақынырақ болғаным, менің жазуым жақсы болып, класта өте жақсы оқыдым. Сол кезде кіріп келіп, Сыдықов жүр деп апарып құжаттарын жазғызатын.Одан кейін де оның баласымен де жақсы дос болдым. Сондықтан да ол кісіге мен өте жақын болдым.

Академиктің осы сөзінен -ақ Мәкейдің Алатаудай атағы бар екені , теңіздей терең білімі бар, алтын жүрегін жетімдерге арнай білгені меніде ерекше толғантты. Еліміздің Премьер Министрі болған, қазір қауіпсіздік комитетінің министрі Кәрім Масимовтың әкесі Қажымқанның әкесі Мәсімді оқытқаны, жетім қалған жерлерінен алып келіп, осы балалар үйінде тәрбиелеп баққаны туралы да осы академик атамыз әңгімелеп берді. Мәсім ата Жүрімбек Сыдықов академикпен бірге бір класта оқыпты. Мәсім менен 2-3 жас үлкен деді. Ол кезде 3-4 жас үлкен 3-4 жас кіші балалар бір класта бірге оқи беретін деп толғанып отырды. Кәрім Масимов сол атасы Мәсім оқыған мектепке тік ұшақпен 2010 жылы қыста ұшып келіп, өз көзімен атасы оқыған мектебін көрген еді. Ол мектеп 1925 жылы ағаш бөренеден салынған. Сол кезде ауыл тұрғындарының алдында уәде берген. 2012 жылы заман талабына сай үлкен 2 қабатты мектеп салып берді. Мәкей 1952 жылы қайтыс болғанда атам Қапаш әжем Зияда өз қолдарымен жерлескені жөнінде өз әкем Бекболаттан талай естідім.

Тағыда осы зерттеуімді жалғастыра отырып, Сарқан қаласынан Мәкейді көзі көрген 91 жастағы Сара әжейді таптым. Сара әжей: — Ол кезде жас келін едім, атам Зақанның үйіне талай рет келіп, әңгімелесіп отыратын, мен шәй тамағын беріп отырып, атам екеуінің әңгімесін естігенмін. Бұл Мәкей балалар үйінің директоры болды, Ілияс Жансүгіровтың жақсы үзеңгелес жолдасы болған. Өте жұмысқа адал, қаншама жетімдерді жинап әкеп, тамағын тауып, оқытып бақты. 30-шы жылдары қандай қиыншылық заман еді. Ол нәубет қайта келмесін,-деп терең ойланды.

Ілиястың жақсы дос болғанын академикте растаған еді. 90 жастағы Төлеухан әжейде, Сарқан қаласында тұратын 90 жастағы Рамазан қарияда осы көп деректерді дәлел сөздерменен растады. Осы кісілердің барлық айтқанын бейне таспаға түсіріп алдым және 1 айдан артық мұрағат құжаттарын ақтарып, Мәкей Еркінбековтың Ақсу ауданының білім бөлімінің басшысы болғаның таптым. Қарасу балалар үйінің директоры болғаны да осы мұрағат құжаттарынан табылды. (Негізгі қор 88 т 8ж , іс 1, бет 29) ол жылдардағы құжаттардың барлығы латын әліпбиінде жазылыпты. Мұрағаттан құжаттарының толық көшірмелері алынды.

Бір ай шамасында мұрағат құжаттарын іздесуге қол ұшын созып, көмек көрсеткен, Ақсу ауданының мұрағат директоры Мейрамбекова Гүлшат әпкемізге алғысымыз шексіз, көп — көп рахмет.

Осы қилы заманда 30 – жылдар ішінде қаншама Қазақ зиялылары ит жеккенге айдалып кеткені, атылғаны тарихтан белгілі. Сол заманда — ақ өзінің адал қызметінің арқасында, жерде 1 жетімді басынан сипасаң, көкте 70 періште қуанады деген қағиданың дәлелі болғандай, ол кісінің еңбегін сол кезде-ақ үкімет бағалағаны да осы мұрағат құжаттарынан табылды. 1946 жылы 24 июльде «пред. исполкома Аксуского райсовета депутатов трудящихся» Кусаиынов Максутхан өзі осы атақты қолымен табыстаған екен. Сол қиын заманның өзінде жоғарыдан мынандай атақ келген «От имени Президиума Верховного совета союза СССР вручены медали за доблестный труд в Великой Отечественной войне 1941-1945 год по аппарату, коллективу исполкома, Райсовета и райкома (КП/бк) Хозяиственный организаций и аулсоветов». Тағыда Ақсу ауданы бойынша бірінші болып «Республикаға еңбегі сіңген мұғалімі» деген атағы да сол 40-шы жылдардың ішінде алуы және де бірнеше Қазақ ССР-нан грамоталарын алуы осы кісінің сол кездегі адал еңбегінің дәлелі.Тарих беттерін ашып, жер қойнауынан жарыққа шықса екен деген ниетпен мақаланы жазуыма тура келді. «Ұстаның істеген заты қалады, жақсының жазған хаты қалады»,-деген еді дана халқымыз. Әкем Бекболатты қаншама жылдар бойы қынжылтып, өзегін өртегендей болып жүретін түйнекті шешетіндей сәт жақындағандай сияқты. Бұл Мәкей Еркінбековтың алтын сүйегі Еңбек ауылында, біздің үйден 300 ме-трдей жерде мал астында тапталып, қабірі қоршаусыз жатыр. Қанша қиын да, қилы заманда жетімдерді бағып, балалар үйінің директор қызметін атқарып, Ақсу ауданының білім бөлімінің басшысы болып, еңбегі ерекше сіңген осы адамның осылай қараусыз, елеусіз жатуы елдігімізге, ер азаматтығымызға лайық емес-ау. Бұл кісінің тағы да айтар тарихы бар.

Мәкейдің руы — Төре. Әкем екеуміз 1 айдай іздестіріп, сұрастырып Қаскелеңге, Талғарға, Қапал маңына барып Талдықорғаннан сұрастырып, ақыры іздеген жетер мұратқа дегендей Алматы қаласынан Төре руларының шежіресін таптық. Алматы қаласында Айтмұхамбет деген төреден табылды.

Бағымызға орай сол шежіреден Мәкей Еркінбеков тайға таңба басқандай болып, ішінен шыға келді, қуанғанымыз соншалық түгел ұялы телефондарға түсіріп алдық. Мәкейдің түп атасы 1465 жылдары Таразда Шу бойында алғаш Қазақ хандығын құрған Керей — Жәнібек болса, сол Жәнібек ханнан тарайды екен. Ал енді сол шыққан тегіне бір тоқтала кетейін. Жәнібек ханнан – Жәдік хан – Шығай хан – одан Қайнаркөшек – Саңқай — Құдайменде –Тұрсынхан.

1. Тұрсынханнан – Көшек хан, Барақ хан, Ескендір.

2. Көшек ханнан — Әділ, Мамырхан, Абылайша, Саңқай, Санияз.

3. Мамыр ханнан – Кашіке, Қасым, Нұралы, Ежен, Дәуіт, Есім, Алмас, Уали, Құдайменде, Тәуке.

4. Еженнен – Құдаймеңді, Сығай, Әбдилда.

5. Құдаймеңдіден – Атыхан.

6. Атыханнан – Белжан, Еркінбек, Сейлхан, Ыдырыс, Бабақұмар.

7. Еркінбектен – Уәлихан, Сыдық, Мұқан, Мәкей, Баймағанбет.

8. Мәкейден – Шаймерден, Төле, Әнет, Шора.

Өз балалары өзінен бұрын қайтыс болған, Әнет баласы өз қасында жатыр. «Тектіден текті жаратылады», — деген, арғы атасы алғаш қазақ хандығын құрған Жәнібек болса, қазақтың соңғы ханы Кенесары да төре. Сол тектілігіне тартып, Мәкей де соңғы өміріне дейін осы қазаққа, өз еліне, жеріне еңбегін сіңіре білді. Төремін деп бөлінген жоқ, жаны жас жетімдермен бірге болды.

1928-1932 жылдары халықтың басына қара бұлт үйіріліп, аштық келген кезде үрейі қашқан ел тігулі үйін, жинаулы жүгін тастап, аударып отырған құран кітабы ашылған қалпында, отының шоғы шашылған қалпында бір түнде шекара асып жатқан кез екен. Сол қайғы — қасіреттің қатты ағысына қарсы жүзген, Мәкейдің еңбегі ерекше екені белгілі. «О, тәңірім-ай! Талай қазақты талқысына салған тағдырдың тар жол тайғақ кешуінен таймай өтіп, талай жетімдердің тағдырын, тауқыметін бірге тартқан тарлан екен – ау», — деп әкем қатты күрсініп алды. Ауыл түбіндегі қараусыз, қоршаусыз қабірі, ауылдың малын үстіне иіріп қойып, төмпешігіне дәрет сындырып тұрған жас балаларды көргенде «Менде сендердей болғанмын, сендер де мендей боларсыңдар»,-деп қабір астынан дауыс естіліп тұрғандай сезіледі.

Облыс басшылары қолдаса, адамгершіліктен арыла қоймаған аудан әкімдері жақсылығын жалғаса, асыл азаматтарымыз аз көмегі болса да арнаса, ардақты азамат болған Мәкейдің алтын сүйегі бір аунап, жарқын бейнесі жарыққа шыққан болар еді — ау. Ақсу ауданының мектептерінде жас ұрпаққа тәрбие болып, жыр мүшәйралар, ашық сабақтар, тәрбие сағаттары, конкурстар, мәдени шаралар өтіп жатса нұр үстіне нұр болар еді.

Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев «мұғалімдер мәртебесін көтеру керек», — деген еді. Жылына бір рет ұстаздар күнінде ауыл мектебіндегі мұғалімдер қабіріне барып, оқушыларды апарып, гүлшоғын қойып, оқушыларға өнегесін айтып, өмірін балаларға арнағанын түсіндірсе, сол үшін ұстаздың еңбегі мен ұлағатына бас иеміз десе ұстаз мәртебесін көтерудің бір қыры осында емеспе. «Ағаш ағаштан тәлім алады, адам адамнан тәлім алады», — деген халық қағидасы осыған лайықты-ау сірә.

Тағы да айта кетерім осы Мәкейден білім алып, балалар үйінде тәбиеленген, қазақтың маңдайына біткен ақтаңгерлері, оза шапқан қасқаларының біразын атап өтуге болатын шығар. Жүрімбек Сыдықов Қазақ Ұлттық академиясының академигі, Қорғанбаев Бейсебек ата қанша жыл Ақсу ауданының білім бөлімінің басшысы, аудандық ақсақалдар алқасының төрағасы, Ақсу ауданының «Құрметті азаматы» болғаны, Мәсім атамыздан Кәрім Масимовтай Премьер министр шығып, Сүлейменов Иманбек Ұлттық академияның доктор, профессоры болуы, Нұрмұханбетов Бекмұханбет «алтын адамды» тапқан атақты археолог, Құдайбергенов Қалижапар үкіметке еңбегі сіңген ақсақал тағы басқалары осындай адамдардың Мәкейдің алдынан білім алып шығып, қазақтың бетке ұстарлары болғаны жайдан — жай емес шығар.

«Әр сөздің айтылатын мәнісі бар, сөйлемес бұрын алдымен танысып ал»,- дегендей осы зеттеудің барлығын көзі көрген қариялардан жазып алдым.

Осы кісіден білім алған балалар үйінде болып, аштықтан алып қалған адамдардың ұрпақтары қазір өсіп — өніп отыр. Көкірегі ояу, көзі ашық, әке — шеше аруағын сыйлағандар бар болса, сол қиын кездегі қаптың түбі қағылып, қара қазан қоңырсымай қалған ашаршылықтан ата-бабасын аман алып қалып, ұрпақтары осы бақытқа жетуіне бірден бір себепкер болған Мәкей ұстазына құрмет жасап, басына қоршау, белгі тас қоюына қол ұштарын берем деушілер болса мына телефон номеріне хабарласуға болады: 8-705-447-30-59. 1940 — 1950 жылдар арасында балалар үйі жабылғанда, жетім балаларды туған — туыс жамағайындарын іздеп тауып табыстапты. Ешкімі жоқтарды баласы жоқ адамдарға беріп, арттарынан жиі — жиі барып қарындарының аш тоқтығын тексеріп, жағдайларын біліп тұрыпты.

Осындай мейірімі мол, пейілі кең, алтын жүрек, Алатаудай тұлғасы биік, айбынынан айдыны артық болған, білімі теңіз, бір туар асыл ұстазды құрмет тұту, өзінің Еңбек ауылында ғылыми конференция өткізіп, атын жарыққа шығару ақсудағы ел — жұртымен әр азаматына үлкен сын. Талдықорған қаласынан Абдрасыл, Абылхайыр төрелердің телефон нөмерлерін тауып, сөйлескен едік. Қолдау танытатындай сыңай білдірді. Осы мақаладағы шежіреден оқып, аталас туыстары боп жатса, аталары хандық тақтан арылмаған, ата — бабасынан тектіліктері жойылмаған ақсүйек тұқымдары төрелер болса, Мәкей төренің басына қошау қоюға азағана болса да үлестеріңізді қоссаңыздар екен. Телефон номері осы мақала ішінде, хабарласыңыздар.

Мұқағали ақын айтқандай «шаң басқан архивтерден табылармыз» сөзінің тағы бір дәлелін қайталағандай болдым. Бұл сауапты іс болғанмен, жауапты іс болып тұр. Мәкей аруағы бәріңізге риза болғандай болсын. Алдағы уақытта жақсылық пен сәттілік болғай.

Біржан БЕКБОЛАТҰЛЫ,

Қарасу негізгі орта мектебінің

ұстазы.

Мәліметпен бөлісу: