Жауынгер жазбасы

ЕСПЕНБЕТОВ Намазбек — 1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысының ардагері. Еспенбетов Намазбек – шежіреші, арабша төте жазуға жүйрік бо­лып, ескіше хат таныған. Алматыдағы ғылым академия қоры мен тіл және әдебиет білімі институтына 1959-1961 жылдары халықтан Балқаш көлі, Іле өзені балығы, суы туралы мақал-мәтелдер, Құл ақын, Арсалаң ақын, Тайкөт ақын, Бекетбай ақын, Түбек ақын, Толғанбай ақын, Бақтыбай ақын, ақын Сара, Шиырбай шешен, Сабырбай ақын, Жанұзақ ақын, Ноғайбай ақын, Әсет ақын өлеңдерімен қатар тағы басқа түйсімді әдеби дүниелерді жинап-теріп, елден жазып алып өткізуші. Ғылыми қызметкер Балташ Ысқақов деген азаматпен тығыз байланыста жұмыс жасапты.

Төменгі өлеңдерді Намазбек Еспенбетов 1959 жылы, 7 желтоқсан күні дәптерге арабша төте жазып қалдырған. Әріптері көмескі тартып, оқылуы қиынға түсті. Сүзіле отырып, осы өлеңдер анық шықты. Ұлы Отан соғысының 75 жылдығына орай, «Аталар ерлігі мен ерен сөздері ұмыт, ескерусіз қалмайды» деген ниетпен әмбе Ақсу ауданының тумалары екенін білдіріп, аудандық «Ақсу өнірі» газетіне ұсынып отырмын.

БРЕСТ ҚАМАЛЫ

Алғашқы бетте жау келіп,

Басып қалды Бресті.

Қамал тас боп бекінді,

Бірден жаумен күресті.

Қанды майдан басталды,

Табан асты сіресті.

Оқты борап, қан төгіп,

Алпауыт фашист тіресті.

Бомбы түсті құйылып,

Өлгендер жатты мүгіліп.

Тозаңды түтін өрт жанып,

Аспан кетті бүлініп.

Істік қылыш шабысып,

Сыбанып білек қағысып.

Құртып жатты немісті.

Ортаға алып опырып,

Жауды қырып талқандап.

Жойып жаттық біз күшті.

***

Бомбылар көктен түскен күрілдейді,

Шыдамай жер сілкініп дүрілдейді.

Оқ жауып, қандар ағып, халық шулап,

«Жатыңдар» деген сөздер гүжілдейді.

Оқ жауып, жарқ-жұрқ етіп түсіп жатыр,

Оқ тиген жерді барып құшып жатыр.

Шабысып қанжар-қылыш қанға батқан,

Шөліркенген қанды су ішіп жатыр.

***

Қирады қамал қалған жоқ,

Өтті күн, жер шайқаспен.

Жиырма тоғыз күн өтті,

Қан төгіскен айқаспен.

Қан төгіліп, сел болды,

Қырылып жау, жер болды.

Адам жейтін нан да жоқ,

Қатты қырғын шөл болды.

Оқ дәрі жоқ, таусылды,

Жан дыбысты қалмады.

Жау қырылды жойылды,

Бірақ жерді алмады.

Беті жаудың жаманды,

Таба алмады амалды.

Қала өртенді қан болды,

Түйір тас та қалмады.

***

Зауытты орталық кетті алып,

Қопар деп жау қолында бұлар қалып.

Қан төгіс қырғын соғыс ел шайқалды.

Бұл жауды қырып жатыр қанға малып.

Көгенде халық шулап, қайғы басты.

Оқ атты, қылыш шапты, ер шайқасты.

Тау мен сай, орман, тоғай, аққан өзен,

Қим-қиғаш қырғын соғыс араласты.

Еріксіз басып кірді жерімізді,

Қызыл қан алып күміс, кеңімізді.

Мал баққан, кен қопарған, жайына жатқан,

Кенерлі қан құштырды елімізді.

Ел үшін, Отан үшін, халық үшін,

Жинады топтастырып бәр қам көшін.

Әділдік алтын туы халықта,

Бұл жауды кыру үшін қайрап тісін.

Оқ атты, қылыш шапты, қанға батты,

Өлгендер төбе-төбе болып жатты.

Шайқасқан дүние жүзі болды соғыс,

Басшыда әдіс бітті, қатты састы.

Жауынгер елі күшті, үкіметтің,

Ортаға бары келді тірі шептің.

Талқандап жауды қырып, жерді алып,

Жаратқан өзің болдың бірі септің.

***

Ұлы Отан соғысында мерт болған Баймолдаұлы Әлімбай — 1941 жылы, қыркүйек айында әскерге алынады. Әлімбай Баймолдаұлының өлеңдері.

АБЫСЫН-ЖЕҢГЕСІНІҢ ҚОШТАСҚАНЫ:

Солқылдаған аққайын,

Жапырағын баспайын,

Жолын болсын қарағым,

Ақырын сұрап саспайын.

Сырымды айтар сырласым,

Әділетін бұрмасын.

Жаудың жолы болмасын,

Аман қайт, қалқам, қимасым.

Көңіл ашар мұңайтар,

«Жылама» деп, кім айтар?

Жарасқан көңіл, ойының,

Тілеуіңді тілеймін!

Сағынып-ай, күлкіңді,

Күнде ойлаймын, жүдеймін.

Жазып тұр қалқам хатыңды,

Артықша туған затыңды.

Елің үшін туғансың,

Естімей жаман атыңды.

Жауға бер соққы, тартын ба!

Ойласаң бара артыңды,

Солқылдаған көк шыбық,

Басын тартсам сынбайды.

Аман қош бол, көргенше,

Сенсіз кім —————

Опасыз Отан дүниеде

Көргенім жоқ мұндай——-

***

Жетісу, Алатауым, Балқаш көлім,

Лепсі , Ақсу, Сарқан туған жерім.

Барамын қан майданға қарсы жауға,

Аман бол, көргенімше, қайран елім.

Көремін бе, әлде сені көрмеймін бе,

Ақ нанымды, тәтті жеміс жеген жерім.

Опасыз дүниеден қауып қатты,

Сынады елді ойласам менің белім.

Түршігем жау дегенде қаным қайнап,

Жаңбырдай жауған оққа жоқ қой сенім.

Өр бесікте елін қорғап жаудан өлсе,

Амал жоқ қандай жақсы мұндай өлім.

Аман бол Садыр, Матай туған елім,

«Кім бұл» деп, кіндік кескен мекен жерім.

Ел үшін, Отан үшін, анам үшін,

Адалдық қой, бұлар үшін төккен терім.

Матайдың ——-

Шыққан қалам.

Жылап тұр мені қимай,

Қайран анам.

—- қанды майдан қаза тапсам,

Артымда жас қалып тұр екі балам.

Жетімдік көрсетпесін сеніп тұрмын,

Өкімет, партиям — менің панам.

***

НАМАЗБЕКТІҢ АҒАСЫ НАЗАРБЕК:

Жал құйрығым қанатым,

Жан серігім оңатын.

Сенен қалып не болам?

Жауға шабар болатым.

Жауға шабар қылышым,

Қысылғанда тынысым.

Жаратқан жәрдем бола көр,

Маңдайдағы ырысым.

Сен кеткен соң не болар?

Көргенде мінсіз жүрісің.

Аман бол, қарғам, көргенше,

Қайтып кеп, сәлем бергенше.

Сыйлап тұрдың ағалап,

Көз жұмылып өлгенше.

Бұл барғаннан барарсың,

Қан майданға кірерсің.

Қардай жауған қалың оқ,

Қалай аман қаларсың?

Бетіңді бер сүйейін,

Өртейді ішті қан майдан,

Хат жазып тұр, қарағым.

НАМАЗБЕКТІҢ АНАСЫ ЗЕЙНЕП:

Тауға біткен жалбызым,

Құмға біткен аңдызым.

Бұл барғаннан келмесе,

Не болар күнім, жалғызым.

Аман бол, қалқам, көргенше,

Не боларын келгенше?

Бұл барғаннан келмесең,

Қан жұтармын өлгенше.

«Ақырын бер» деп сұраймын,

Қайғының күйін бұраймын.

Сен айналып келгенше,

Жалғыз қайтып шыдаймын.

Ақ сүт ішер, күн қайда үйдегідей,

Асырап, бақтым жеміс жидегіндей.

Тәрбиелеп өсіріп,

Еліңе жақсы тегіндей.

Жүрегім жанып өртеніп,

Жалғызым тұрмын қиялмай.

Сенен қалып айырылып,

Шын жылаймын ұялмай.

Ұлы Отан соғысына қатысып, көзбен көргенді, аз болғанымен, жазба қылып артыңа қалдырғандарының өзі ұрпаққа мән. Сұрапыл соғыстың ащы шындығы есіп-ақ тұр. Тәңір ұрпақ басына соғыс келтірмесін. Отан қорғап, соғысқа қатысқан аталар даңқын арттырып, мәңгі есте тұтайық.

Жемісбек ТОЛЫМБЕКОВ.

Мәліметпен бөлісу: