
Мазасыз жүрек
Алмас тілді ақын, талантты журналист, «Жерұйық» газетінде тілші болған жылдары қаламынан оқырман қызыға оқитын өрнекті очерктері, сараптамалық мақалалары жиі туындаған Жамау Бұхарбаевтың туғанына биыл 70 жыл толады. Кейінгіге үлгі-өнеге болу үшін ноқтаға басы сыймай кеткен ақынның мерей жасы туған жерінде аталып өтеді деген нық сенімдеміз. Демек қаламгер мұрасын саралау, жырларымен сырласу оны жан-жақты тануға ізашар болады, мазасыз жүректің лүпілін естуге мүмкіндік береді.
Жамау ақынның менде оншақты туындылары жазылған өлең дәптері сақталыпты. Сірә, газетке жариялау үшін бір келгенде арнайы қалдырған болар деп ойлаймын. Анда – санда құнды қолжазбаларға толы мүкәммал-мүлкімді ақтарғанда сол сарғайған блокнот, ондағы сиялы автоқаламмен аққағазға анық түскен айшықты қолтаңба көзіме оттай басылады. Осы жыр дәптеріндегі Есенинге арналған өлең «Мазасыз жүрек» деп аталады екен.
Туған жердің дауылпаз түлегі көп,
Түлегі көп,
Түрліше түледі кеп.
О, Есенин, білемін мен өзіңді,
Ресейдің мазасыз жүрегі деп…
…Алып-ұшып,
Асығыс дән алдың да,
(Муза талай сен десе қанар мұңға).
Бойлап кеттің жып-жылы топыраққа,
Жүрек болып бір рет қадалдың да …
Үзіндідегі поэтикалық кеңістікпен бейнеленгендей «жүрек болып қадалып, жып-жылы топыраққа бойлап кеткен» еркін де ерке Есенин тектес жан дүниесі жұртым деп жұлқынған Жамау дәні де бүгін өнімін беріп, өңірін өлең –өнерге сүйсіндіріп келе жатқаны шындық. Сондықтан аға қаламдастың өзі, шығармасы жайындағы естелікті жазарда осы тақырып жадымда тұрып қалды. Расында да Жамау ақынның жүрегі елім еңсесін түзесе деп, қазағым қоңсыларынан қалыс қалмаса деп шарқ ұратын еді.
Жамау Бұхарбаев туралы өмірдерек 2004 жылы «Арыс» баспасынан шыққан «Жетісу» энциклопедиясына енген. Онда 1949 жылы Ақсу ауданындағы Діңгек ауылында туғаны, 1994 жылы қайтыс болғаны, ҚазМУ-ді бітірген соң «Жерұйық» газетінде тілші, Сарқан, Киров аудандық газеттерінде редактор, жергілікті «Азат» қозғалысының және «Аққұс» шығармашылық қауымдастығының төрағасы болғаны тізбеленеді. Әйтсе де «Жетісу жауқазындары», «Баспалдақтар», «Жайдарман» жыр жинақтарына өлең топтамалары енгенін, соңында «Жаннатым менің», «Пері қызына хат» сынды өзіндік үні, сыры мен мұңы тұнған кітаптары қалғанын, Ақсу ауданы орталығындағы бір көшеге Жамау Бұхарбаев есімінің берілгенін білетін көзі қарақты оқырмандарының барлығы көңілге медеу.
Маған енді қажеті жоқ түктің де,
Не қыламын қасиетін алтынның?
Күйдім,
Жандым,
Күңірендім,
Ұттым не,
Сорға айналған көлдей мүлде сарқылдым.
Ол осылайша «Пері қызына хат» жазып, өлімнен биік тұрғанын тірлігінде –ақ дәлелдеп кетті.
Дегенмен бір күндік сәулеге ештеңе де жетпейді. Жазымышқа көнсек те ана жылдары көзден кетсе де көңілден кетпей, ақын ағамыздың орнын толтыра алмай жүргенде төмендегі аза-жыр қаламымнан қамығып туған –ды:
Аман болса амал не көш –көлігің,
Түспес еді –ау қағазға естелігім.
Кесте жырым мақтау боп өрнектелмей,
Жоқтау болып оралдың еске бүгін.
Қылау түспей кетті рас дос көңілге,
Көрдің өмір шуағын, өкпегін де.
Табысып ек, танысып Алматыда,
Сонау жетпіс сегіздің көктемінде…
Танысуымызға Ордаш ағамыз, табысуымызға ортақ мақсатымыз себепкер болғаны анық. Сол жылдары ҚазМУ-де оқып жүрген біз кезекті сессияға келген Жамау ақынды «Жетісу» қонақүйіндегі нөміріне арнайы іздеп бардық. Көп ұзамай бірге өскен бауырлардай емен-жарқын әңгімеге көштік. Сырластықтың бұл бастамасы болды да, кейіннен Талдықорған-Жансүгір-Лепсі арасы қаншама жыл сағыныш болып жалғанды.
Жамау ақынның балалығы елдің ертеңінен үмітті елуінші жылдарда өткен. Қатарластары сияқты соғыстың санада қалдырған сызын сезініп өскендіктен болар сол бір сұрапыл жылдардың көлеңкелі тұсын шама-шарқынша жырлады да. Маған ақынның «Солдат жесіріндегі» аз сөзбен көп мағына беруге ұмтылған үшқыр ойы, ұтымды формасы ұнайды:
Күрсінтіп күткен жүректі,
Күлімдеп көктен күн өтті,
Шалағай –шарпы көз ілер.
Шерткілеп шерлі әйнекті,
Елес боп ізсіз ай кетті,
Жидіген жүрек езілер.
Құлпыртып талай қырды нұр,
Қузайды арттан жыл-ғұмыр,
Мүсіркейді екен өзін ел.
Сұрау сап ұшқан уылжып,
Оралды үміт күмілжіп,
Сезінер жүрек, сезінер…
Мұндағы «Шерткілеп шерлі әйнекті» немесе «Қузайды арттан жыл-ғұмыр» деген өміршең жолдар кез-келгеннің тіліне орала бермейтін оңтайлы да ойлы, жанды тіркес. Алдыңғысы боздақтарын тыныштықтың өтеуіне берген ауыл үйлерінің әйнектері де шерлі екенін, екінші күтумен келісті бір ғұмырдың тұл болып өтіп бара жатқанын шеберлікпен кескіндеп отырған жоқ па? Сондай-ақ «уылжып ұшқан үміттің күмілжіп оралуы» таңдайыңа татитын, жадыңда жатталатын жыр ұшқыны емес деп кім айта алар?!
Бұл пікірді «жоғалған пышақтың сабы алтын» деп қимастықпен айтып отырмағанымыз хақ. Ол жылдары өзара өлең оқысып, жетістік –кемшілігін жасырып-жаппай айтуға дағдыланғанбыз. Баспаға жолдама аларда өлең жинағы жабық та, ашық та рецензияланатын. Ондайда Жамау ақынның ажары ашық, жүзі жарқын. Себебі таланты мен талпынысы ұштасып жататынын аға буын ақындар да мойындап үлгерген.
Жамау Бұхарбаевтың шағын өлеңдерден бастау алған шығармашылығы сюжетті, оқиғалы, байыпты да байсалды ой түйіндеген балладаларға, эпикалық кең тынысты дастандарға ұласқаны қатарластарын сүйсіндірді. «Шатырбай-Мәулім» , «Нартайлақ-Назар», «Мерген» дастандарының көтерген жүгі қомақты екендігі бас қосуларда айтылып жүрді. Оның үстіне облыстық газетте жарық көретін очерктері көркемдік жағынан әңгімеге бергісіз дараланып тұратын. Ол отызды орталап, қырққа қадам басқанда ел мен тіл тағдыры жанын ауыртып, саясатқа да араласты. Осы жерде ақындық қуатының, қаламгерлігінің көмекке келгені анық. Айтарын ірікпеді, істің ақ-қарасын айқындап, қарулыға құр қол жүгіруден тайынбады. Сол жылдары дүниеге келген төмендегі бір өлеңі маңайындағы мансаптының бітім-болмысын әшкерлеп тұрғандай:
Ізің жерге түседі, елге-елесің,
Шөлдемесің белгілі, терлемесің.
Ағарғанның бәріне күйе жағып,
Өзім ғана болсам деп сен келесің.
Күйінесің, көбеймей өкшелесің,
Осылайша бір күні екшелесің.
Көгергеннің бәріне көз алартып,
-Таптап кетсем, шыркін-ай,-деп келесің.
Белгілі ғой шама жоқ. Таптамайсың,
Еш жақсыны шешіліп мақтамайсың.
Қандай адам түбінде ақтар сені,
Жаза басса –ешкімді ақтамайсың.
Ақынның жанына батқандай ағарғанның бәріне күйе жағып, көгергеннің бәріне көз алартып, жүргендерден әлі арылмағанымыз айналамызға аян. Тәуелсіз ел болып тұғырымыз биіктесін десек, көсегеміз көгерсін деген ақ ниетке ұйысақ өз ішіміздегі алалықтан ада болмағымыз парыз. Осына ойлап ақын жанының ауырып, бейтарап, беймарал, бейқам жұртын оятам деп жанталасып жүріп өз отына өзінің өртенгенін айналасы біледі. Қаймана көпшілік те оны соңындағы бай мұралары –өлеңдері арқылы ұғынады әлі. 1990 жылы «Жазушы» баспасынан ақынның «Любимый край» атты өлеңдері мен поэмалары орыс тілінде жарық көріп, көпшілікке тарады.
Ол достыққа адал болатын. Бөрлітөбеге жолы түскенде, немесе бізді Ақсудың дәмі тартқанда, әлде Алакөлге бірге сапарлағанда Жәкеңнің адалдықтың айнасындай ізгі істері ғана есімде қалыпты. Жоғарыда мысал келтірген естелік-жырымда ақынның үйімізде болған бір сәті төмендегіше өрнектеледі:
Адалдықпен арамыз арқандалды,
Сыйластыққа сырт көздер сан таңданды.
Отбасылық альбомға ойып тұрып,
Қалдырыпсың қос шумақ қолтаңбаңды:
-«Есті зерде енші алып бұл өмірден,
Бұл отауға достары күле кірген.
Бұл отауды, бұл үйді Сайраш, Жомарт,
Отан қылып өтер деп білемін мен.
Білдім –дағы қалдырдым ақ көңілді,
Ыстық леп боп төгілген жүрегімнен.
Бақытыңды жыр етіп алға аттайын,
Арманыңды қызымдай ардақтайын.
Асылыңды ұлымдай әлпештейін,
Сағынышты алтындай салмақтайын.
Бірақ, бірақ, о құдай, сен бар болсаң,
Сағынышты мен мұңға жалғатпайын!»
Қалдырыпсың осылай жырлар арнап,
Алыстаса ақын да тұлғаланбақ.
Өкінішті, өртендің өз отыңа,
Қимастықты отырмын мұңға жалғап.
Оның тіліне оюлы ой, тегеуірінді тіркестер жиі оралатын. Жазғандағы шеберлігі сөйлегенде шешендікке ұласатын. Бірде Жансүгірде ақынның белгілі саясаткер Хасен Қожа-Ахметпен арадағы ұлт келешегі туралы әңгімелеріне ортақтасып, ой-өрісінің кеңдігіне тағы да тәнті болғаным бар.
Ақын –суреткер. Өлеңдегі олжа ілкі сәттерді тап басып, сөзбен мың сан ойға жетелейтін сурет сала білу. Бұл тұрғыда Жамау ақынның суреткерлігіне айғақ бола алатын өлеңдерін көп іздеп әуре болмайсыз:
Самал ескек толып –толып күреген,
Хош иісін қотармайды мұрныңа.
Сыны кетіп, сыры ұшқан, жүдеген,
Жаурағандай сілкінеді қыр мына.
Бой балқытар жыры мұңға айналып,
Толқындардың түйілгендей ішегі.
Жағалауға мұз кілегей байланып,
Жарқабақтан ұшқан мизам түседі.
Өткен түннің сызы қандай?
Білмеп ем.
Ала шарфы салып алып мойнына,
Төңірекке тау қарайды зілменен,
Қашқан бұлттар тығылмайды қойнына.
Қаз қаңқылдап, шаңқылдамай шағала,
Шау тартыпты шауып кетер қунақ ай.
Айналаның бояуы оңды. Сары ала,
Сүмбіленің желі де тым сумақай.
Бұл суреттелген суы суып, бояуы оңған сүмбіле-өмір күзі ақынның көңіл күйімен астасып, жанын тоңдыратынын сезіндім. Сезіндім де «төңірекке зілмен қараған» айналасындағы Алатаудай ағаларынан жылылық ауыса алмаған шуақсыз шақтарының кездескендігіне қынжылдым.
Жамау ақынның ортамыздан кеткеніне ширек ғасыр толыпты. Оның рухы мәңгілік мекенінде жатып ап туған жердің төсіндегі ізбасарларымен сырласады, миллиондармен мұңдасады, соңында қалған өмір-өлеңі арқылы мың жасайды.
Туған жердің талының әр түптері,
Сағындырып жүретін тартып сені.
Үлгермедің тойлауға қырық бесті,
Қос қырық бес ақынға артық па еді?!
Жомарт ИГІМАН,
Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі.