Сұлулығымен талайларды тамсандырған, ақындардың жырына арқау болып, әсем ән салдырған киелі Жетісуды сөзбен суреттеп жеткізу мүмкін емес.
Табиғаттың барлық сұлулығын өз бойына жинап алған Жетісу жерінде туризмнің кез келген түрін дамытудың аса зор мүмкіндіктері бар. Өзендер өрнектеп, асқар таулар айбынын асырып, айдын көлдері мен ормандары тамашасына тамсантқан өлкеде алғаш көргеннің көзін тойдырар, көңілін шалқытып, шабытын тасытар тұмса табиғатты тамылжыған орындар жетіп артылады. Жетісу жеріне алғаш жолы түскендерді таңғалдыратын және туристерді қызықтыратын нысандар жетерлік. Ақсу ауданында тың кәсіп – марал шаруашылығы қолға алынып, Шығыс Қазақстан облысынан 23 марал жеткізілді. Арынды өзен Ақсу суының бастауында орналасқан шаруашылық кербұғыларды арнайы қоршалған орынға жіберді. Суықсай ауылдық округіне қарасты Ақтөбе ауылында орналасқан «Аршалы тур» ЖШС медициналық туризмді дамытуды көздеп отыр. Марал – киелі жануар. Оның мүйізінен алынатын қанның талай дертке шипа екенін бірі білсе, бірі білмес.
Марал мүйізі қанының құрамында адам ағзасына пайдалы 25 түрлі микроэлемент бар. Ал сорпасына түсу сүйек, буын ауруларына адам денсаулығын нығайтуға таптырмас ем. Кәсібін енді бастаған Алдабергенов Берік Кенжебайұлы демалыс орнына туристердің ағылып келетініне күмәнданбайды. Жол азабын тартып, дертке шипа іздеп, Өскеменге барып жүрмей, жақын жерден шипажай ашылса халыққа тиімді болары хақ. Емдеу-сауықтыру кешенін ашып, демалыс орнына айналдыру басты мақсаты болып отыр. Кәсіпкер осы саланы бастау үшін жаз уақытында Катонқарағайға арнайы барып 10 күн марал өсірудің қыр-сырымен танысып, панта әзірлеуді үйреніп қайтыпты. Алдағы уақытта тағы да маралдардың санын арттырып, осы кәсіпті дамытуды жоспарлап отыр.