АРДЫ ОЙЛАҒАН АРДА АЗАМАТ
/Жүйкені жұқартқан жекешелендіру жайлы сыр/
Үлкенді үлкендей сыйлап, ініге деген ілтипатынан жаңылмайтын, ел адамы деген еңселі сөзге көлеңке түсірмейтін, айтса қандай жауапты іс болса да орындайтын арда ағаларымыздың үлгісі біздердің, кейінгі інілерінің есінде. Рас, еліміздің басынан небір қиындықтар өткені баршаға айқын. Бірақ, Алланың біздің елімізге деген шамшырағын ешкім де өшіре алмады. Өйткені, ата – бабаларымыз Құдай жаққан шырақты шайтан да үрлеп өшіре алмайды, – деп айтып кеткен дана сөздері осыған дәл келіп тұр. Оның айғағы – мың өліп, мың тірілген қазақтың Тәуелсіздікке қол жеткізуі. Иә, Ұлы даланы дүбірге бөлеген еркіндіктің арқасында ел еңсесін тік көтерді. Рас, Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарындағы қиындықтарды әлі ешкім ұмыта алған жоқ. Міне, осындай қиыны мен қуанышы қатар келген жылдары ел ертеңі, келешектің кемелденуі үшін ұшан – теңіз еңбек еткен арда азаматтар көп болды. Солардың қатарында болған бүгінде зейнеткер Бағжан Айманбетовтың есімін айырықша атауға толық негіз бар.
Ендеше, алдымен кейінгі ұрпақ жастарға, оқырман қауымға Бағжан ағамызды таныстырып алайын.
Айманбетов Бағжан Сауытқалиұлы 1954 жылы Ақсу ауданы, қазіргі Жансүгіров ауылында, ұстаздар отбасында дүниеге келген. Әкесі Айманбетов Сауытқали Ұлы Отан соғысы ІІ — дәрежелі ордені мен Жеңіс медальдарымен марапатталған. 1938 — 1948 жылдары Совет Армиясында, офицер шенінде елге оралған және Қазақ КСР-і халық ағарту ісінің озық қызметкері, еңбек ардагері. «Құлпытас» және «Адалбақан» кітаптарының авторы. Кітаптары жеке қаржы есебінен шығарылып, Ақсу ауданы мектеп кітапханаларына тегін таратылды. Шешесі Досжанова Мейірбану тоғыз баланың анасы, «Алтын алқа иегері», Ақсу ауданында мұғалім, мектеп, интернат, балабақша басшысы қызметін атқарған.
Өзі, Қызылорақ орта мектебін 1972 жылы, Қазақ мемлекеттік ауылшаруашылық институтының экономика факультетін 1979 жылы бітірген. 1972 — 1974 жылдары Совет Армиясы қатарында болды. Еңбек жолын Қаракемер совхозында спорт медодисі болып бастайды. Институт бітіріп келгеннен кейін осы шаруашылықта экономист қызметінен атқарды. Одан кейін Ақсу тәжірибе шаруашылығында бас экономист, Басқан қой совхозында, Ақсу ауданы ауылшаруашылық бөлімінде экономист, 1985 — 1992 жылдары Ақсу аудандық статистика бөлімін басқарды. Егемендік алған жылдары конкурс жолымен Ақсу ауданы Администрациясына 1992 — 1996 жылдары экономика жөніндегі әкім орынбасары болып, аудандық экономика комитетін басқарды. Осы кезеңнің жаңа міндеттеріне сай, мемлекеттік жекешелендіру, жәке кәсәпкерлікті тіркеу және қолдау, ауылшаруашылығы жұмысшылары мен қызметкерлерінің мемлекеттік меншік үлесін, жер пайларын үлестіру тағы басқа жұмыстарына жетекшілік етеді.
1997 жылы отбасылық жағдайына байланысты Алматы қаласына қоныс аударды. 1997 — 2001 жылдары Алматы облыстық қаржы бақылау басқармасының бас маманы — ревизоры қызметінде, 2001 — 2003 жылдары Алматы қаласы әкімшілігі тәртіптік Кеңесінің бас инспекторы, 2003 — 2008 жылдары ТОО ИПК «ZHER SU» Бауыржан Оспанов Компаниясында ауылшаруашылығы Департаментінде бас экономист, Департамент басшысының орынбасары, ТОО ИПК «ZHER SU» Бауыржан Оспанов Компаниясында қаржы аудиторы қызметінде болды. 2008 — 2012 жылдары жеке кәсіпкерлікпен айналысады. 2012 — 2018 жылдары Алматы қалалық Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасында бас маман ревизорлық қызметінде болды. 2017 жылы зейнеткерлікке шықты. «Қазақстан Конституциясына 20 жыл», «Батыр шапағаты» медальмен, Алматы Қаласы әкімшілігінің Мақтау қағаздарымен марапатталған.
Жұбайы Жапарқұлова Бақыткүл мамандығы ауылшаруашылығының экономист есепшісі. Аудандық астық дайындау мекемесінің бас есепшісі, аудан шаруашылықтарында есепші, Ақсу тәжірибе шаруашылығының бас есепшісі, Көкөзек ұжымдық шаруашылық басшысы болды. Екеуі бір ұл, бір қыз тәрбиелеп өсірді. Немерелері бар.
Қызы Айманбетова Әсел Қазақ Ұлттық банкінің еңбегі сіңген қызметкері төсбелгісі, мерекелік медаль иегері.
Өзі зейнет демалысына шығып, 2018 жылы мұсылмандықтың бесінші парызын орындап қайтты.
Сонымен, Бағжан ағамыз ұяда көргенін ұшқанда іледі дегендей Қазақ мемлекеттік ауылшаруашылығы институтын оқып бітірген соң, әке өсиеті бойынша кіндік қаны тамған туған жеріне оралды. Келген күннен бастап «Қанша биікке шықсаң да, қандай қызметте жүрсең де қапайымдылықтан ажырама, ел – жұртыңа бас ие біл», деген әке өсиеті Темірқазық жұлдыздай болашағына батыл қадам басуға бағыт берді.
Ол қарапайым қызметтен бастап, мекеме басшысы болған шақта Ұлы Абайдың «Пайда олама, ар ойла» атты сөзін жадынан бір сәтте шығарған жоқ. Керісінше ешкімнің ала жібін аттамай, айналасына шапағатын тигізіп, өз саласының нағыз саңлағы атанды. Оның осындай іскерлігін, жауапкершілігін аңғара білген аудан әкімдігі тәжірибелі басшыны аудан әкімінің орынбасарлығына шақырып, тағайындады. Әрине, Тәуелсіздіктің алғашқы қиын кезеңінде мұндай аса жауапты қызметті атқару бірден оңайға түспесі белгілі. Бірақ, атаның қанымен, ананың сүтімен келіп жылдар бойы қалыптасып, шыңдалған қасиеттерінің арқасында жаң қызметті өзіне тән жүйелілікпен меңгеріп, абыроймен атқарды. Бұл кезең Кеңес одағы тарап, өзара шаруашылықтар арасындағы байланыстар үзіліп, ел экономикасы үшін қиындықтарға толы болды.
Енді ес жиып келе жатқанда бірден дамудың даңғыл жолына түсу аудан үшін оңай болмады. Ел жарықсыз, жылусыз күн кешіп, жұмыссыздық белең алып бара жатты. Осы қиындықтарды еңсеріп, халықтың әлеуметтік жағдайын көтеру жолында білек сыбана жұмыс жүргізгендердің қатарында Бағжан ағамызда алғы шептен көрінді. Соның бірі совхоздардың экономикасы туралап, ұжым басқару тәсілдері тәлтіректеп, жаппай жекешелендіру науқаны басталған кезде осы жұмысты жүйелі түрде жүргізуді Бағжан ағамызға тапсырған еді. Бұл «ауырдың үстімен, жеңілдің астымен» атқара салатын шаруа емес еді. Өйткені, қызыл империяның «Майлы жіліктің» басын ұстап дәндеп қалған қызыл директорлары шаруашылықтарын таратқысы келмей жоғары жақтың нұсқауына бас изеп, төменгі жаққа қырын қарайтын кез туды. Һәкім Абай атқандай, «… Баяғы қулық бір алдау, Қысылған жерде жан жалдау» демекші Бұл науқан туралы Б.Айманбетов былайша әңгімелеп берген еді:
Еліміздің алғаш егемендігін алған кездері, Аудан тұрғындары арасындағы қаржы тапшылығы, бюджет мекемелерінің қызметкерлеріне еңбек ақыларын 2-3 айлап төлей алмау, зейнет ақылар уақында төленбеу, товармен беру үрдіс алды. Нарықтық қатынастардың енуіне байланысты, күрделі өзгерістерге жаңа талаптарға еліміз көпшілігі дайын болмады, мемлекеттік жекешендіруден алған үлесін, мал мүліктерін дұрыс пайдалана алмады, келешекті болжай алмады. Советтік жоспарлы экономикаға үйренген еліміз нарыққа дайын болмады. Ауданда шаруа қожалықтары көптеп ашылды, бірақта «Бөлінгенді бөрі жейді» деген ұғымды алға тартып, ұжымдық шаруашылықтарды құру басталды. Түсіндіру жұмысы әкімшілік тарапынан болғанымен аздау болды. Ұжымдық шаруашылық басшылары ұйымдастыру қабілеті болғанмен, қаржы мәселелерін шеше алмады. Агробанк ұжымы банкротқа ұшырады. Шаруашылық басшылары кредиторлармен өндірген өнімі жетпесе, қолдағы мал мүлікпен есеп ажыратты. Қолдағы дүние мүліктен айрылған шаруашылықтар тарап, елдер мемлекеттік жекешендіруден алған үлесінен айрылды. Мемлекеттік саясат, әркім жекешелендіруден алған дүниесімен, күн көру оны көбейту мақсатынан айрылды. Ел қалаға көшті, жұмыссыздық белең алды. Жер даулары көбейді. Суармалы жерлердің суару жуйелері бұзылып, төменгі шаруа қожалықтары сусыз қалды. Төл дақылымыздың өнімі азайып, бетке ұстар қант заводымыздан шығатын өнім азайып, өзіндік құны қымбаттады, уақытша қызметін тоқтатты. Қиыншылықтарға қарамастан, елдің еңсесі түсірмеу мақсатында ауданда мәдени көпшілік жұмыстары, жұмыссыздықпен күрес, қаржы жүйелерін тұрақтандыру тағы басқада жұмыстар күн тәртібінен түскен жоқ. Мемлекеттік салықтың орындалмауы, электрэнергиясының тапшылығы сияқты қиыншылықтарды жеңілдету барысындағы жұмыстарға белсене қатыстық.
Міне, осындай қиын жағдайда бұлақтың көзін ашқандай әрекеттерге барды. Күн демей, түн демей ширақ қимылдап, жағдайды түзетуге зор талпыныстар жасады. Әр шараның тетігін дәл басып, жаңаша әрекеттер қолданып, шаруашылық басшыларының беттерін бері қаратты. Өзін шебер, замана талабына сай ұйымдастырушы ретінде көрсете білді.
Елге қызмет етудің сан салалы сүрлеу соқпағынан өткен, қосшы да, басшы да бола жүріп, кісілік кең қадыбын өзгертпей келе жатқан Бағжан аға туралы көл – көсір әңгіме айтуға болар еді. Бірақта мен барға қанағат айта, білер ата – бабаларымыздың қасиеттерін қадір тұтып,Тәуелсіздіктің 30 жылдығында Бағжан аға туралы осы шағын сырды жариялауды жөн көрдім.
Ербол СЫМХАНОВ,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі.