ТӘУЕЛСІЗ ЕЛДІҢ ҰСТАЗЫ

Ұстаз деген – жарық күні ғаламның,

Ұстаз деген — анасы ол адамның

Бүкіл әлем мойындайды еңбегін,

Сен де одан адам болып жаралдың…

Иә, ұстаз — ұлы есім. Ұстаздық — ұлы мамандық. Ұстаз — әрқашан ілім мен ізгілікті алға қоятын, баланың болмысына ата — анасынан кейін ақыл-ой, адамгершілік, әдеп пен ар — ұятты, сана-сезімді, рухани құндылықты сіңіретін тұлға. Күн сәулесі өмірге қандай жарық берсе, ұстаз да шәкіртіне сондай жарық береді. Ұстаздық ету тағылымы терең өнермен тең. Өйткені ұстаздық ізгілікті ізденісті, ерен еңбекті, шығармашылық шабытты, теориялық терең білімді, педагогикалық озық тәжірибені қажет етеді. Адамзат баласына білім беруде басты тұлға-ұстаз.

Мемлекетімізді дамытатын, халқымызды бақытқа бастайтын бірден бір құдірет-білім десек, қазақтың бірегей тұлғасы Шоқан Уәлиханов: «Халықтың кемеліне келіп, өркендеп өсуі үшін, ең алдымен азаттық пен білім қажет»,-деген екен. Білім-өмірде таяныш, жолда – дос, жалғыздықта – жол­дас, қуанышта-бастаушы, қайғыда-медет, күресте-құрал, зұлымдыққа қарсы айла. Білім-шексіз қымбат қазына, өлшеусіз байлық болса, білімді ұрпақ- жарқын болашақтың кепілі.

Ғылым мен техника қарыштап дамыған заманда өзгермелі қоғамның көшіне ілесу, әлемдік білім кеңістігіне қол жеткізу, жасөспірімдерді кемел біліммен қаруландыру — ұстаздың еншісіндегі жау­апты әрі аса маңызды іс.Ұлы ағылшын ағартушысы Уильям Уорд: «Жай мұғалім хабарлайды, жақсы мұғалім түсіндіреді, керемет мұғалім көрсетеді, ұлы мұғалім шабыттандырады»,-деген екен. Шәкіртінің санасына шексіз кемел білімнің нәрін сеуіп, шабыттандырып, еліміздің ертеңін жарқын ететін зияткер, дарынды ұрпақ етіп тәрбиелеу-ұстаздардың басты міндеті. Ұстаз тек білім берумен шектелмейді. Тәрбие мен білім- егіз ұғым. Осы орайда ойыңа еріксіз әлемнің екінші ұстазы, дана, ойшыл Әл-Фарабидің «Тәрбиесіз берілген білім-адамзаттың қас жауы» деген пікірі ора­лады. Тәрбие-сапалы білімнің негізгі діңгегі, арқауы. Құсқа қос қанат қалай керек бол­са, адамға білім мен тәрбие сондай керек. Ұстаз шәкіртінің бойына білімге негізделген этикалық құндылықтар мен өнер қуатын дарытады. Ұстаз еңбегінің әлеуметтік мәні, елдің мәдени өміріндегі рөлі де ерекше. Мемлекетіміздің өркениетті даму саясатының мектептегі насихаттаушысы, қоғамды дамы­тушы, тәуелсіз мемлекетіміздің белді мүшесі, өзіндік орны ерекше өкілі-ұстаздар. Нағыз ұстаз өзінің ісімен, көркем мінез-құлқымен, әдепті жүріс-тұрысымен тәуелсіз еліміздің эталондық бейнесі болып табылады. Орыс ойшылы Анатолий Луначарскийдің «Ұстаз-бұл жас ұрпақтың бойына ғасырлар бойы жинақталған барлық асылдарды сіңіруші, оларды соқыр сезімдерден, жамандықтардан және жұқпалы мінездерден аулақтатушы адам»,-деген пікірі қашан да құнды дер едім. Жас ұрпақтың жарқын болашаққа ба­рар жолын айқындап, бағыт — бағдар беру, патриоттық, Отансүйгіштік, зияткерлік тәрбие беруде ұстаздардың рөлі ерекше.

Еліміздің тұңғыш Президенті Н.Ә.Назарбаев: «Зияткер ұрпақ-елдің ертеңі, дарынды ұрпақты жетілдіру мен тәрбиелеуге баса мән беру-бүгінгі білім саласының басты міндеті»,-деп тәрбие саласының маңыздылығын атап көрсеткен еді. Салмағы ауыр саланың жүгін көтеріп, мемлекеттің маңызды мүддесін, негізгі саясатының басым бағыттарын жүзеге асырып жүрген ұстаздар қауымы екенінде дау жоқ. Осы орайда мемлекетімізде ұстаздардың мәртебесін көтеру мәселесіне үлкен мән беріп, 2019 жылы «Педагог мәртебесі туралы» Заң қабылданды. Педа­гог мәртебесі, педагогтің кәсіптік қызметін жүзеге асыру кезіндегі құқықтары, педагогтің материалдық қамтамасыз етілу құқығы, педагогтің көтермеленуге құқығы, әлеуметтік кепілдіктер туралы қағидалардың нақты баптарда көрсетілуі мұғалімге деген зор құрмет екенін көрсетеді. Ұлы мамандық иесі-ұстаздықты таңдаған түлектер үшін шектік балдың мөлшері 70 балдан кем болмау талабының өзі осы мамандықтың жауапкершілігі жоғары екенін айғақтайды. Сонымен қатар ұстаздардың білім беру саласындағы аса үздік жетістіктері және Қазақстан Республикасына сіңірген айрықша еңбегі үшін оған «Қазақстан Республикасының мемлекеттік наградала­ры туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес мемлекеттік наградалар, оның ішінде «Қазақстанның еңбек сіңірген ұстазы» құрметті атағы беріледі. «Қазақстанның еңбек сіңірген ұстазы» құрметті атағына ие болған педагог республикалық бюджет ту­ралы заңда белгіленген және тиісті қаржы жылының 1 қаңтарында қолданыста бола­тын айлық есептік көрсеткіштің 1000 есе­ленген мөлшерінде біржолғы төлем ала­ды. Жыл сайын республикалық бюджет қаражаты есебінен «Үздік педагог»атағын иеленушіге Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайтын мөлшерде және тәртіппен сыйақы төленеді. Оған дәлел облысымыздың 15 ұстазы Республикалық байқауға қатыса отырып, үлкен жетістіктерге қол жеткізіп, бір миллион теңгеден қаржылай сыйлыққа ие болды. Осындай ынталанды­рулар ұстаздардың кәсіби құзыреттілігі мен шығармашылық әлеуетін дамытып, нәтижелі еңбек етуге, үлкен жетістіктер мен биік белестерді бағындыруға өзіндік ықпал етуде рөлі ерекше.

Алаштың ақиық ақыны Мағжан Жұмабаев: «Алты алаштың игі жақсылары бас қосса, төрдегі орын мұғалімдікі»,- деп бекер айт­паса керек. Жер жаһанға таралып, әлемді жайлаған, адамзат өміріне үлкен қауіп төндірген пандемия кезеңі білім беру сала­сына да өзіндік әсер еткені белгілі. Пандемия кезеңінде коронавирустық инфекциясының таралуының алдын алу және қауіпсіздікті сақтау мақсатында елімізде тұңғыш рет қашықтан білім беруді жүзеге асыруда білім беру саласы қызметкерлері, үлкен армия-барша ұстаздар жұмыла кірісіп, тығырықтан жол таба білді. Сындар­лы сәтте оқу-тәрбие үдерісін тоқтатпай, білім алушыларды онлайн форматын­да оқытып, ақпараттық — коммуникативтік технологияларды мүмкіндігінше кеңінен пайдаланып, өзгерістерге тез бейімделіп, жаңашылдықпен қиындықты еңсере білді. Бұл жағдай мұғалімнің мәртебесінің қашан да жоғары тұратынын, қоғамда мұғалімнің алатын орны ерекше екенін дәлелдеп берді. Ата-аналар да, жұртшылық та, қоғам да мұғалім еңбегінің өлшеусіз екеніне көз жеткізді.

Ғылым иесі ғалым да, ел қорғаған ба­тыр да, ел басқарған басшы да, көркем сөздің шебері ақын да, жазушы да, көк күмбезінен әрі өткен ғарышкер де, тегеуріні темір балқытқан жұмысшы да, егін салған диқан да, мал баққан шопан да, бәрі — бәрі ұстаздан білім, тәрбие алған.

Хан бол, мейлі, қара бол,

Дарын бол, мейлің, дара бол.

Өтетін бәрі алдыңнан

Ұстаздар — бейне сара жол.

Ұстаздар — ұлттың тірегі,

Ұстаздар — мектеп жүрегі.

Ұрпаққа жетер ұстазбен

Халықтың ұлы тілегі,-деген тамаша өлең жолдары ұстаз есімін асқақтата түседі. Ойымды қорытындылай келе, тарихтағы ең ұлы іспен шұғылданатын мәртебелі, қасиетті мамандық иелері тәуелсіз мемлекетіміздің тірегі және болашақты болашаққа жалғаушы қуатты күш дер едім. Ендеше, қашан да ұстаз деген ұлы мамандық иелерінің мәртебесі биік болып, асқақтай берсін!

Рахат ИБРАИМОВА,

Е.Сиқымов атындағы орта мектебінің директоры, аудандық мәслихат

депутаты, «Шоңай батыр» БПҰ – ның төрайымы.

Мәліметпен бөлісу: