Сапалы білім беру – жарқын болашақ кепілі

«Халық пен халықты, адам мен адамды теңестіретін білім»
Мұхтар Әуезов

    ХХІ ғасырдағы ғаламдық өзгерістермен қатар даму- әр мемлекеттің басты мақсаты. Өркениет білім мен ғылымның дамуымен байланысты. Еліміздің болашағы көркейіп,өркениетті елдер қатарына қосылуы бүгінгі ұрпақтың біліктілік,іскерлік,құзыреттілік қабілеттеріне тікелей тәуелді.

Осыдан жас ұрпақтың бойында құзыреттілікті қалыптастыру және оларды шығармашылыққа баулу мәселелері туындайды. Бұл өз кезегінде сапалы білім мен іскерлікті талап ететіні сөзсіз. Ал  жекелеген тұлғаға жүйелі білім беру,ынта-ықыласын арттыру,құзыреттілігін қалыптастыру –біздің басты міндетіміз.
Қай елдің болмасын өсіп – өркендеуі, әлемдік деңгейге құлаш сермеп, тұғырының берік болуы білімге байланысты. Қоғамда білімнің алар орыны ерекше.
Елімізде де білім беру жүйесі санға ғана емес, сапаға негіздеу – бүгінгі күннің басты талабы. Саналы да сапалы ұрпақ тәрбиелеу арқылы ғана ұшпаққа шығатынымызды ескерсек, бұл мәселе ұдайы назарда болуы тиіс. Бүгінде мұғалімдер мен оқушылардың біліктілігін көтеру жұмыстарын жандандыру және білім сапасын жақсарту жолдары бірізділікпен жүйелі жолға қойылып келеді. Ел Президентінің жолдаулары мен сөйлеген сөздерінде де білім саласы назардан тыс қалмайды.
Жақында өткен ҚР Парламент Мәжілісінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев мәдениет пен білім ел дамуының құрамдас бөлігі екенін айта келе, білім саласын өрге жетелеудің бірнеше мәселесіне тоқталып өтті.
Президент ең алдымен сапалы білімді қолжетімді ету қажеттігін айтты. Өйткені қоғам дамуының басты факторы сапалы білімді меңгерген білікті маман екені айқын. Бұл бағытта елдегі білімге құштар, дарынды жастарға қолдау көрсетілмек. Әсіресе ауыл жастарының сапалы білім алуына жағдай жасалып, таланттардың танылуына жол ашылмақ.
Ал сапалы білімді беріп, саналы ұрпақ тәрбиелейтін – ұлағатты ұстаз. Сананы тұрмыс билеген бүгінгі қоғамда мұғалімнің қажымас еңбек етіп, сапалы білім беруі, оның әлеуметтік жағдайының деңгейімен де тікелей байланысты екені рас. Бұл ретте Мемлекет басшысы «мектептерді жақсы мұғалімдермен қамтамасыз етпейінше, білім сапасын көтеру мүмкін емес» деп ұстаздардың әлеуметтік жағдайының маңызды екенін алға тартты. Себебі ол әлеуметтік мәселелерге алаң қылмай, алаңсыз сабақ беруі тиіс. «Мұғалім – мектептің жүрегі» деген Ахмет Байтұрсынұлының қанатты сөзі қайта жаңғырып, ұстаздарға айрықша мән беріліп, мәртебесі жоғарыласа нұр үстіне нұр болары хақ.
Сонымен қатар Президенттің білім алуды қолжетімді етуде халық көп шоғырланған аймақтарға арнап білім гранттарын бөлу туралы тапсырмасы да көптің көңілін көтерді. Себебі грант саны өңірлерге тең бөлінгенде, тестілеуден жинаған балы жоғары болғанымен грант бұйырмай қалатын жағдайлар жиі кездесетін. Бұл бастама халық саны көп аймақ жастарының мемлекет қолдауымен, ақысыз, сапалы жоғары білім алуға мүмкіндігін арттырып, болашаққа сеніммен қарауына септігін тигізбек.
«Ұрпағы білімді халықтың болашағы бұлыңғыр болмайды» дегендей, жас ұрпаққа мән-мағыналы, өнегелі тәрбие мен білім беру-бүгінгі күннің басты талабы.
Раушан Ақсубаева,
Б.Сырттанов атындағы орта мектептің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі.

Мәліметпен бөлісу: