Рухани жаңғыру тек бүгін басталатын жұмыс емес.

Мәкей Еркінбеков

Мемлекет басшысының «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» атты мақаласында рухани жаңғыру тек бүгін басталатын жұмыс емес.
Біз Тәуелсіздік кезеңінде бұл бағытта бірнеше ауқымды іс атқардық.
2004 жылы «Мәдени мұра» бағдарламасы аясында Қазақстан аумағындағы тарихи-мәдени ескерткіштер мен нысандарды жаңғырттық.
2013 жылы «Халық – тарих толқынында» бағдарламасы арқылы әлемнің ең белді архивтерінен төл тарихымызға қатысты құжаттарды жүйелі түрде жинап, зерттедік – деп, Туған жердің әрбір сайы мен қырқасы, тауы мен өзені тарихтан сыр шертеді. Әрбір жер атауының төркіні туралы талай-талай аңыздар мен әңгімелер бар. Әрбір өлкенің халқына суықта пана, ыстықта сая болған, есімдері ел есінде сақталған біртуар перзенттері бар. Осының бәрін жас ұрпақ біліп өсуге тиіс – деп нақтылап айтып өткен.
Әр заманда өзін емес өзгені ойлап өзегі талса да, өз өмірінен өзгенің өмірін биік қоя білген қанашама ардақты азаматтарымыз өтті десеңші. «Ұстазы болмағанның, ұққаны болмайды». Солардың бірі емес бірегейі деп қазақ ұлттық Академиясының академигі, ғалым Жүрімбек Сыдықов ағамыз ерекше баға берген Мәкей Еркінбеков еді.
Ол кісі 1895 жылы кедей шаруа отбасында дүниеге келіп, Қарағаш мектебінде оқыған. Одан Қапал уезі 1918 жылы мамыр айында құрылып, маусым айында //Капальский уезный комитет совета робоших солдатски, кристянских депутатов// болып қайта құрылған екен. Сол кезде Қапалда ұстаздар дайындайтын оқу орнын бітіріп ұстаз болады.
Енді әңгімені Мәкей Еркінбеков кім еді? — деген сауалдан бастасақ. Оның еңбегін сол кездің өзінде – ақ бағалап, 1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысы жылдарында балалар үйін ашып, қаншама аш – жалаңаш, жетім балаларға қамқорлық танытқаны үшін Одақтың Жоғарғы Кеңесі атынан «Ерен еңбегі үшін» медальдарымен марапатталған. Оны Коммунистік партияның Кеңесі және аудандық комитетінің Атқару комитетінің ұжымы «Еңбек халық депутаттарының Ақсу аудандық кеңесінің атқару комитеті атынан Мақсұтхан Құсайынов өзі табыс етті. Мәкей Еркінбековтің тағы бір жетістігі сол кездің өзінде ауданымызда алғаш рет Республиканың еңбегі сіңген мұғалімі деген атаққа ие болуы.
Жерлесіміз, ізденуші, ізденуші ғана емес, зерттеуші, тарихшы Жемісбек Толымбеков «Зиялыларды баптаған Мамания мектебі» атты мақаласында «Мәкей Еркінбеков 1905-1913 жылдары Қапалдағы 7 жылдық татар мектебін, 1927 жылы сол Қапалда ашылған педтехникумды бітірген ұстаз. Мәкей Сұлтанбек Берсүгіровтың тікелей шәкірті және үлгі-өнегесін ұстанған, қабілетті ұйымдастырушы болған. Өз өмірінде Мәкей Еркінбеков ағарту, білім саласының үздік маманы болып, І.Жансүгіров, Ш.Шынасылов, Б.Сүлеевтермен бірге қызмет істеген парасат иесі. Талдықорған уезі мен Ақсу болысының білім ордаларын басқарып, бірнеше жаңадан мектептер аштырып, өте зиялы, көрген-білгені мен түйгені көп, елге арда азамат саналған тұлға» деп жазыпты.
Жемісбек ағаны әкем Бекболат Атамбаев ауылға арнайы шақырып, Мәкей Еркінбеков туралы деректерін сұрап, өзінің білетіндерін айтып, аудандық «Ақсу өңірі» газетінің 2017 жылғы 25 тамыз №35 (9874) санында көлемді мақала жарық көрген болатын. Жемісбек аға тек Мәкей Еркінбековті ғана емес, талай – талай Ақсудан шыққан арыстар жайында ізденіп, зерттеп, елге танытып келе жатыр. Енді осы кісінің Мәкей туралы «Мектеп мәйегі — Мәкей» атты мақаласынан үзіп – үзіп тың деректеді келтіріп өтейін:
Мәкей Еркінбековтің жасы Ілияс Жансүгіровтен бір жас кіші екен. Яғни, 1895 жылы кедей шаруа отбасында өмірге келіпті. Оған Ілекең «әй, Төре» деп сөйлепті. Мәкей – ұлағатты, тума ұстаз болған жан. Шыққан тегі – Төре – деп бастап, Мәкей Еркінбеков «Қызыл кеңірдек» дейтін қойын дәптерінде әңгімелері мен естеліктерін жазып қалдырыпты. Ол дәптер журналист, жазушы Тәңірберген Қалилахановтың архивында болуы тиіс.
Мәкей Еркінбеков:
«Сараны жас күнімде мен де көргем,
Үш Жақсылық, Тасыбай деген елден.
Қардай боратқанда қара өлеңді,
Екпіні күшті еді соққан желден, — деп ақын Сараны көргенін, қара өлеңді боратқан ақын екенін де жеткізеді. Мәкей Еркінбеков 1896 жылы Абайдың ұлы Әбіштің сүйегін Шаһкерім Құдайбердіұлы бастаған топ нөкер жолай ақын Сараның отауына түнетіп өткенінде 12-13 жасар бала екенін естелігінде жазып кетіпті.
Мәкей Еркінбековтың айтуымен Барлыбек Сыртановтың шақыртуымен Керекулік Уәлиқызы Майраның Жетісуға келіп, бір жыл «Мамания» мектебінде өнерден дәріс беріп, үйірме ашып, еліне аттанғанындағы «Қоштасуы» кейінгі ұрпаққа таралған. Онда жас өрім Ілияс Жансүгіров Майра әншіге арнап «Қоштасу» өлеңін оқыпты. Майра да өлеңмен жауап қайырыпты. Осы қоштасудың куәсі Мәкей Еркінбеков оны халыққа барынша жеткізіпті. Ол Қоштасуға Біләл, Қанапия Махметов, Әлсейіт Бағрамов, Қожахмет, Нұрахмет Сейітбатталовтар да қатысыпты. Жаманбайұлы Базарбай мен Шөмшетайұлы соқыр Бекетбай ақындар мен елдің игі жақсылары да болыпты. Қоштасу 1910 жылы Қарағашта өтіпті.
Ілияс Жансүгіровтың бес бөлімнен тұратын “Жетісу суреттері” өлеңі Мәкей Еркінбековтың жайлауды аралатуымен жазылыпты. Және сол өлеңдерді ең алғашқы болып Ілиястың аузынан естіген Мәкей Еркінбеков екенін оқырмандар білгені жөн – дейді. Мақала түйінінде:
Мәкей Еркінбеков 1952 жылы қайтыс болыпты. Мәйітін Қарасу ауылындағы жетім балалар қорымына жерленуін қалапты. Ұлы екеуінің мәйіті қатарлас жатыр. Маңайы толған жетім балалардың қабырлары. Жәй томпақ төбе үстінде ғана орналасқан. Ши мен шөптен қамырдың өзі көрінбей, жермен жексен болып барады. Қаншама еңбегі халықты ағарту ісіне сіңсе де осындай асыл, арда азаматтың ең болмаса қорымының қараусыз жатқаны келер ұрпақтар санасының қараңғы түнекке батып бара жатқанындай елес береді. Ең болмаса біреу назар салып, белгі қойып, малға таптатпай, қоршаса деген үміттемін. Ақсу ауданының білім бөлімі мен «Еңбек» ауылының әкімшілігіндегі қызмет атқарушылардың құлағына алтын сырға демекпін. Мәкей Еркінбеков — 1945 жылы Қаз ССР Жоғарғы Кеңесінің «Құрмет граматосы» және «Еңбектегі Ерлігі үшін» медалімен» марапатталған. 1945 жылдан КСРО-ға еңбегі сіңген мұғалімі атағының иегері. «Елім» деп еңіреп, халықтың қошаметіне ие болған адамның тағдыры артындағы ұрпағы қалмаған соң ба, осындай күйге түсті. Бірақ, елі бар емес пе? – деген сауал көкейкесті тұрғаны нақ. Ал, Мәкей Еркінбековтің қызметтес ортасы мен аралас-құраластарының өзі небір қазақтың бетке ұстар қаймақтары: Біләл Сүлеев, Шамай Шынасылов, Мейірман Ермектасов, Бәсенов Құлахмет, Базарбай Балханов, Оспанбеков Сланбек, Мүбәрәк Сүлеев, Қабдолла Сыдықов, Бейсембай Кедесов, Шәкір Таңқаев, т.т, бұлардың өздері алғашқы халықтың сауатын ашқан, елдің қастерлі тұлғалар болатын. Жаманы дәріптелмей жатқандығы. «Рухани жаңғыру» бағдарламасына сай әлі де талай тұлғалардың өресі ашылып, ел игілігіне бөленіп, ұрпақтардың пір тұтар кемеңгеріне айналарына сенім мол, — деп қорытындылайды.
Бұл әзірге белгілі ғана деректер. Мен оның тарих қойнауында жатқан ашылмаған сырлары мен қырларын әлі де зерттеймін, әлі тың құнды дүниелер табамын деген ойдамын. Мен қазіргі таңда Талдықорғанда біліктілікті арттыру арнаулы оқуында оқып жатырмын.
1928 жылдан басталып, 1932 жылға дейін халқымыздың басына үлкен қасірет аштық, зобалаң келгені, сол кезде Кеңес үкіметінің қолдан жасалған саясаты екені тарихтан белгілі. Сол қиын жылдары аштықтан ата – анасынан айрылған жетім балаларды жинап, Қарасу ауылында 1935 жылдары балалар үйін ашқан. Мәкей Еркінбеков сол қиын шақта жан жақтан ауылдарды аралап, өз ат-арбасымен жетім балаларды жинап әкеп, балалар үйінде тәрбиелеп, оқытып, солардың тамағын тауып әкеп баққаны, өзі сол балалар үйінің директоры болғаны туралы облыстық, аудандық мұрағаттардан іздеп таптым. (1935 жыл негізгі қор, 88 т 1 ж іс 1 бет 29) Ақсу ауданы оқу бөлімінде хатшылық, басшылық қызметтері де осы мұрағат құжаттарынан табылды.
1935 – 1940 жылдар аралығындағы мұрағаттан табылған құжаттар осы Мәкейдің нәубет жылдарда жетімдердің панасы болып, аш жалаңаш балалардың өздеріне талшық болып аман алып қалғаны, оқытқаны соның бір дәлелі. Ендеше академик ағамыздың Мәкейді «Ұстаздардың бірі мемес бірегейі» деп баға беруінің өзі нақты шындық.
Осындай абыройлы, беделді, еңбегі бүгінгі ұрпаққа өнеге болатын асыл адам Мәкей Еркінбековтің қабірі мен тұратын Еңбек ауылында, біздің үйден 300 метрдей жерде жатыр. Сырты қоршалмаған, мал аяғына тапталып жатыр. Менің осы зерттеу жұмысын бастауыма да осы мәселе бастау болды.
Мәкей қайтыс болғанда өз қолдарымен қойысқан, ол кісі туралы әбден білетін атам Қапаш пен әжем Зиядадан естігенін өз әкем Бекболаттан естіп, осы кісіні зерттеп атын жарыққа шығаруға тырысудамын. «Білімді өлсе қағазда аты қалады, ұста өлсе істеген заты қалады» демеп пе еді дана халық.
Ауылымда 89 жастағы қарт әже Төлеухан Мәкей Еркінбековтің еңбегін дерек қылып айтып берді. «Ұстазды атаңдай сыйла» дегендей өзім де осы Қарасу мектебінде мұғалім болған соң Мәкейді зерттеп жазып отырмын. «Өзің білмегенді өзге кісіден сұра, үлкен жоқ болса кішіден сұра» – дегендей білмегенімді әкемнің әңгімелерінен естіп, қалғанын көзі көрген қариялардан жазып алдым.
Сарқан қаласынан Мәкейді көріп қолынан шай – тамағын берген Сара әжейді іздеп тапқан едім. Жасы 91 де екен. Сол кісіден алған деректі де бейне таспаға түсіріп алдым. Сара әжей:
Мәкей Еркінбеков менің атамның үйіне келіп тұратын. Өте үлкен ұстаз еді – деп еске алады. Балалар үйінің директоры болған, қанша жетімдерді жинап, бақты. Солардың қиын заманда тамағын тапты. Мен ол кезде жас келін едім. Атамның үйіне келіп отырғанда шай – тамағын беруші едім. Сонда атам екеуінің талай әңгімелерін тыңдап отыратынмын – деп бас-тады әңгімесін.
Бұл Мәкей Ілияс Жансүгіровтің жақсы жолдасы болған. жұмысына өте адал еді – деп еске алды 91 жастағы кейуана.
Енді әңгімені Мәкей Еркінбековтың шыққан тегі кім еді? — деген сауалмен жалғастырсақ.
Мәкей атамыздың руы – Төре. Ол кісі туралы деректерді іздестіріп, Алматыға, Қаскелеңге, Талғарға, Талдықорған маңынан, Қапал жаққа іс – сапармен барып, сұрастырып жүріп, Алматы қаласынан шежіресін таптым. Ендеше сөз бұйдасын сол жаққа бұрсам. Мәкей Еркінбековтің түп атасы 1460 жылдарда Жамбылдағы Шу бойында алғаш қазақ хандығын құрған Керей мен Жәнібек екенін білеміз. Ол туралы өткен жылы «Қазақ хандығының 550 жылдығын мерекелегенімізде талай тарихи деректер айтылды. Тағы бір тың дүние Мәкей атамыз сол Жәнібек ханнан тарайды екен. Ашып, нақты көрсетсем:
Жәнібектен – Жәдік хан – Шығай хан – Оңзак – Қайнар көшек – Бөкей – Қузайменде – Тұрсын хан – Көшек хан – Барақ хан – Есім хан.
Көшек ханнан – Әділ, Мамырхан, Аблайша, Саңқай, Сакияз.
Мамырханнан – Ежен, Құдайменде, Сығай, Әбділдә.
Құдаймендеден – Атахан.
Атаханнан – алты бала. Олар – Белхан, Еркінбек, Сейлхан, Ыдырыс, Бабағұмар, Ахмет.
Еркінбектен – Уәлихан, Садық, Мұқан, Мәкей, Баймағамбет.
Мәкейден – төрт бала. Олар – Шаймерден, Төле, Әнет, Шора. Әнет баласы өзінен бұрын қайтыс болыпты. Өзінің жатқан жеріне жерленген. Осы Әнет баласымен Академик Жүрімбек Сыдықов бірге бір сыныпта оқып, жақсы дос болыпты. Сол арқылы да Мәкейге өте жақын болдым деп еске алады академик ағамыз бізбен сұхбатында.
Олай болса бүгінде 96 жасқа келіп отырған жерлесіміз, академик Жүрімбек Сыдықовпен арнайы жолығып, сөйлескен әңгіме жайында сыр тарқатсақ.
Мен Бекболатұлы Біржан осыны зерттей отырып, Мәкей Еркінбековтің оқушысы, шәкірті болған академик Жүрімбек Сыдықовтың үйіне Алматыға іздеп барып, аузынан көп деректер жазып алған едім. Бұл кісі Мәкейді көзімен көрген, сол кісіден дәріс алған адам. Жүрімбек ағамыз қазір 96 жаста екен. Жұбайы Маймуна 92 – де. «Мың рет құлақпен естігенше, бір рет көзбен көр»,– дегендей өз аузынан естіген Мәкей ұстазы туралы деректі арнайы бейнетаспаға жазып алдым.

 

Жүрімбек ағамыз Мәкей туралы сұрағанда өте үлкен толғаныспен толғанып, тебіреніп әңгімелеп берді. «Бұл Мәкей тура Абайдай болған. Ол кісіні көргенде тура Абайды көргендей сезінуші едім – деп көп толғанды. Мен Абайды сол кезде көп оқығанмын» – деді.
Мәкей 30 – шы жылдарға дейін Талдықорған уезінде білім жағында істеп келген екен. Одан Қарағашта Мамания мектебінде ұстаз болды. Мен Кәрім Мәсімовтың атасы Мәсіммен бір класта оқыдым деді. Мәсім менен екі – үш жас үлкен болатын. Мәкей ұстазымыз кіріп келгенде тура тып – тыныш болатын едік, – деп алды күрсініп. Класта өте жақсы оқыдым. Мәкей аға құжат толтыруға ылғида мені шақырып алушы еді – деді академик ағамыз. Мен Мәкейді Абайдың қатарына қояр едім – деп екі қолын алға созды. Осыдан – ақ Мәкей Еркінбековтің еңбегі мен бағасы сезілгендей болды.
Академик Жүрімбек Сыдықов осы кісіден балалар үйінде оқып, тәрбие алғаны туралы өз аузынан жазып алып, Мәкейге бас иіп отырғанын көзіммен көріп, үлкен толғаныста қалдым.
Балалар үйі жабылғанда Мәкей Еркінбеков 40 – шы – 50 ші жылдар арасында жетім балалар иесіз қалмасын деп, жан – жақтан туыс – тумаларына түгел хабарлап, іздеп тауып, жетімдерді табыстапты. Ал ешкімі жоқ балаларды жан жақтағы, жақын ауылдардағы баласы жоқ отбасыларға асырап алуға беріп, өзі қадағалап, жиі барып қарындарының аш – тоғын тексеріп отырған екен. Содан өсіп – өнген балалардың ұрпақтары әлі бар.
Ендеше Жүрімбектей академик ағамызға білім сіңіре білген, Кәрім Мәсімовтей Қазақстанға, шет елге танымал қайраткердің атасы Мәсімді оқытқан, қаншама жетімге пана болған, қорған болған ардақты арысымыздың есімі ескерусіз тарих қойнауында қалып, қабірі мал аяғына тапталып, қоршаусыз жатқаны барлығымызды да қынжылтады.
«Жерде бір жетімнің басынан сипасаң, көкте 70 періште қуанады» деген қағидамыз бар халықпыз ғой. Осындай Алатаудай тұлғасы биік, білімі теңіз, қасиетті, академик атамыздың сөзімен айтсақ, өте үлкен киелі, қадірлі, Мәкей Еркінбековті кейінгі ұрпаққа дәріптеуге қолдау болса. Мектептерде ашық тәрбие сағатын, байқаулар, мүшәйралар, жарыстар өткізілсе тарих қойнауынан жарыққа шығар еді.
Көктемде қабіріне қоршау қойып, ескерткіш тас қою туралы аудан басшыларына айтып, Алматы, Талдықорған қалаларынан Мәкей атаның рулас туыстары «Төрелерді» тауып, ақылдасып жатырмыз. Әлі де зерттеулер жүргізіп, жұмысты жалғастыруды қолға алу қажет. Осы кісінің зиратын тұрғызып, ескерткіш тас қойып, аты – жөні жазуға, кейінгі ұрпаққа үлгі болар алтын жүректі, қасиетті Мәкей Еркінбековке қолдау көрсетеміз деген адамдар болса «Ақсу өңірі» газетіне хабарласуға болады. Төрелер болса бас қосыңыздар. Ата – анасы осы балалар үйінде тәрбиеленіп, Мәкейдің арқасында аштықтан, нәубеттен аман қалған біздей ұрпақты дүниеге әкелген «әкеміз» деген көкірегінде сәулесі бар ұрпақтар болса әке аруағын сыйлап, ата – бабасын аман баққан ұстазы Мәкейге қоршау қоюға қолдау танытыңыздар. Мысалы, Тарас ауылында тұратын Құдайбергенов Қалижапар атаның баласы Серік бауыр – туыстарымен бірге әке аруағын ойлап, менің бастамамды қолдап, көмек көрсетуге дайын екендіктерін білдірді.
Сөз соңында айтарым, менің осы зерттеуді жүргізуіме көмектесіп, жолдарын түсіндіріп жүрген аудандағы айтыс-кер ақын Бекболат Атамбаев әкеме алғысым зор. Сондай – ақ, бір айдай уақыт мұрағат құжаттарын ақтарысып, көмектескен мұрағат директоры мен қызметкерлеріне шексіз алғыс білдіремін. Мұқағалидың «Шаң басқан архивтерден табылармыз» деген сөзінің тағы бір дәлелі осы екен ғой деп таңданысты, толғаныспен сөзімді аяқтағым келеді.


Біржан БЕКБОЛАТҰЛЫ,
Қарасу орталау мектебінің мұғалімі.

Еңбек ауылы.

СУРЕТТЕ: әкем Бекболат Атамбаевпен бірге академик Ж.Сыдықовтың шаңырағында болдық.

 

Мәліметпен бөлісу: