Тілші: Құрметті Бейбіт Жаңылысұлы! Президентіміз жолдаған «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласына тоқталсаңыз?
Бейбіт ЖАҢЫЛЫСҰЛЫ: — Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы ел дамуының жарқын үлгісі мен нақты қадамдарын көрсететін келелі ой, салиқалы пікір, батыл шешімдерге құрылған маңызды құжат. Бұл мақалада сананы жаңғырту, ұлттық болмыстан, ұлттық кодтан айырылып қалмай, оны әлемдік құндылықтармен үйлестіріп, Қазақстанның игілігіне жарату жолындағы мақсат-мүдделер туралы өзекті мәселе көтеріліп отыр. Онда ел Президенті Қазақстан үшін қайта түлеудің айырықша маңызды екі үдерісі – саяси реформа мен экономикалық жаңғыруды қолға ала отырып, Біртұтас Ұлт болу үшін болашаққа қалай қадам басатынын және бұқаралық сананы қалай өзгертетіні жөнінде алысты болжайтын көзқарастарымен бөліседі.
Мемлекет басшысы аталмыш жаңғырудың негізгі қызметі мен ерекшеліктеріне ой жүгіртіп, бұл жаңғырудың маңыздылығына тоқталады: «Жаңғыру атаулы бұрынғыдай тарихи тәжірибе мен ұлттық дәстүрлерге шекеден қарамауға тиіс. Керісінше, замана сынынан сүрінбей өткен озық дәстүрлерді табысты жаңғырудың маңызды алғышарттарына айналдыра білу қажет. Егер жаңғыру елдің ұлттық-рухани тамырынан нәр ала алмаса, ол адасуға бастайды. Сонымен бірге, рухани жаңғыру ұлттық сананың түрлі полюстерін қиыннан қиыстырып, жарастыра алатын құдіретімен маңызды». Саяси, экономикалық реформаларда егеменді еліміз бірқатар жақсы нәтижелерге қол жеткізгені баршаға мәлім. Ол адами құндылықтар, рухани қазына, жастарды тәрбиелеу, олардың бойына патриоттық рухты сіңіре білу жұмысында рухани салаға басымдық берудің қажеттілігін алға қойып отыр. Бұл дегеніміз – ұлтымыздың барлық ұлттық салт-дәстүрлерін, мемлекеттік тіліміз бен әдебиетімізді, мәдениетімізді, ұлттық рухымызды жаңғырту деген асыл ұғымға келіп саяды. Елбасымыздың рухани жаңғыруға, руханиятқа, білім, ғылымға маңыз беруі – үлкен көрегендік пен ұлттың алға ілгерлеуін жылдам қарқынмен жылжытатын қозғаушы күш. Бұл – тәуелсіз еліміздің бақытты болашағы мен алаңсыз келешегі үшін жасалып жатқан жұмыс. Өйткені, рухани байлықтың кемел болғаны бұл жеке азаматтарымыз үшін де, әрбір жеке тұлғадан құралған қоғам, туған еліміз үшін де өте маңызды үдеріс.
Тілші: Президентіміз тұтас қоғамның және әрбір қазақстандықтың санасын жаңғыртудың бірнеше бағытына жеке – жеке тоқталды. Бұл ретте ойыңыз қандай?
Бейбіт ЖАҢЫЛЫСҰЛЫ: — «Сананы жаңғыртудың» мазмұнын негіздей отырып, Президент жаңғырудың алты бағытын белгілейді.
Біріншісі — бәсекеге қабілеттілік, екінші — прагматизм, үшінші – ұлттық бірегейлікті сақтау, төртінші — білімнің салтанат құруы, бесінші — Қазақстанның революциялық емес, эволюциялық дамуы және алтыншысы — сананың ашықтығы.
Аталмыш бағыттардың бәрі барынша өзектендірілген және уақыттың талаптарына нақты жауап береді. «Мәңгілік ел» болуымыз үшін бізге ауадай қажетті қасиеттер мен құндылықтардың қайнары тоғысып, ақыл-парасаты толысқан, ғаламдық ғылымды игерген адамдар көп болса, еліміз өркениетті, бәсекеге қабілетті болатыны ақиқат. «Болашақта ұлттың табысты болуы оның табиғи байлығымен емес, адамдарының бәсекелік қабілетімен айқындалады… Сондықтан, әрбір қазақстандық, сол арқылы тұтас ұлт ХХІ ғасырға лайықты қасиеттерге ие болуы керек. Мысалы, компьютерлік сауаттылық, шет тілдерін білу, мәдени ашықтық сияқты факторлар әркімнің алға басуына сөзсіз қажетті алғышарттардың санатында. Сол себепті, «Цифрлы Қазақстан», «Үш тілде білім беру», «Мәдени және конфессияаралық келісім» сияқты бағдарламалар – ұлтымызды, яғни барша қазақстандықтарды ХХІ ғасырдың талаптарына даярлаудың қамы», – деп ашып көрсетеді. Бәсекеге қабілеттілік саясат пен экономикада, білім, ғылымда, технологияда, яғни барлық салада болуы тиіс. Бәсеке болған жерде әрбір тұлға өзінің ең сапалы қызмет түрін ұсынады. Білім мен тәрбиесі ғажайып түрде үндескен, ұлттық идеологиясы темірқазығына айналған табысты ел болуымыз үшін жақсылыққа ұмтылып, жаманшылықтан арылып, саналы түрде барлық қасиеттерімізді ізгілендіріп, сананы рухани жағынан үнемі жетілдіріп, дамытып отыруға тиістіміз.
Тілші: Ұлттық жаңғыру дегеніміз не?
Бейбіт ЖАҢЫЛЫСҰЛЫ: — Ұлттық жаңғыру дегеніміз – ұлттық санамен тығыз байланысты. Оның түпкі мақсаты – ұлттық бірегейлікті сақтап, ел ішінде бейбітшілік пен келісім үйлесе отырып, ұлттық береке, бірлік салтанат құрған бәсекеге қабілетті, табысты ел болу. «Сонымен бірге, жаңғыру ұғымының өзі мейлінше көнерген, жаһандық әлеммен қабыспайтын кейбір дағдылар мен әдеттерден арылу дегенді білдіреді», -дейді Н.Ә.Назарбаев. Сондықтан рухани жаңғыру үдерісін дер кезінде қабылданған оң шешім деп танимыз. Осы рухани жаңғырудың жүзеге асырылуын біз және сіз болып, «Бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып» бірлікте орындауымыз аса қажет. Бәсекеге қабілетті, әлемдік деңгейде танылған әрі дамыған рухани кемел ел болу – Елбасының асыл арманы. Ендеше, мемлекет басшысының жастарға соны серпін, тың бастама ұсынуы келешекке қамданудың әрекеті деп түсінеміз.
Тілші: Латын әліпбиіне көшу дұрыс деп ойлайсыз ба? «100 жаңа есім» жобасына да тоқталсаңыз?
Бейбіт ЖАҢЫЛЫСҰЛЫ: — Әрине, латын әліпбиіне көшу дұрыс деп санаймын. Латын әліпбиіне көшу – Мәңгілік Елдің рухани жаңғыруының басы болса, «Туған жер» бағдарламасы жаңа ғасырдағы әлемдік, өңірлік, ішкі-сыртқы тәуекелдерге қарсы тұра алатын отаншылдық тәрбиенің, ұлтжандылықтың кепілі болмақ.
Сондай-ақ, «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» жобасы жалпыұлттық қасиетті орындарды және аса қастерлі жерлерді сақтауға, әрі елдегі туристік инфрақұрылымды дамытуға мүмкіндік береді. «Жаһандағы заманауи қазақстандық мәдениет» жобасын іске асыру Қазақстанды өз шығармашылығы арқылы дүние жүзіне танытатын көптеген таланттарға жол ашады.
«Қазақстандағы 100 жаңа есім» жобасы бүгінгі замандастарымыздың түрлі салалардағы жетістіктерін дәріптеуді қамтамасыз етеді және жастарды адамгершілікке тәрбиелеудің жарқын үлгісі болады. Бұл тапсырмалар мемлекеттің және азаматтық қоғамның барлық идеологиялық жұмысының орта мерзімді перспективадағы негізі болады.
Сондай-ақ, Елбасы өз мақаласында қазіргі жаһандану заманында ұлттық бірегейлікті сақтап қалу, өркениеттің жақсысын алып, жаманынан жирену жөнінде өте құнды пікірлер айтты. Ендігі міндет – осы айтылғандарды іске асыру жолында аянбай еңбек ету.
Ең бастысы – бағыт-бағдарымыз анық, жолымыз жарқын.
Тілші: Елбасының биылғы Жолдауында ерекше әсер еткен жайттарына тоқталсаңыз?
Бейбіт ЖАҢЫЛЫСҰЛЫ: — Елбасының биылғы Жолдауында маған ерекше әсер еткен жайттардың бірі ол қоғамдағы қарапайым еңбек адамының рөлі болды. Бұл орайда Елбасы «ХХІ ғасырда қоғамның барлық салаларын үздіксіз жаңғырту дамудың басты факторына айналып отыр. Біз Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамы, жоғары әлеуметтік жауапкершілік, халықтың неғұрлым әлсіз буындарына атаулы көмек қағидаттарында бүкіл мемлекеттік, қоғамдық және жеке инс-титуттарды кең ауқымды жаңғырту бойынша жұмыстар жүргізудеміз» деген сөзінде ерекше мән бар. Расымен де, қазіргі таңда еңбектің мән-маңызы арта түскені ақиқат. Еңбексіз өмірдің мәні де, сәні де жоқ екені, онсыз елді дамытып, өркендету мүмкін емес екені белгілі. Қарапайым еңбек адамының жұмысы ел экономикасының артуына көп үлес қосатыны анық. Осы тұрғыдан алғанда елімізде қарапайым еңбек адамының рөлі жоғарылай түсуі қажет. Жастар арасында осы мамандық иелері көбірек насихаттала түссе нұр үстіне нұр болар еді.
Тағы бір айта кетерлігі, Жолдауда жаһандық экономикалық қаржы дағдарысына баса назар аударылған. Біздер, қарапайым еңбек адамдары бұл дағдарысты өз еңбегіміздің арқасында еңсере алатынымыз сөзсіз.
Биыл Ақсу қант зауыты іске қосылатын болып, 350 адамның отбасылық жағдайы жақсарды. Әлі қызылшашыларымыз өз өнімінен мол қаржы табатын болады.
Мемлекет басшысының әр жыл сайынғы Жолдауы халықтың игілігін арттыруға бағытталып келеді. Сондықтан да Жолдауда айтылған маңызды шараларды бірлесе жүзеге асыруымыз керек.
2017 жылдан бастап техникалық, кәсіптік салада жас мамандарды тегін оқыту ел дамуының бір тетігі болып табылады. Тағы бір маңызды жайт, Жолдауда халықтың әлеуметтік-тұрмыстық жағдайын жақсартуға, әл-ауқатын арттыруға айрықша көңіл бөлінген.
Тілші: Ұлттық Кодты қалай түсінесіз және де жастарға айтатын ел ағасы ретінде ақылыңыз?
Бейбіт ЖАҢЫЛЫСҰЛЫ: — Елдің ертеңі — мына өздерің сияқты жастарымыз. Бүгінгі «ойын арзан, күлкі қымбат» күйбеңімен жүрген бала көңіл болғандарыңмен, ертеңгі күннің дана жүрек қариясысыңдар. Құлақты сырғалап, жыртық шалбар, тар етекке таңылған жастарға қайран қалам. Тілінен безіп, жат жұрттың сөзінде сайрағандарға не деуге болады!? «Жаңа тұрпатты жаңғырудың ең басты шарты – сол ұлттық кодыңды сақтай білу. Онсыз жаңғыру дегеніңіздің құр жаңғырыққа айналуы оп-оңай». Ендеше, ұлттық кодты жаңғырту ана тілін құрметтеуден басталады. Басқалай болуы мүмкін емес. Ұлттың коды – тілінде. Тіл тірілсе, дәстүр жанданады. Дәстүр жанданса, рух күшейеді. Рух күшейгенде ғана ұлт жаңғырады.
Елбасы Н.Ә.Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында тарихтың өткеніне көз жүгіртіп, жаңа тарихи кезеңдерге жан-жақты баға бере отырып, рухани жаңғыру арқылы болашаққа деген өзінің парасатты пікірлері мен көзқарасын білдірді. «Екі дәуір түйіскен өліара шақта Қазақстанға түбегейлі жаңғыру және жаңа идеялар арқылы болашағын баянды ете түсудің теңдессіз тарихи мүмкіндігі беріліп отыр… Мен барша қазақстандықтар, әсіресе, жас ұрпақ жаңғыру жөніндегі осынау ұсыныстардың маңызын терең түсінеді деп сенемін. Жаңа жағдайда жаңғыруға деген ішкі ұмтылыс – біздің дамуымыздың ең басты қағидасы», -деп ел келешегіне үміт артады.
Ендеше, рухани жаңару арқылы әлем мойындар табысты ел болып, жарқын болашаққа деген сенім мен үмітті үндестіре отырып, баршамыз бірлік туы астында бақытқа бірге жетейік!
Тілші: Сұхбатыңызға рахмет.
Әңгімелескен: «Ақсу өңірі» газетінің жауапты
хатшысы Қасымбекова Ләззат Қалмұхамбетқызы!