Ауданымызда шағын және орта бизнес дамып, жеке кәсіпкерлікпен айналысам деушілердің қатары күннен күнге артып келеді. Шағын кәсіпкерлікті дамытуды басты назарға ұстаған аудан орталығы Жансүгіров ауылының тұрғыны ауылымыздағы «Назира» азық – түлік дүкенінің иесі Гүлайым Жолдасбаева кәсібін одан ары дамытып, Тәуелсіздік мерекесі қарсаңында дүкеннің жанынан «Қазына» сауда үйін ашты.
Аталмыш кәсіпкер ойға алған дүкен тек отбасының қазынасы үшін емес халықтың қазынасы болсын деген ниетпен сауда үйінің құрылысына өз қаражатымен кіріседі. Өз еңбегімен нысанның құрылыс жұмыстарын жүргізіп, бастаған ісін аяқтап пайдалануға берді. Ашылған дүкеннің несі жаңалық?» деулеріңіз мүмкін. Бұл дүкен – өзгеше дүкен. Өзгешелігі сол, мұнда ауыл тұрғындарына қажетті әр түрлі қызметтер көрсететін бөлімдер бар. Яғни, ауылда әр жерде шашыраған түрлі қызметтерді бір жерге шоғырландырған. Қалай дегенде де, жаңа дүкен халыққа да, тұтынушыларға да тиімді. Мұнда киім — кешек, сапалы және осы күнге лайықты заманауи үлгідегі сырт киімдер, сәндік бұйымдармен қоса компьютер жөндеу, ұялы телефондарды жөндеу мен смартфондардың қажетті саймандарын сату, той бейне таспасына тапсырыстар алу, сурет т.б. құжаттар шығару, шаштараз, киім тігу т.б. қызметтерге жылы да таза, жарық бөлімдерді жалға берііп, төмен бағамен қамтуды қолға алуда.
Нысанның ашылу салтанатында аудандық Ардагерлер кеңесінің төрағасы Амангелді Айтбаев бата жасап, сөз сөйлеп, бастаған ісіне сәттілік тілеп, дүкеннің лентасын қиды. Жаңа дүкеннің ашылуына келген ауыл тұрғындары жаңа дүкенді аралап көріп, шашу шашты.
Аталған дүкеннің іші таза әрі жарық, барлық санитарлық талаптар сақталған. Қызмет көрсетушілер де өз істерінің шеберлері. Бір сөзбен айтқанда «Қазына» сауда үйі болашақта отбасының ғана емес, халықтың қазынасы боларына сенеміз.
Ербол ӘБДІКӘРІМҰЛЫ