Мұхаметәлі Қазбанбетов,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі.
Егеменді ел болып, еркіндік алғанына ширек ғасырдан астам уақыт өткен Қазақ елі бүгінгі таңда өзінің түпкі тарихына тереңдеп бойлай бастады. Тарих деген –ел тағдыры десек, сол елі мен жері, келешек ұрпағының бақыты, бостандығы үшін күрескен, халқының басына түскен тауқыметті қайыспай көтерген батырларын, қара қылды қақ жарып, әділеттің жақтаушысы болған би-көсемдерін, көріпкелді әулиелерін танып-білу бүгінгі ұрпақ үшін қажеттілікке айналды. Осы бағытта бұрын да айтарлықтай жұмыстар жасалып, халықтың азаттығы жолында ерекше аты қалған азаматтарының есімдері айқындалып, еске алынып, олардың мерейғұмырлық тойлары бүкілхалықтық деңгейде аталып, ас беру, ескерткіштер қою сияқты танымдық шаралары көптеп өткізіліп келеді. Ел болып қуаттаған Елбасымыздың «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» тақырыбындағы бағдарламасының мақсаты да сол бабаларымызды, ел азаттығы үшін күрескен батырларды, халқы мақтаныш ететін сондай тұғыры биік, ғұмыры жарқын азаматтарды одан әрі тереңдете таныту болып отыр.
«Рухы биік елдің- тұғыры да биік» деген қағида негізінде сол ерлеріне тағзым ету- бүгінгі және алдағы ұрпақтың пенделік, адамгершілік парызы. Сонда ғана елдіктің, ұлтжандылықтың үндестігі үзілмейді, ұлт намысы биікте тұрады. Ақсу жерінің қасиетті топырағы да елден адал, дана туған, көптен дара тұрған, еліне қорған болған, жұрты көсем деп мойындаған сондай кесек жандардан кенде болған емес.
Солай десек те қазақ елі тарихындағы батырлар санатына жататын Ақсу өңіріндегі тұлғалардың бәрін танып — біліп болдық деуіміз астамшылық болады. Мәселен, белгілі қазақ қаламгері, этнограф Сейіт Кенжеахметұлының «Жеті қазына» еңбегінен қазақ батырлары тізіміне енгізілген біраз бабаларымыздың есімдерін айқындап алдық. Олар ХVIII – ғасырдағы Аталық Есенгелді батыр, Матай Шөңкей батыр, Сарыжетім Боданбай батыр, Матай Бөрібай батыр, Қаптағай Тауасар және Шоңай, Қайнар батырлар, Матай Қара батыр және Майлыбай батыр, Садыр Жомарт батыр және Алдияр батыр. Төменде негізінен өмірлік және ерлік жолдары туралы бізге жеткен деректері бар батыр және көсем бабаларымыз айтылады.
Қаптағай Батыр
Төлегетайдың бір немересі Матайдан туған Қаптағай батыр – Қасым хан әскеріндегі қолбасшылардың бірі.
Қазақ энциклопедиясында және көрнекті жазушы І.Есенберлиннің тарихи «Алмас қылыш» романындағы деректерде «Қаптағай- Жәнібек, Керей сұлтандармен бірге Ақ орданы құрып, нығайтуға қатысқан, ХҮ-ші ғасырда өмір сүрген адам» деп жазылған. Ол қазақ халқының дербес мемлекет болу жолындағы күресте «Найзаның ұшымен, қылыштың жүзімен, білектің күшімен» Алтын Орданың шаңырағын көтеріп, іргесін берік қорғап, сырттан анталаған көп дұшпанға бел алдырмаған батырлардың бірі. Ерлігін, халық алдындағы ерекше еңбегін мойындаған күллі найман тайпасы оның есімін өзінің ұранына айналдырады. “Қаптағай” деп моңғолша жабайы түйенің бурасын айтады. Өте қаһарлы, шамкес жануар. Көне түрікте, әсіресе, наймандарда өз батыр — билерін Бұқа, Бура, Қаптағай, Қабан, Барақ, Төбет деп атайтын үрдіс болған. Әйтпесе, Қаптағай батырдың азан шақырып қойған өз аты – Қолдас көрінеді.
Ер Қаптағай қай уақытта, қалай қайтыс болғаны жөнінде деректер жоқ. Жеке бір деректер бойынша Батыр шау тартқан шағында Ақсудағы ұйғыр ханы Әбдірашитпен болған соғыста ауыр жараланып, ақыры содан мерт болған деседі. Басқыншы Әбірашиттен қырғызды қорғап қалмақ болған осы соғыста Қасым хан әулеті Тоғым хан тоғыз ұлымен бірге шейіт болған.
Қаптағай бабамыздың қабірі Түркістан өлкесінде, ежелгі Сауран қамалының түбінде жатыр. 1993 жылы Түркістан, Сауран маңайында тұратын ағайындар Қаптағай бабамыздың туғанына 500 жыл толуына арнап, үлкен ас берді.
Қара батыр
(1670-1750)
Матайдың Төртқарасы Байқондының ұрпағы. Нақты аты Ықан делінеді.
«Ақтабан шұбырынды» заманында Ұлытау, Шыңғыстау, Сарысу өңірлеріндегі ұрыстарға қатысқан. Есімі «Еңлік-Кебек» трагедиялық шығармасынан белгілі Еңліктің әкесі. Сол жөнінде қисса желісінде айтылады …
Бөрібай батыр
(1699-1756/60)
Бөрібай батырдың арғы тегі Найман тайпасы көсемдерінің бірі, ру басы Қаптағай батырдан басталады. Қаптағай батырдың Сары би атанған бір ұрпағы да қазақ хандығының дәуірлеу кезеңінде қоғамдық істердің бел ортасында болады. Белгілі тарихшы Әбдікәрім Хасеновтың зерттеуінде: “…Бұл Матай Бөрібай батырдың әкесі Сары мырза болуы мүмкін. 1668-1689 жылы қазақ елшілігін басқарып барғанда, орыс үкімет орындары ұстап қалады, сонда қайтыс болады” деп көрсетеді. (“Үш ғасыр иінінде” мақаласы. “Қазақ әдебиеті ” газеті. 1992 жылғы 7 ақпан). Яғни Сары би Қазақ хандығының дипломатиялық қатынастарына қатынасқан белгілі қайраткер болған. Бөрібай батыр осы Сары бидің ұлы. Деректер бойынша 1699 жылы Ақсу аумағында туған. Ол жоңғар басқыншыларына қарсы майдан ашқан, оның алдыңғы шебінде болған қазақтың атақты батырларының бірі ретінде мадақталады. Халықтық шежірелерде Бөрібай батырдың есімі Шоңай, Қаракерей Қабанбай батырлармен қатар аталып, олармен үзеңгілес, пікірлес және тағдырлас болғаны айтылады. «Бөрібай батыр 1728 жылы Торғай даласының оңтүстік шығысында Бұланты өзенінің бойында тарихта «Қалмақ қырған» деп аталып кеткен шешуші ұрыста асқан ерлік көрсетеді. Тарихи маңызы үлкен шайқасқа Қабанбай, Жаңатай, мүйізді Өтеген, Жәнібек, Бөгенбай сынды қазақтың батырлары сияқты Бөрібай өз қосындарымен келіп қатысады» (М.Тынышбаев. Материалы к истории киргиз- казахского народа. Ташкент. 1925, 18- бет ). Қабанбай бабамыз Бөрібай батырды аға тұтып, құрметтеген. Жаудан түскен олжаны бөлгенде Бөрібайдың сыбағасын бөлек қойғызған, содан қалған «Бөрібай сыбағасы» деген аңыз бар. Бөрібай Матайға, өзінің атасы Асанның алты баласынан тарайтын ұрпақтарына ұран болған. Бөрібай батыр жоңғар — қалмақтарға қарсы шайқаста Қоңырат, Найман, Жалайыр, Қарақалпақ, Тобықты елінің басын біріктіріп, қырық мыңдық сарбазбен елу мыңдық жау әскеріне қарсы тұрады. Шежіре білетіндер бұл тұста Бөрібайдың жасы жетпістен асқанын, соғыс тактикасы мен стратегиясын жете меңгерген шебер қолбасы ретінде аталады. Сол шежіре қарттар сөзіне сенер болсақ, қалмақтар соғыстың айла-тәсілін жете білетін Бөрібай батырды алдымен құртуды ойластырады. Ол үшін өмірі шегінуді білмейтін қарт батырға қарсы еш жеңіліп көрмеген қалмақтың ең бір қанды қол батыры — Қапалды жекпе-жекке шығарады. Отыздың ішіндегі Қапал қайткенде жетпістен асқан Бөрібай шалды жеңеді деп есептесе керек. Бірақ бәрі керісінше болып, ақ сақалы омырауын жапқан қарт желді күнгі қырандай жау үстінде ойнайды. Тіктеп салған найзасы жау батырының жауырынынан бірақ шығады. Жау алдында, майдан үстінде мерейі үстем болғанымен сондағы алған жарадан үйіне келген соң ағайын-туған алдында: “Арман жоқ. Жау жығасын жығып өлдім. Бұдан артық адал, шейіт өлімді құдайдан сұрап алармысың?”деп, көз жұмыпты Бөрібай батыр. Батырлар жайлы мынандай да дерек бар:
“…Намысқой елдің арасынан небір жау жүрек батырлар шықты. Қаракерей Қабанбай, жұмық Даулетбай, төбет Қапал, мұрын Боранбай, тұма Шыңқожа, тоқпан Қалабай, аталық Қайнар, садыр Алдияр, матай Бөрібай жаудың сағын сындырып, елдің рухын көтерді. Біздің алдымызда тұрған негізгі міндет – елімізге қорған болған бабаларымыздың жер аттары мен кесенелерін қалпына келтіру. Бөрібайдың кесенесі “Телікөл” көлінің маңында, Қызылорда- Жезқазған жолынан 40 шақырым бұрылыста, дөңес жерде салыныпты. Бөрібай кесенесі маңдайшасындағы жазуды өз көзімізбен көріп едік, қазір ол белгі жоқ. Зират сыртынан төрт бұрышты, ішіне кірсең сегіз бұрышты”. (“Егемен Қазақстан”, 1993 жылғы 29 наурыз. Манат Бейсенбаев, Қазақстан Сәулетшілер Одағының мүшесі.”).
Бөрібай батырдың қай жерде жерленгені туралы тағы бір дерек ретінде ауданымыздың ардақты аға буыны өкілдері Т.Кәрібжанов және С.Қалабаев 1999 жылғы 11-18 маусымда «Қазақ әдебиеті» газетінде «Қазақтың рухы шақырады» деген айдармен берілген құжатты көрсетеді. Онда «Қожа Ахмет Иассауи кесенесіндегі Ақ сарайға қазақ халқының ел билеген хандары мен билерін, елі мен жерін қорғаған батырларын, жақсылары мен жайсаңдарын қасиетті топыраққа қайта жерленгендері жөнінде өте жақсы хабармен қатар кесенеде сақталған құлпытастар иелерінің тізімі берілген. Сол тұлғалардың қатарында 45-ші болып Матай Бөрібай 1699-1756/60 жылдары тірлік құрды деп батыр бабамыздың аты тайға таңба басқандай жазылған» деп көрсетіледі.
Ақсудың ақпа ақыны Қуат Терібайұлы былай деп толғаған екен:
Лепсі, Ақсу, Бүйен, Басқан, Сарқан,
Толқыны тас көтеріп аққан тарпаң.
Егін салып, мал жайып жағасында,
Сайрандап қайран елім етті дархан.
Қонатын саясында кернеп елім,
Қаракерей Қабанбай, ер Бөрібай,
Батыр Шоңай, Бұғыбай, Сәрмендемен,
Ежелден сол бес өзен жерлегенім.
Қалмақты Жетісудан қуған солар,
Түсірген табанына сермегенін.
Оның есімі кейіннен Матай руластарының ұранына айналып, ер – азаматтар жаугершіліктерде, жарыс – бәйгелерде “Бөрібайлап” шабатын болған. Шежіре нұсқаларында Бөрібайдың бәйбішесінен – Құлшан, Елшен, Бәйембек; ортаншы әйелінен – Қыдыралы; кіші тоқалынан – Бікен атты қыз тарайды. Ұрпақтары ру басы санап кеткен сирек қазақ әйелдерінің бірі. Бөрібайдың Құлшаннан туған немересі Сырттан қазақ арасында өнер – білім үйренуде жолбасшы болған тұлға. Оның баласы – Барлыбек Сырттанов Санкт-Петербург университетінің шығыстану факультетін 1-ші дәрежелі дипломмен бітіріп, кейін Алаш қозғалысы қайраткерлерінің бірегейі болады.
Шоңай батыр
Шоңай батыр жоғарыдағы өлең шумағында көрсетілгендей Бөрібай батырмен қатарлас, үзеңгілес, майдандас болған. Олар қалың қазақ әскерінің мың бастары болып, алғы шебінде ту иелері болып жүреді. Шоңайдың Нартайлақ, Назар ұлдары да әке жолын қуып жаугершілік атқарады, жауға шауып, ерліктеріне сай олар да батыр атанады. Аудандағы “Қарашілік” жеріндегі олардың жерленген орны ел аузында “Қосбатыр жотасы” деп аталып кеткен. 1993 жылы ұрпақтары, ауыл халқы оларға ас беріп, мазарларын жаңартты.
Қайнар батыр
Ел жадында сақталып, ерлігі аңызға, есімі ру атына айналған Ақсу өңірінің тағы бір құрмет тұтар ер тұлғасы — Қайнар батыр. Ол Шоңай батырдың қол астында мың басы болған. 1757 жылы Алтай тауындағы Лайсу деген жерде қазақ- жоңғар арасында атақты “Қанды жап” келісімі жасалған. Сол келісімге Абылайханның елшісін қорғап барған Қайнар батыр өз ішінен шыққан жансыздардың сатқындығынан ұйықтап жатқан жерінде өлтіріледі. 15 жасында жауға шапқан, 20 жасында мыңбасы болған, 24 жасында қаза тапқан батырдың сүйегі Алтайда жатыр. Қайнар батырдың Құлболды, Тәңірқұл, Темей, Әжіғұл деген баларынан қазіргі 10 мыңға жуық қайнар елі тарайды. Батыр туралы 1995 жылы жазушы Мұхаметәлі Қазбанбетовтың “Қайнар батыр” кітабы жарық көрді, біраз деректер осы кітаптың басқа тарауында да беріледі.
Көтен тәуіп
Көтен Тәуіп Байғотанұлы ХҮІІІ ғасырда өмір сүрген. Оның бұлай аталу себебі- шешесі босана алмай қиналып жатқанда ауылға атақты Қоңырбайұлы Көтен тәуіп келіп, аман — есен туғызып алады. Сол кезде Тәуіп бабамыз 37 жаста екен. Жас нәрестенің әкесі үйіне құдай айдап келген қонақтың тегін адам емес екенін түсінеді де, баласына оның есімін қояды.
Көтен Тәуіп Байғотанұлы есейе келе бақсы да, балгер де емес, елін жаудан қорғай алатын ержүрек қолбасшы, болашақты болжай білетін көріпкел болады. Өзінің руы Ақшора — Шаппаларды қазіргі Алтынарық ауылына көшіріп әкеліп: «Осы жер сендерге түбінде құтты қоныс болады, осында өсіп- өнесіңдер» деп өсиет қалдырады. Өзі шыбықпен Ақсу өзенінің арнасынан ауылға дейін із сызып, ер азаматтар қазған тоған Алтынарық аталады.
1994 жылы ұжым басқарған Жанат Тойшыбековтың бастауымен жерлестері қасиетті бабаларының басына кесене орнатты. Оған келіп, тәуіп ететіндер көп. Шырақшысы- Көтен Тәуіптің өз ұрпағы Нұршайым Байжұманова.
Дөсет батыр
(1770-1837)
Халық аузында “Көшіп кеткен Қыдыралының жұртына қон” деген мәтел қалыптасқан. Қыдыралы әулеті жайлауға көшкен кезде жұртта ошаққа ет асып қалдырып кетеді екен. Бұл- шаршап келген жолаушы тамақсыз қалмасын деген ниет болса керек. Осыдан- ақ бұл зәузаттың ерекше қайырылымдығы жұртына танымал болған. Би атанған Қыдыралы (1732-1807жылдар) Бөрібай батырдың ұлы. Оның үш әйелінен он бір ұл тарайды. Сол бір ағаш уықты, киіз туырлықты зар заманда өз кіндігінен тараған балаларына қоса және он бір ұл асырап, өсіріпті. Ер жеткен соң оларға да өз балаларымен бірдей енші бөліп беріп, ел қатарына қосқан екен. «Қыдыралының он бір ұлы, он бір құлы » деген әңгіме содан өрбіген. Қыдыралының бір баласы, Дөсет әкесінің жолымен, өсиетімен өскен, халқының келешегіне қамқор болған тұлғалардың бірі. Найза – қылышымен жауын жасқаған Дөсет батыр Жетісу жерін сырт жаулардан қорғау жолындағы шайқастардың бірінде қаза болған. Мәйіті Қызылағаш ауылынан 12-ші шақырымдағы дөңесте жерленген. Ол кісінің бейіті жанынан қазірдің өзінде аттылы кісі жерге түсіп, аруағына дұға арнап, өтеді. Дөсеттің әулиелігі жөнінде де ел арасында аңыз-әңгімелер көп.
Тәнеке Батыр Дөсетұлы
(1807-1885)
Тәнеке Дөсетұлы ресми деректерде 1807 жылы Тасқора деген жерде қазақ халқына белгілі Қыдыралы бидің шаңырағында дүниеге келеді. Оны М. Тынышбаев та растайды: “1807 жылы Қыдыралы қайтыс болды. Дәл осы жылы Арғанаты тауларының шығысында, Тасқора шатқалында оның немересі Тәнеке батыр дүниеге келді” дейді. Ал Тәнеке батыр 78 жасында дүниеден өткені туралы айтылады. Яғни 1885 жылы қайтыс болған. Тәнеке 1807-1885 жылдары өмір сүрді деген пікір ақиқатқа жақын. Ресми құжаттар да осы жылдарды да көрсетеді.
Аңыз — әңгімелерге сүйенсек, Тәнеке сәби шағында аурушаң, 7 жасына дейін мешел болған. Дөсет өте жақсы көрген сәбиін: Дәнекерім” деп, еркелетіп отырады екен. Дөсеттің ұлын “Дәнекер” деп айтуы ұлының “Тәнеке” деп аталуына себеп болады. Шын мәнінде, оның есімі Нұралы еді. Тәнеке 7 жасқа толғанда Дөсет Арқадан атақты Алдай бақсыны алдыртып, балаға ем жасатады. Жылдар өте Тәнеке кеселден құлан-таза айығып, Дөсет бүкіл атырапқа ұлан-асыр той жасаған екен.
Тәнекенің ел аузына “батыр” ретінде ілінуі әр түрлі айтылады. Бір ақиқаты, Тәнеке бұл атақты өте ерте алған.. Халық аузында:
Қайрақты қайрай-қайрай,
Таты шықты.
Он бесінде ел билеп,
Тәнекенің аты шықты, — деген жыр жолдары бар. Егер де осы аңыз-жырға сүйенсек, Тәнеке он бес жасында ел билігіне араласа бастаған немесе жорықтарға қатысқан. Бұл шамамен 1822-24 жылдар. Бұл кезеңде Жетісу халқы мен көршілес қалмақ елі жауласуын әлі тоқтатпаған еді. Ақсу – Қапалға іргелес Қытайдың Біротала аймағын мекендеген қалмақтар қазақ ауылдарын тонап, малдарын әлсін-әлсін айдап кетіп отырған. Қазақтар да олардан қалыспай, Алатау асып, қалмақ елін барымталап әкеліп отырған. Осы тұста Дөсеттің үш ұлының қалмақтарға жасаған жорықтары туралы ел аузында сақталған көп әңгімелер бар.
20-шы жылдардың ортасына қарай Жетісу жері Ресей, Қытай және Қоқан хандықтарының көз тіккен аймағына айналды. Орыстардың қазақ даласына ендей кіруіне қарсы азаттық күрестер бүкіл қазақ даласын қамтыды. Одан Жетісу халқы да тыс қалмады. Тәнеке де бұл көтерілісті қолдаған. Елінің, жерінің шынайы перзенті ретінде Тәнеке батыр халқының азаттығын бәрінен жоғары қойған.
Туған елі мен жерінің тарихын таразылап, терең зерттеген М.Тынышбайұлының “Материалы к истории киргиз-казахского народа” деген еңбегінде: “Қыдыралы бидің немересі Тәнеке Дөсетұлы 1835-1840 жылдары Кенесары Қасымұлы бастаған ұлт-азаттық көтеріліске қатысты” деп жазған. Тағы бір деректерге сүйенсек: “Кене ханның қайғылы қазасы жөніндегі хабар қазақ даласына жетісімен, найман тайпасындағы Дөсеттің Тәнекесі деген батыры матай, қызай руларынан 2 мың қол жинап, Кенесарыны өлтігендерді қатты жазалап қайтады. Солай болса да, Тәнеке мен Кенесары сұлтанға қатысты әңгіменің шындығына көз жіберсек, Тәнеке Кенесары қозғалысына тікелей қатыспаған. Бұл – Кенесарының орыс әскерлерінен жеңілген тұсы, яғни көтерілістің аяқталған кезі еді. Кенесарының қырғыз жеріне кету мақсаты – соңынан ерген халықты қайтадан жиып, жаңа күреске дайындау еді. Бұл ретте ол қырғыз манаптарына үлкен үміт артады, алайда бұл мақсаты қырғыз жеріне барғанда, іске аспай қалғаны мәлім. Қырғыздар сұлтанға көмектесуден бас тартты. Орыстардан қаймыққан қырғыз манаптары оның өзіне жау болды.
Қазақ халқының тәуелсіздігін ту қылып көтерген, ұлы даланың рухын аспандатқан Кенесарыдай асылды оққа байлап жіберген қырғыз манабы Төрегелдіні аяусыз жазалайды. Осы жөнінде Е. Бекмахановтың “Казахстан в 20-40 годы Х1Х века” деген монографиясында: “Кенесары қазасы оның серіктері мен қарулас достарына, қазақ даласына үлкен соққы, орны толмас қайғы болды. Кенесарының кегі үшін Қапал уезінің қазақтары қырғыз манаптарын аяусыз жазалады” деп жазылған.
Бұл жерде Тәнеке бүкіл қырғыз халқын шапты деген жаңсақ ұғым болмауы керек. Тәнеке тек Кенесары мен оның серіктерін өлтіргендерді ғана жазалады. Төрегелді манаптың ауылына бара жатқан жолында басқа бірде — бір қырғыз еліне тиіспеген. Сонымен қатар Тәнеке қырғыздың Жантай манабымен дос болған. Солай десек те патша үкіметінің қас дұшпаны саналған Кенесарының жақтасы болған Тәнеке батырдың оның алдында зор беделге ие болуы таңқаларлық жайт. Тіптен ол Қапал уезіне қарасты көлдей — жұмай елінің бірінші болысы болған. Тәнекенің жер дауы жөнінде Ресей патшасына жазған хаты оның Жетісу өлкесінде ұрпағының келешегі үшін отаршылдыққа қарсы күрескен үлкен қайраткер болғанын көрсетеді. Араб әрпімен жазып, Верный, Омбы генерал губернаторлығына, көшірмесін Петерборгтағы патша ағзамға жіберген хатында, жергілікті халықтың жаз жайлап, қыс қыстап жүрген шүйгін, шұрайлы жерлерін Қапалдағы атаман, полковник Абакумовтың тартып алып, өздерін тонап- зорлап, Балқаш көлінің маңындағы құмға айдап жібергенін хабарлайды. Хатты былай тұжырымдаған: “Сонымен бұл мәселені халық қақында ұлық мансапты құзырыңызбен жоғарыда аталған жерлерді өз руларына қайтарып беруге бұйрық беруіңізді сұрап, қаптағай, матай елінің волостной хорунжийі Тәнеке Дөсетұлы мөрімді бастым. 1857 жыл’.
Хатта Қапалдағы да бір қатар жер дауын шешуді өтінген. Бұл тұста Сібір казак әскерлері іргетасын қалаған Қапал бекінісінің маңайына ішкі Ресейден орыс қарашекпенділері 1850 жылдары лек-легімен ағыла бастағанды. Айналасы бір-екі жылда Арасанда орыс деревнясы бой көтереді. Егіншілікке де, мал шаруашылығына да қолайлы бұл өңірлерден қазақ руларын ығыстыру басталды. Осы тұста Тәнеке тағы да ерекше көзге көрінді. Орыс шенеуніктерімен таласа жүріп, қазақ руларының ата-қонысын қайтарып алады. Қапал өңірінің ең шұрайлы жері Баянжүректі ағасы Қалқабай балаларына алып береді.
Тәнеке беделінің орыс үкіметі алдындағы биіктігін Ш.Уәлихановтың Қашқария сапарына да байланысты қарастырған жөн. Шоқанның бұл сапарының мақсаты құпия ұсталды. Оның жол бойы жергілікті ең беделді әрі сенімді адамдар арқылы ғана алға жылжуы керек болды. Осы мақсатта Жетісу жерінде Тәнекенің көмегі пайдаланылған. Тәнеке батыр өз сарбаздарымен Шоқанның керуенін Қашқар қақпасына дейін жеткізеді. Қырғыздың таулы өлкелерімен Жантай алып жүрді. Олардың көмегінсіз Шоқан өз миссиясын толық аяқтай алмас еді. Бұл сапардың аса құпия түрде ұйымдастырылуына байланысты да Тәнекенің есімі еш жерде айтылмайды. Міне, Тәнекенің уақыт өте келе хорунжий шеніне ие болуы мен болыстық управитель дәрежесіне жетуінің бір себебі осы шығар.
Тәнеке туралы деректер Ш.Уәлиханов жазбаларында кездеседі. Шоқан Тәнекені «үлкен мұрынды, сақалды, кеудесін түгел түк басқан» деп суреттеген. Халық арасындағы әңгімеге сай Шоқан кейін де ішкі Ресейден жер аударылып келген досы, жазушы Ф. Достоевскиймен Тәнеке ауылына соққан.
Сонымен Тәнеке Дөсетұлының айналасында Кенесарының, Наурызбайдың, Шоқанның, Достоевскийдің, Жантай манаптың, тағы басқа белгілі тұлғалардың жиі айтылуы оның тарихи тұлға екенін дәйектей түседі.
Шиырбай шешен
Шиырбай Келдібайұлы 1843 жылы қазіргі Ақсу ауданының Қаракөз ауылында дүниеге келген. 1904 жылы қайтыс болған.
Шежіре деректері бойынша Шиырбайдың әкесі Келдібай, атасы Орынбай жасынан қиындықты көп көрген, кедей адам болған деседі. Ал қос ұлы Келдібай мен Шоңай ат жалын тартып мінісімен ел аузына ілінген, жұртының жел өтіне қорған болар ер болып өсіпті. Олардың намысқойлығы, батырлығы, балуандығы ел жадынан өшпеген..
Жасынан ескіше оқып — тоқығаны мол, алғыр жігіт Шиырбай ел өміріне ерте араласады. Сөзге жүйрік, тілге шешен, тапқыр адам болған. Көптеген даулы мәселелерді бейбіт шешіп, өзіндей би шешендермен сөз сайысына да түскен. 1898 жылы 31 жасында қажылыққа барып қайтады.
1870 — 1890 жылдары Жетісудың тау бөктеріне орыс шаруалары лек-легімен көшіп келе бастайды. Олардың ішінде баукеспе сотқарлары да болады. Жайлауға көшкен халықтың малын тонап, күн көрген екі ұрының үстінен түсіп, ұстап алып, түйенің құйрығына байлап, жайлауы Қараүңгірге апарып, енді қазақтарды тонамаймыз деп уәде алып қоя береді. Бірақ олар уәделерін бұзып, губернаторға “бізге Шиырбай, Қиырбай сынды қазақтар күн көрсетпейді” деп арыз жазып, Қырғызстан жеріне, соңынан Орынборға жер аударады. Жер ауып келген соң Қызай еліне үлкен бір дауды шешуге төбе би болып барған жерінде қайтыс болады.
Денесін жат жұртқа қалдырмай, үлкен баласы Қанабек, кіші баласы Бижарас, құдасы Ілиястың әкесі Жансүгір, барлығы 17 адам Ақшұнақтан асып барып, былғарыға денесін орап, тігіп, қадірлеп әкеледі. Үш жүздің игі жақсыларына хабар беріп, арулап мекені Қаракөз ауылының маңына жерлеп, зиратын тұрғызады.
Шешен бабамыздың Қанабек, Қанапия, Мырзағали, Мұсағали, Ахметқали, Бижарас атты алты ұлы болған. Қазір ұрпақтары Ақсу — Сарқан өңірінде еңбек етіп жатыр.
Маман Тұрысбек және оның балалары
Маман Қалқабайұлы 1810 жылы Ақсу ауылында туған. Қазақтан шыққан алғашқы кәсіпкерлердің бірі, би. Тегі Найман руы Матай тармағындағы Қаптағай атасынан шыққан. Тәнеке батырдың ағасы Қалқабайдың алты ұлының бірі.
ХІХ ғасырдың орта шенінде Қалқабай қарауындағы елді Ақтасты, Күреңбел сияқты шұрайлы жерлерге қоныстандырып, отырықшылыққа баулиды. Өзі әулеті мен дәулеті шалқыған ауқатты, бай болған. Маман бай жастайынан дәстүрлі шаруашылық жүргізу тәсілдерін меңгеріп қана қоймай, имандылық жолын тұтады. 1867-68 жылдары қажылық сапармен Меккеге барып қайтады. Жолшыбай Ресей, Түркия және Араб елдерінің тұрмыс — тіршілігіне ден қойып, береке-байлық көзі тек мал-дүние жиюда емес, өнер — білім алуда, өндірісті еңбек қарекетінде екенін көкейге түйеді. Қажылық сапардан оралған соң Қапал уезіндегі болыстар арасындағы дау-дамайға төрелік айтып, төбе билік құрумен қатар, елді мал бағудың экстенсивті амалдарынан арылып, өндірістік тәсілдерге көшуге, негізгі өнімдерді айырбас сауда айналымына салуға үндейді, отырықшы тұрмыс салтының артықшылықтарын түсіндіруге талпынады.
Маман төрт әйел алған. Бәйбішесінен – Тұрысбек, Бейісбек, Ырысбек, Сейітбаттал, екінші әйелінен – Оңғарбек, үшіншісінен- Есенқұл туған. 78 жасында үйленген тоқалынан бала жоқ. Балалар замана ағымын, уақыт талабын ерте аңғарып, қарауындағы елді отырықшылыққа үйреткен. Әке өсиетімен “Қарағаш” деген жерге сәулетті қалашық тұрғызып, өз қаражаттарына мешіт, мектеп салдырды. Әрқайсысы Мекке — Мәдинаға қажылыққа барып, Жетісу өлкесінде ілім — білімінің, имандылық шарттарының, ұлттық кәсіпкерлік дағдыларының қалыптасып, дамуына үлестерін қосқан.
1901 жылы қайтыс болды.
Тұрысбек Маманұлы 1844 жылы Қапал уезі, Ақтасты мекенінде өмірге келген. Маман байдың тұңғыш ұлы. Қапал қаласындағы “Якобия” медресесінде білім алған.
Жастайынан татар, орыс саудагерлерімен араласып, сауда-саттықпен айналысқан. 1878 жылы ол қажылық сапармен Меккеге барып келген соң, Қарағашта мешіт және медресе салуға кіріседі. 1899 жылы ашылған медреседе оқу араб тілінде жүргізіліп, жергілікті балалар мұсылмандық шарттарынан (әптиек, мұхтасар, аллаяр, т.б.) дәріс алады. 1895 жылы Тұрысбек екінші рет қажылық сапармен Меккеге барып келеді. 1904 жылы науқастанып, қайтыс болған.
Сейітбаттал Маманұлы 1862 жылы Ақтасты мекенінде туған.
Ағасы Тұрысбек қажыдан кейін, 1891-1910 жылдары Арасан болысын басқарып, өмірінің соңына дейін Матайдың ішінде Аталық руының биі болды. Інісі Есенқұлдың “Жаңа үлгіде мектеп салайық” деген ынтасына батасын және қажетті қаржының қомақты көлемін берген. Өзінің басшылығымен 1907 жылы мешіт салдырады.
Есенқұл Маманұлы 1888 жылы Ақтасты мекенінде дүниеге келген. Жастайынан өжет, еркін, табанды азамат болып өсті. Он бес мың қойын маңыратқан бай саудамен жақсы айналысады. 1907 жылы қажылық сапармен Меккеге барып қайтқан. Ағалары Тұрысбек, Сейітбаттал бастаған ағартушылық — кәсіпкерлік істі жалғастырып, Қарағаш мекенінде жаңа тұрпаттағы мектеп ашуды қолға алды. Жетісу өңіріне белгілі өнер-білім ошағы – “Мамания” мектебінің қалыптасып, даму тарихы Есенқұл есімімен тікелей байланысты.
Ол ел ішінен қаржы жинап, Түркия, Польша және Ресей қалаларында оқып жүрген қазақ студенттеріне жәрдемақы төлеуді де ұйымдастырған. Сондай-ақ қаржы тапшылығынан жабылып қалу қаупі төнген ”Қазақ” газетіне 1274 сом 10 тиын көмек берген. 1913 жылы халықтың өмірін шынайы бейнелейтін таза қазақ тілінде жазылған романға бәйге жариялап, ақшалай жүлде белгілейді. Қазақ өмірі мен өнеріндегі тосын құбылыс — жаңалықты қазақтың зиялы қауымы терең түсініп, ерекше бағалайды. М.Сералин, А.Байтұрсынов, Ә.Бөкейханов, М.Дулатов тәрізді қазақтың көшбасшылары бастаманы құптап, Есенқұлды мадақтап газет- журналдарда мақалалар жариялайды. 1928 жылы 27 тамызда Кеңес өкіметінің жергілікті белсенділері Есенқұлды және оның туыстарын кәмпескелеп, “әлеуметке қауіпті элемент” ретінде Орал округіне жер аударған…
Маманның басқа балалары, одан кейінгі ұрпақтары туралы және басқа да толық деректерді «Мамания» кітабынан алуға болады («Атамұра» баспасы, Алматы, 1999 жыл.).
Есімбек Қажы
(1840-1925)
Найман руының Матай тармағынан шыққан атақты Тәнеке батырдың баласы Есімбек Қапал өңірінде болыс болған және би ретінде ел ішінде әділдік жүргізген. Ол ерлік істері мен әділетсіздікке төзбейтін қайсар мінезімен елге сыйлы болған. Қазақ ауылдарына зорлық көрсетіп, тізе батырған патша әкімшілігінің шенеунігі Эрентальға қаймықпай қарсы шыққан. Осы хақында Жамбыл ақын “Сырттанға” деген өлеңінде
“Қыдыралы Есімбек Эрентальды сабаған.
Ер туған ұл десін деп , бір кәдеге жараған”
— дейді. Кейін ол Арасан болысына өткен бір сайлауда жеңіліске ұшырап, өзінің асқан намысқойлығына, батылдығына салып, сол Арасан болысынан Көлдей-Жұмай деген бір рулы елді бөліп алып, жеке болыс құрады. Оны әкесінің атымен «Тәнеке болысы» деп атайды және өзі болыс болып сайланады. Меккеге барып, қажы атанып қайтқан. Ол Біржан мен Сара айтысының қолдаушысы болған. Есімбек Қажы 1925 жылы қуғынға ұшырап, қайтыс болды.
Кеңсаба би Жаманбалаұлы
(1877-1903)
Найман тайпасының Матай руынан шыққан, оның ішінде Қаржау. Жастайынан алғырлығымен, шешендігімен көзге түскен. 20 жасында Ақешкі болысының биі болып саналған. Кеңсаба ел арасындағы даулы істердің шешілуіне тікелей араласып, әділдігімен халық құрметіне бөленген. Небәрі 26 жасында дүниеден өткен. Кеңсаба бидің зираты Талдықорған қаласының солтүстік-шығыс жағында ертеректегі екі тайпа елдің шекаралық межесінде қойылған.
Сырттанов Барлыбек 1866 жылы Қапал уезі Арасан болысының Қарашоқы ауылында туған. Қоғам қайраткері, алғашқы қазақ зиялыларының бірі. Елі Найман руы Матай тармағындағы Қаптағай атасынан шыққан. Әкесі Сырттан елге сыйлы, әділетті, батыл адам болған.
1876 жылы Верный қаласындағы ер балалар гимназиясына оқуға түседі. Оның оқуға қабілеттілігі мен құштарлығын байқаған гимназия директоры Д.Новактың көмек-қолдауымен Санкт-Петербург университетінің шығыстану факультетіне түсіп, оны 1890 ж. үздік дипломмен бітіреді. Оның саяси-қоғамдық көзқарасының қалыптасуына сол кезеңдегі студенттік қозғалыстар мен төңкерістік толқулардың әсері мол болады. Университет қабырғасында қазақ даласының әр шалғайынан білім іздеп келген Бақытжан Қаратаев, Жанша Сейдалин, Мәмбетәлі Сердалин, Абдолла Теміров сияқты алғашқы ұлт зиялыларымен пікірлес болып, ел болашағы жөнінде мәселелерді талқылауға қатысып жүрді.
1891-94 жылдары Ташкент қаласында қызмет істейді. 1894 жылы 29 қыркүйекте Жетісу облыстық басқармасының іс жүргізу бөлімінің меңгерушісі, ерекше тапсырмаларды орындайтын кіші шенеунігі болып, інісі Тұрлыбек екеуі патша әкімшілігінен әділетсіздік көрген қазақ, орыс еңбекшілеріне құқықтық кеңес береді, қамқорлық жасайды. 1903-07 жылдары ол Қытай мен Ресейдің шекаралық межесін тексеру, бұрынғы Алматы және Талдықорған облыстарының аумағын айқындау, картаға түсіру ісіне қатысады. Жетісу өлкесіндегі отаршыл патша әкімшілігінің шовинистік — империялық өктем әрекеттеріне қарсы шығып, батыл пікірлер білдіреді. Әсіресе, Ресей Министрлік Кеңес Төрағасы Столыпиннің реформасынан кейін Жетісу жеріне қоныстанып, қазақтардың иелігіндегі жер-суды қорлықпен тартып алып жатқан “Қарашекпендер” легін тоқтату үшін жұмыстанды. 1910 жылы 20 қазанда Ұзынағаш кентінде облыс қазақтарының кеңесін өткізіп, Ресей үкіметінің отаршылдық шараларына қарсы тұруға үндейді. 1911-14 жылы “Айқап” журналына мақалалар жазып, жалпы қазақ съезін шақыру мәселесін көтерді. Онда қарашекпендер мен казак- орыстарға тартып алып берген жерлерді байырғы иелері – қазақ руларына қайтару, Мемлекеттік Думаға жергілікті халықтан депутаттар сайлау, жергілікті халыққа Ресейдегі орыстармен тең дәрежеде құқылар беру, тағы басқа туралы мәселелерді талқылауды ұсынады. 1910-13 жылы қазақ елін Ресейдің ішкі колониясынан шығару, оны тәуелсіз статусы бар мемлекет ретінде құру жөнінде жарғы жобасын жазады.Ол «Қазақ елінің Уставы» деп аталды және бұл құжат демократиялық даму жолын құқықтық тұрғыдан белгілеген Қазақстанның Ата заңының «қарлығашы» саналады. Ол қоғамдағы әлеуметтік қайшылықтарды, ұлттар теңсіздігін, саяси шиеліністерді құқықтық-демократиялық реформалар арқылы шешуді жақтады. Сондай-ақ, ол елдің жарқын болашағы қазақ жастарының білім алуына, сауатты болуына байланысты екенін түсінді. Жетісу өңірінен шыққан алғашқы қазақ зиялылары – М.Тынышбаев,С.Аманжолов, Б.Мәмбетов, Н.Жақыпбаев, Қ.Боранбаев, О.Жандосов, Ж.Бәрібаев, Ы.Дүйсенбаев, тағы басқа азаматтар Верный ерлер гимназиясын тікелей Б.Сырттановтың көмегімен бітіріп шыққан.
Б.Сырттанов денсаулығының нашарлауына байланысты 1908 жылы аяғында отставкаға шығады. 1911 жылы дертінің күшейе түскеніне қарамастан жергілікті патша әкімшілігінің озбырлығы салдарынан жерінен айырылып қалған Жетісу өңірі тұрғындарының мұң-мұқтажын жеткізу үшін Санкт-Петербургке барған. М.Тынышбаевтың деректері бойынша, ол осы сапарында Әлихан Бөкейхановпен кездескен. Елге оралған соң өкпе ауруынан айыға алмай, 1914 жылы 26 қарашада қайтыс болады.
Аудандағы Арасан ауылының орта мектебі Б.Сырттановтың есімімен аталады.
Сүлеев Біләл 1893 жылы Қапал қаласының маңындағы Баянжүрек жерінде дүниеге келген. Балалық шағы Сағабүйен ауылында өтеді. Біләл алғашқы білімді әкесінен алады. Әкесі — Сүлей де, атасы – Майлы да оқыған, білімді адамдар болған.
1911 жылы Қарағашта ашылған “Мамания” медресесіне келіп оқиды. Маманов Есенқұл сол жерден Біләлді өз қаражатымен Уфадағы мұғалімдер дайындайтын “Ғалия” медресесіне жібереді. Содан кейін ол Орынбордағы мұғалімдер семинариясына оқуға түседі. Б.Сүлеевтың cол кездерде Орынборда шығатын «Қазақ» газетінде, «Матай», «Қаптағай» деген лақап аттармен өлеңдері, мақалалары басылып тұрады. Татардың “Уақыт” газетінде де «Матай», «Қаптағайлар» сол жылдарда жиі кездесетін.
1916 жылы Біләл қара жұмысқа алынған қазақтарға мыңбасы болып Минскіге барады. 1917-18 оқу жылында Қапал қаласындағы татар мектебінде мұғалім және оқу ісін басқарушы болып қызмет атқарады. «Талды» деген жерде «Садыр-Матай» дейтін бюро ұйымдастырып, оның төрағасы болады.
Б.Сүлеев Жетісу өлкесінің ауылдарында көптеген мектептер ашуға ұйтқы болады. Олар жатақханалы болып, барлық пәндер орыс тілінде, тек әр ұлттың ана тілі мен әдебиеті ғана өз тілінде оқылатын. Бұл әдіс — тәсіл Жетісудағы ұcақ ұлттардың және қазақ жастарының қалалардағы жоғары оқу орындарына еркін түсіп, оқуларына мүмкіндік беріп еді. 1928 — 1929 оқу жылында Ақтөбе облыстық халыққа білім беру бөлімінің меңгерушісі болады. 1930 жылы Орынбордағы мұғалімдер институтын – Оралға, Тәшкендегі мұғалімдер институтын – Семейге көшіріп алып барып, орналастырады. Сол өзі ректор болып бекітілген Семей институтына оқытушыларды іріктеп алып жатқанда НКВД қамауға алып, Алматыға аттандырады. 1932 жылы босап шығып, Б.Сүлеев Мәскеуде бір өндіріс орында мәдени-ағарту қызметінде болады. 1934 жылы Қарақалпақ Наркомпросына Мәскеуден қызметке жіберіледі…
Сәлеметсіз бе, керемет мақала екен. Мен «Тәнеке батыр» деген кітапты іздеп жүр едім. Редакторлары: Сәбит Дүйсебаев пен Қайрат Адамбосынов. 2002 жылы жарық көріпті. Алғы сөзін Жекен Қалиұлы жазыпты. Сол кітапты табуға көмектесіңізші
Тәнекенің ұлы Қожабек (Ходжабек 1955-1930жж) 1930 жылы Ақсу,Сарқанд аудандары аймағында Бөрібай,Матай көтерілісін басқарып, үштіктің шешімімен атылған.
Мадина Шакирова кітапқа көмектесейін,қай жерденсің,не үшін кітапты іздедің ?
Қыдыралы бидің 11 баласының аттарын білгім келеді. Мен қыдыралымын. Бірақ шежіремді білмеймін. Қыдыралыдан ары білмеймін. Атам Мұқаметқали (Мұқаш) Медетбеков 1928-1936 жылдары айдауда болған. Ақпаратты қайдан іздесем екен. Керемет мақала. Қаптағай, Бөрібай бабаларым жайлы біліп жатырмын. Рахмет көп. Бірақ одан да көп білгім келеді.
Кенсаба би атаның туған жылы дұрыс емес атаның есімі азан шақырылып қойылған «Есбетті «
Әссәләмуғәләйкум. Садыр Бұғыбай батыр жайлы мәлімет болса бөлісіңіздерші