Наурыз көне мейрамы

         Наурыз мерекесін тойлау дәстүрі дүние жүзі халықтарының көпшілігінің тұрмыс – салтында бағзы замандардан орын алған. Ұлыс күні қазақ елі үшін әрқашан қасиетті, киелі саналған. Ауылдың ер адамдары бір – бірімен қос қолдасып, төс қағыстырады, әйелдер құшақтасып, бір – біріне игі тілектер айтады. Бірін – бірі мерекеге арнап дайындалған «Наурыз көже» ішуге шақырады. Бұл мереке үлкен – кіші демей барлық қазақ үшін …..

Осы ежелден келе жатқан көне мерекені тойлау дәстүрі еліміздің барлық аймақтарында жылдан – жылға жақсарып барады. Ал, ауыл – аймақтарда әр шаңырақта үлкен – кіші демей барлығы бірдей атсалысады.

Бүгінгі күні мектептің алдында тұрған мақсаттың бірі, мектеп табалдырығын аттаған барлық баланың бойына өз ұлтына, салт – дәстүріне деген көзқарастарын оятып, әдептілікке, кішіпейілдікке, бауырмалдыққа тәрбиелеу.

Осыған орай, 21-наурыз күні  Ақсу ауданы, Көкжайдақ ауылында орналасқан, Абай атындағы орта мектебінің шағын орталығында тәрбиешілердің ұйымдастыруымен, «Жыл басы-Наурыз» тақырыбында шағын мерекелік ертеңгілік өтті.

Өткен мерекелік салтанаттың мақсаты:  «Жас ұрпаққа ата-баба дәстүрін насихаттау,  кішкентай бүлдіршіндерге «Нау-рыз мерекесі» жайында түсінік беріп, ата – баба дәстүріне деген сүйіспеншіліктерін ояту» болатын.

Мектептегі шағын орталы-ғында, 2 – 5 жас арасында 38 бүлдіршін бар. Осы іс – шараға аға тәрбиеші Байсеитова Нұргүл және тәрбиешілер Тлеулина Сания мен Айтмұхаметова Қамар  ұлттық киімдерін арнайы тігіп, әже, келіншек рөлдерін сомдады. Ал ата-аналар да, өздерінің балаларына қазақтың ұлттық киімдерін кидіріп, тақпақтарын жаттатқызып, үлкен үлестерін қосты.

Сонымен қатар, арнайы осы салтанатқа дайындаған бағдарлама бойынша, қазақтың бірнеше ұлттық «Арқан тартысты», «Ханталапай» ойындарын ойнатып, «Тұсау кесер», «Бесікке салар» салт – дәстүрлерін де көрсетіп, тәрбиеленуші бүлдіршіндерге бірнеше сұрақтар, ән, би, қыз бен жігіт арасындағы айтыстан үзінді дайындалған. Барлық қойылған сұрақтарға балалар сауатты жауап беріп, жаттаған ән – тақпақтарын айтып, ата-аналарды қуантты. Өте әсерлі көрініс 5 – жасар балалардың орындауында, «Ақын Сараның» рөлінде – Тасқын Айша мен «Біржан салдың» рөлінде Рауанұлы Алинұр,  айтысында   байқалды.

Қандай Наурыз мерекесі Қыдыр атасыз өтеді? Өйткені, Қыдыр ата – бүкіл халықтың қамқоршысы және оларға жақсылық жасаушы. Ырыс, құт, несібе әкелуші, бақ – береке, өмір сыйлаушы қасиет иесі, кемеңгер, әулие, көріпкел, жарылқаушы қарт. Ол Ұлыстың ұлы күнінде әр елге келіп, әр шаңыраққа соғып бата береді. Сондықтан, арнайы осы салтанатқа 3-сынып оқушылары «Қыдыр ата» мен «Наурыз аруы» болып киініп барлық қатысушылар мен ата – аналарға арнайы тілегін айтып, батасын берді.

Ұлыстың ұлы күні адамдар бір – біріне деген ренішін ұмытып өзіне де, өзгеге де жақсылық тілеген. Дастарқанның бас-ты асы наурыз көже болғаны бәрімізге мәлім. Сондықтан, осы ертегіліктің қорытынды бөліміне ата – аналар әдеттегідей наурыз көжелеріне барлық қатысушыларды    дастархан басына шақырып, ұсынды. Өйткені, қандай наурыз мейрамы Наурыз көжесіз өтеді? «Наурыз көже жеті түрлі тағамнан жасалған. “Наурыз көжені тойып ішу керек, сонда жыл бойы тоқшылық болады!” Сол дастархан басында Қыдыр ата балаларға батасын берді. Ал, бата – ол үлкендердің өзінен жасы кішілерге беретін ықыласты тілегі.

Олай болса, барлық еліміздің аймақтарында осындай балала-рымызға ұлтымыздың салт – дәстүрлерін насихаттайтын іс – шаралар жиі өте берсін деп тілеймін. Ал ұстаздар тарапынан, біздер қолымыздан келетін барлық мүмкіндіктерді жасаймыз.

Ынтымағы жарасқан көп ұлтты елiмiздiң осы бiрлiгiн Құдай ұзағынан сүйiндiргей! Әрбiр шаңыраққа Қыдыр дарып, бақ қонсын! Мұсылман қауымына Исламның 7 байлығын тiлеймiн.

Ұлыс оң болсын! Ақ мол болсын, қайда барсақ жолымыз болсын, ағайын!

С.С.Нусипова,

Көкжайдақ ауылы,

Абай атындағы орта

мектебінің директоры.

Мәліметпен бөлісу: