«Медиация» сөзі латын тілінен аударғанды «делдал», «екі тарапты мәмілеге келтіруші үшінші тұлға» деген мағынаны білдіреді. Медиация – біздің ата — бабаларымыз қазақ елінің дәстүрлі құқығының негізінде мыңдаған жылдар бойы ұстанып келе жатқан бітімгершілік жолы деп түсіне білуіміз керек. Медиация деген заманның талаптарына сай жаңартылған жаңа атауы болмаса, қазақтың өзінің тарихында бар дауды шешу жолы.
Жалпы медиация – дауласушы екі тарап арасындағы келіспеушілікті қарап, заңды түрде бір келісімге келуге кәсіби тұрғыда жол-жоба көрсетіп, мүмкіндігінше екі жаққа тиімді мәмілеге келуге қол жеткізуді көздейді. Медиаторлар жеке және заңды тұлғалардың азаматтық, еңбек, отбасылық және басқа да қатынастарына, сондай-ақ қылмыстық істер бойынша медиация рәсімін жүргізе алады.
Батыс елдерінде дау-дамайдың 97 пайызы сотқа дейін, яғни медиациялық жолмен шешілетін көрінеді. Медиацияның бір артықшылығы, ол тараптардың көп уақытын алмауға бағытталған. Тіпті екі жақ 2-3 сағат ішінде бір келісімге келетін жағдайлар да болады. Ал соттасқан жағдайда бірнеше ай уақытын сарп еткен болар еді.
Қазақтың ұлы ақыны Абай өзінің үшінші қара сөзінде: «Би екеу болса, дау төртеу болады. Оның мәнісі – тақ болмаса, жұп билер таласып, дау көбейте береді деген сөз. Өйтіп би көбейткенше, әрбір болыс елден толымды — білімді үш-ақ кісі билікке сайланса. Ол билерге даугер адамдар қалмай, екеуі екі кісіні билікке таңдап алып, үстіне біреуді посредникке сайлап алып, біте берсе; егер оған да ынтымақтаса алмаса, бағанағы үш бидің біреуін алып, екі жеребемен сайлап алып жүгінсе, сонда дау ұзамай бітім болар еді», – депті.
Медиация — қазақ халқының ұлттық болмысыне ең жақын ұғым десек қате айтпаймыз. Түрмесі болмағын, түрме деген түсінігі болмаған, елдің ала жібін аттамаған, іргесі берік қазақ қоғамында небір даулы мәселелерді екі ауыз сөзбен шешкен дуалы ауыз билер болғанын тарихтан жақсы білеміз. Қазақ халқы үшін бітімгершілік – билік айтудың ең озық өнегесі. Ұлы қазақ даласының билігінің белгілі дара тұлғалары –Төле би, Қазыбек би, Әйтеке билер бастаған дана билердің ел арасындағы кез келген дауды бітімгершілік жолымен шешіп, халқымыздың бірлігін, ауызбіршілігін, тұтастығын сақтауға улкен назар аударғаны баршамызға белгілі. Медиация туралы заңымыздың аты бөлек болғанымен қазақ халқы үшін жат дүние емес. Халқымыздың дарабоз билерінің дәстүрлі билік жүргізу тәсілінің заңды жалғасы деп түсінгеніміз абзал. Ендеше, сот жүйесінде бітімгерлік тәсілін қолдану – қазақ халқының бүкіл әлемге үлгі етерлік шешендігі мен көсемдігін жаңғыртуға жасалған игі қадам деп танимыз.
Н.ЖАЗЫЛБЕКОВА,
аудандық соттың бас маманы.