МӘКЕЙ ТАНЫМЫ
Мәкей Еркінбеков ел аузындағы сара әңгімелерді қомақты еңбек етіп, қолжазба дәптеріне артына мұралыққа жазып қалдырыпты. Заматында «Ана тілі» газетіне жіберілген екен. Ол туралы «Серікке» деп Кәден Еркінбеков: «Мәкей ата туралы жазғандарымды «Ана тілі» газеті редакция алқасына жібердім. Мәкей шығармаларымен қатар Мәкейді білген басқа адамдардың да жазғандарын тегіс қосып салдым. Газетке баспаса, жіберген материалдар қайтарылмайды. Жоғалып кетпеу үшін, өзің толық көшіріп алшы. «Баспағандарды саған беріңіздер» деп редакцияға жазған хатта келтірдім. Кім біледі, қандай жағдай болатынын?» — деп жазған хат мазмұнынан түсінуге болады. АБАЙ МӘТЕЛДЕРІ: 1. Жаман дос — көлеңке, басыңды күн шалса, қашып құтыла алмайсың. Басыңды бұлт шалса, іздеп таба алмайсың. 2. Биік мансап – биік жартас. Қиялай ұшып қыран да шығады. Иреңдей жортып жылан да шығады. 3. Егер ісім оңсың десең, ретін тап. 4. Дүние үлкен қол, заман соққан жел. Алдыңғы толқын ағалар, соңғы толқын інілер. Кезекпен өлінер, баяғыдай көрінер. 5. Досы көппен сыйлас, досы жоқпен сырлас. Қайғысыздан сақ бол, қайғылыға жақ бол. 6. Қайратсыз ашу тұл. Тұрлаусыз ғашық тұл. Шәкіртсіз ғалым тұл. 7. Бағың өскенше — тілеуіңді ел де тілейді, өзің де тілейсің. Бағың өскен соң — өзің ғана тілейсің. 8. Адамның адамдығы — істі бастағанынан білінеді. Қалайша аяқталғанынан емес. 9. Кісіге біліміне қарай болыстық қыл. Татымсызға қылған болыстық – адамды бұзады. 10. Әкесінің баласы – адамның дұшпаны. Адамның баласы – досың. 11. Өзің үшін еңбек қылсаң — өзің үшін оттаған айуанның бірі боласың. Адамшылықтың қарызы үшін еңбек қылсаң – құдайдың сүйген құлының бірі боласың. 12. Құйрығы шаян, беті адам, байқамай сенбе құрбыға. Жылмаңы сыртта, іші арам, кез болар қайда сорлыға. 13. Күшік асырап ит еттім, ол балтырымды қанатты. Біреуге мылтық үйреттім, ол мерген боп мені атты. 14. Сыйласарлық тектінің — кім танымас нұсқасын. Күнде өзімшіл ептінің — несін адам ұстасын. 15. Еңбек қылсаң ерінбей, тояды қарның тіленбей. 16. Тамағы тоқтық, қайғысы жоқтық – аздырар адам баласын. 17. Самарқанның сар жолы, Бұланайдың тар жолы. 18. Жылан жылы – жұт. Жылқы жылы – жылыс. Қой жылы – құрыс. 19. Адам баласын заман өстіреді. Кімдекім жаман болса, оның замандастарының бәрі кінәлі. 20. Ер — артық сұраса да, азға разы болады. Ез — аз сұрар, артық берсең де разы болмас. 21. Егер, закон қуаты қолымда бар кісі болсам, адам баласын түзеп болмайды деген кісінің тілін кесер едім. 22. Бай баласы көп ішсе, ішіп үйренген дейді. Аз ішсе, негізі тойған дейді. Кедей баласы көп ішсе, көні кеуіп қалған дейді. Аз ішсе, шілдесінде шырақ көрмеген дейді. Тегі, осы кедей баласына күн бар ма? 23. Бақ қуған – дау қумайды. Өмір дүние дегенім – ағып жатқан су екен. Жақсы, жаман көргенім – ойлап тұрсам «у» екен. 24. Күн артынан күн туар, бір күн дамыл еткісіз. Ой артынан ой туар – желге мінсе жеткісіз. 25. Бақпен озған патшадан, миымен озған қара артық. 26. Аспан көркі — нұр екен, жиһаз көркі — зер екен. Ең асыл зат – жер екен, бар керегің төгілген. 27. Бапты сұңқар – құс алар. Көптің күші – тас бұзар. Ердің аты бір шығар, ағайын, жұрт, елімен. 28. Сыя алмасаң сыртыңа, сірне тұрар мұртыңа. Сорлы атанар жұртына, жаман жарға телінген. АБАЙҒА КӨКБАЙДЫҢ АЙТҚАНЫ: Жүрісім, тұрысым, бәрі Абайша, Абайдан кем болам, мен қалайша? Ақылым көп, закон өзімде де бар, Ашылған көкірегім кең сарайша. АБАЙДЫҢ КӨКБАЙҒА ЖАУАБЫ: «Мен» боламын демеңдер, Аяқты алшаң басқанға. Екі көзіңді еліртіп, Құр қарайсың аспанға. Бір ғылымнан басқаның, Бәрі де кесел асқанға.
Сөйтіп, асқан жолығар, Кешікпей-ақ тосқанға. АБАЙ ӘЙЕЛ ТЕҢДІГІ ТУРАЛЫ: Сән, салтанат жұбатпас жас көңілді, Кім де болса, тұрғысын көксемекті. Мезгілі өткен дәуренді қуалаған, Не қылсын, бір қартайған қу сүйекті. Кәрі — жас дәурені өзге, тату емес, Епке көнер ет жүрек, сату емес. Кімде-кім үлкен болса екі мүшел, Мал беріп, алғанымен қатын емес. ШӨЖЕ АҚЫН Құнанбай мешіт салдырғанда, Алшынбай би екеуіне айтқаны: Болыпты бір ақсақ таз және соқыр, Құранды мысық сопы, молдаң оқыр. Болғанда ақсақ дария, соқыр қарға, Ортасын дарияның қарға шоқыр. *** Шөже ақын жолаушылап келе жатып, жолай бір үйге түседі. Үй иесі қыржыңдап жаратпайды. Шөженің көзі көрмесе де көңілі ашық, үй иесінің жаратпағанын сезеді. Қолына домбырасын алып Шөже: «Не етерім білмедім, қалдым сасып, Кетерімді білмедім, қайда қашып. Тәрізіңді таныдым келген жерден, Күңк етіп, теріс айналған қыржыңдасып. Аттанып, қазір бұдан кетемін мен, Қасымға бүгін барып жетемін мен. Құндарың бір омыртқа болған болса, Сен итке мейман болып не етемін мен», — деп, орнынан тұра бергенінде, үй иесі: «Кешір, Шөжеке, танымай қалдым», — деп жалынып, қонақ етіп, сый беріп аттандырыпты. ТӨРЕ БИ МЕН АБЫЛАЙ ХАН Төре би — сөзге тапқыр, шешен, батыр екен. Кедей болған соң, қара лашықта тұрады. Аты мен атағын естігенімен, жай-жапсарын Абылай хан білмепті. Абылай хан Төрені іздеп, үйіңе барады. Қара лашығының алдында Төре би келікелісаппен тары түйіп жатады. Киім пошымынан оның билік адамы екенін Төре байқап, тағзым, сәлемін жасаған Төре би: «Далаға шықсам батырмын, Үйге келсем қатынмын. Қатын ауыру, бала жас, Келі түйіп жатырмын. Тіккенім лашық, Жегенім жасық. Түссеңіз мініки, Есігім ашық. Жүрсеңіз әніки, Жолыңыз ашық», — дейді. Абылай хан атынан түсіп, Төре бимен көп сөйлесіп, дәмді сөзіне риза болады. Абылай хан Төре биге отау тігіп, алдына мал салып беріпті. Осы өлең қазақ халқына көп тараған. Бір кедей батыры айтыпты делінеді. Ал нағызы, кім мен кім екені, Мәкей Еркінбековтың қолжазбасынан шығып отыр. ЖАМБЫЛ АҚЫН Сырттанға Қыдыралы, Құлшаннан, Құлаш ұрған Сырттаным. Жерді болжап, күн шалған, Жүрегіңді ұққанмын. Қыдыралы Есімбек, Эренталды сабаған. «Ер туған ұл десін» деп, Бір кәдеге жараған. Маманның өнері, Тиын-тебен санаған. Құтылғалы келіпсің, Солар жапқан жаладан. Енді ниет етіпсің, Кім кірмеген қаладан. Сендей қазақ аз шығар, Үміт қылған баладан. Дәметемін жетімдей, Сендей білгір ағадан. Жамбыл ақынның «Сырттанға» деген өлеңін толық келтіріп отырғаным, Барлыбек Сырттанов туралы жазылғандарда осы өлең өзгерістермен келтіріледі. Мәкей Еркінбеков қолжазбасында өлең мазмұны нық және нақты берілген. Сырттан батырдың кімнен жапа шегіп, облыс орталығы Верный қаласындағы Барлыбек пен Тұрлыбек балаларына 1881 жылы барғанын Жамбыл ақын өлеңі растайды. Маманның өрені емес, өз өнері тиын- тебен санау дейді. Өлеңде небір тарих сыры жатыр. Тәнекенің ұлы Есімбек берген уәдесінде тұрмай, болыстыққа өткізбегендігі үшін Рентальды сабаған «ер» екенін, Маман мен маңайыны Сырттанға жала жапқанын, Сырттан батыр ұлдары Барлыбек пен Тұрлыбектен заң бойынша араша сұрап келгенін, Жамбыл ақын Сырттанды «аға», білгір деп бағалап, Сырттанның шыққан тегі — Құлшан екенін, Құлшан мен Қыдыралы бірге туысқандығын ашады.
ҚҰЛ АҚЫН Маманға айтқаны: Маман қымыз береді жалғыз кесе, Екі кесе бермейді, өлдім десе. Соқыр түйе секілді қыңыранып, Дес бермейді, қазаққа сөзге келсе. Садыр Құл ақынның Маманға айтқан осы шумақ өлеңін әр кім сан қилы, өзгертіп жазып, айтып жүр. Мәкей Еркінбеков қолжазбасындағы дұрысқа келеді. БЕКБОЛАТ БИДІҢ АЙТҚАНЫ: Үстіңе сегіз жігіт мінгескендей, Қорықпадың кездесем деп киесіне, Жауыңның қызықпадың түйесіне. Жасыңда үйірсек деп естуші едім, Шауыпсың өш айғырдың биесіне. Арғы атаң би Кеңгірбай, әкең Қаумен, Себеп боп, елді таптың денің саумен. Жеті қойлық бестімен болдың орай, Алысқан сеңгір едің талай таумен. САРЫШУАШ ШЕШЕН Елі Найман, Матай, Кенже, Өтебай, Сарышуаш шешеннің түрі сары болғандықтан есіміне «сары» сөзі қоса айтылады. Өзі би, өзі дана шешен, жауынгер, батыр екен. Құт дарып байымапты. Қонақ келсе, Сарышуаш сойысқа қойды елі Тақет, Жантуұлы Бөшіктен алады екен. Бөшікке қой малы көп бітіпті. Бірде Сарышуаш үйіне қонақ келгенде, Бөшіктен қой сұратып жіберсе, қой бермей жібереді. Сонда Сарышуаш шешен: «Жантуұлы Бөшікті, Бөшікке қой өшікті. Қойдан хабар білдің бе? Бізге не қып кешікті?» — деген екен. Мұрат Мөңкеұлының айтқан жеті жұрты: 1. Қырық таңбалы — Қырым, 2. Он таңбалы – Үрім (Рум), 3. Он екі баулы — Өзбек, 4. Он сан – Ноғай, 5. Қыл жалаулы — Қалмақ, 6. Киіз туырлықты — Қазақ. Осы айтылған алты жұрттың біреуі екі келіп, екі кетіпті. Сонымен жеті жұрт келіп, жеті жұрт кеткен «құтсыз жұрт» деп Мұрат ақынның зарлағаны сол екен. «МАНАС» ЖЫРЫ Қырғыз халқының мәдениетінде ертеден айтылып келе жатқан «Манас» жыры бар. Жырда ержүрек батырдың тамаша жауынгерлік істері айтылады. «Манас» жырын қырғыз ақыны Сағымбай Оразақов деген кісі төрт жыл бойы айтып жүріп жаздырады. Оның айтуында «Манас» жыры – 260 мың жол болған екен. «Манас» жырын екінші мәрте жаздырған Саяқбай деген ақын. Оның айтуында «Манас» жыры – 400 мың жолға жетеді. Көлемі жағынан алғанда әлемде «Манастан» асқан ұзақ жыр жоқ. Оған дейін ең ұзақ жыр гректің Гомер деген ақыны жырлаған 12 мың жолдан тұратын «Иллияда» жыры болып келген. «Манас» жыры Европа халықтарына қазақтың ғалымы Шоқан Уәлиханов арқылы тарапты. ӘСЕТ ПЕН ЖӘМӘЛИ Атақты Әсет ақын Найманбаев үш Матай елін аралайды. Маман-Тұрысбек ауылында жатып, бір қыс өлең айтады. Әсеттің дауысын естіп әншілдігін, ақындығын көргендер «мықты» деп айтып, таң қалумен ауыздарының суы құрып, жеткізе алмайды. Ол бір айтқан өлеңін еш қайталамапты. Ойынан ылғи жаңа өлең шығарып айтыпты. Бір күні ойынан жаңа бір жұмбақ айтып, осыны шешіңдер. Болмаса, сендер жұмбақ айтыңдар. Айтқан жұмбақтарыңды шеше
алмасам, өз айтқан жұмбағымды шешіп беріп, таң атқанша өлең айтамын депті. Сонда Әсет: «Көңілімде бір талас бар, сенер емес, Алладай жанның бәрі шебер емес. Дарияның «Әблисан» бір тамшысын, Бермесем екі ғауһар берер емес. Ерінбеген алады еңбек етіп, Айламен алуға хал келер емес. Жігіттер ақылың болса, соған ұмтыл, Басқасы оған жетер өнер емес», — деп өлеңмен жұмбақ жасырады. Отырғандар Әсеттің жұмбағын таба алмайды. Сол көптің ішінде өнерпаз әнші, елі Қаптағай, Жәмәли болады. Өзі қулампаз, пысық жігіт. Ол Әсетке қарап: «Екі пешке – бір көсеу. Осы жұмбақты тапшы?» — депті. Әсет: «Ой, шіркін, қиын жұмбақ айттың. Ол «сиырдың тілі», — деп жауаптайды. Жәмәли: «Менің жұмбағымның шешуі ол емес. Жұмбағымды дәл шеш», — дейді. Көп ойланып, басқа еш нәрсеге ұйғара алмаған Әсет: «Жеңілдім. Менің жұмбағымның шешуі «ғылым». Ал, енді сен өз жұмбағыңның шешуін айт?» — дейді. Отырған орнынан қуана атып тұрған Жәмәли: «Менің жұмбағымның шешуін сіз «сиырдың тілі» дедіңіз. Шынында ол «бұзаудың тілі» еді дейді. Әсет: «Қап, мені алдап соқтың-ау», — деп жастыққа қисая кетеді. Отырғандар ду күліп, «Жәмәли жеңді» деп шуласады. Мәкей мұны 77 жастағы Жәмәлидің өз аузынан жазып алыпты. ОШАҚТЫ ТӘСІБЕК АҚЫН 1913 жылы Кенженің Байғазы деген руы адам өлтіріп, құнды болады. Барымта-қарымта басталып, елге маза болмайды. Елшен батыры Бертісбай 4-5 кісісімен қоңсы кеп жайғасып, қонақ болады. Бұлар етке тоймай, арты дауға ұласатынын Тәсібек түсінеді. Соны Тәсібек әйеліне сездіруге өлеңмен: «Бұл қонағым сұрасаң, Шұбарағаш, Арасан. Ендігі қонақ сөкпейді, Осыларға жарасаң! Жілік салсаң саннан сал, Жоқ табылмас, бардан сал. Қара кесек түк болмайды, Қолыңа түссе майдан сал!»- дейді. Мұны естіп қалған Бертісбай батыр: «Тамағың не болса, о болсын! Сөзіңе разы болдым! Өлеңінді қайталашы?» — депті. *** Жеті адам, ішінде Тәсібек ақын бар, Бөрте Бисеке мырзаның отауына келіп, қонбақшы болады. Қонақтарды қарсы алған бәйбішесі: «Бәрің қонуға болмайды. Басқа отауларға бөлініп қоныңдар!» — дейді. Тәсібек ақын мен бір адам осында қалып, басқа бесеуі басқа отауларға бет бұрады. Түнде бәйбіше Тәсібектің ақын екенін біліп, қолына домбырасын ұстатып, «өлең айт» дейді. Тәсібек өлең айта отырып, реті келгенде: «Ауылымның ақсақалы Тілеуберсе, Ауылыңды көп сырттадым күйеулерше. Осы үйге келгенде жетеу едік, Аяғымыздан тоздық-ау шігендерше», — деп қалады. Сонда бәйбіше: «Ойбай, мынау бір пәле ғой. Басқаларын шақырып келіңдер! – деп, бір жігітті жұмсап жіберіп, барлығын келдіртіп қондырады. ЖҮЙРІК АТ ТУРАЛЫ ТӘСІБЕК: Ел етекке түскенде, Құйрыққа үкі тағады, Көк бөрідей шабады. Қысты күні болғанда, Құрым киіз жабады, «Қыршаңқы» деп бағады. БАТА: Алтайда Аққошқардай айбатты бол! Төртуыл Жанайдардай қайратты бол! Найманда Тәнекедей сәулетті бол! Жаппаста Мырқымбайдай дәулетті бол! Екі дүние абройын бірдей көріп, О жалғанда – иманды, Бұ жалғанда перзентті бол! *** Мәкей Еркінбековтың қолжазба дәптерінде бұдан басқа: Түркімен ақыны Мақтұмқұлының, төре Қожабектің, Алшын Дулат ақынның, Жамбыл Жабаевтың революцияға дейінгі, Әсет Найманбаевтың, Қуат Терібаевтың, Нұрлыбек ақынның, Кенен Әзірбаевтың, Уәлиқызы Майраның, Қалқа Жапсарбаевтың, Молдахмет ақынның, Абдолла Жұмағалиевтың, Е.Шәукетаевтың, Сәбит Дөнентаевтың өлеңдері, Бір жігіт, Кіші жүз Көтібар батыр, Шиырбай шешен, Қызай Күнболат болыс, Керей Қайралап туралы әңгімелері жазылған. Ол таптырмайтын құнды, ауыз әдебиетіне мол үлесті дүниелер. Ұрпаққа — сана, санат берсін. Жастар ата-бабалар мұрасын тере жүрсін деген ізгілікпен Жемісбек ТОЛЫМБЕКОВ.