«КҮШТІ ПРЕЗИДЕНТ – ЫҚПАЛДЫ ПАРЛАМЕНТ – ЕСЕП БЕРЕТІН ҮКІМЕТ» – ЕЛ БОЛАШАҒЫ

Әлеуметтік желіден Төлеубек Жұмашұлы деген ақынның «Бәрі бекер» деген өлеңін оқыдым. Ол өлеңді түгел келтірмей – ақ, менің айтқалы тұрған ойыма тұздық ретінде біраз жолдарын келтірейін:

…Қара қосты болсаң да өмір өтер,

Қара тауда жүрсең де көңіл жетер.

Ай шарында үйіңіз болса дағы –

Берекесі болмаса бәрі бекер

Гүл ішінде ара бар шағып өтер.

Ел ішінде ала бар кері кетер.

Бір ұяның түлегі бір бірінің –

Шұқып жатса көздерін бәрі бекер…

Кісілігің — жүзіңді жарық етер,

Кішілігің — тұлғаңды алып етер.

Басыңа алтыннан тәж кисең дағы –

Әділдігің болмаса бәрі бекер…

Көл суалса аққудың әні кетер,

Гул қуарса даланың сәні кетер.

Атан түйе адасып, жолдан тайса,

Ботаға өкпелеудің бәрі бекер.

Бұл өлең қарапайым тілде жазылғанымен айтар ойына тереңірек үңілсек қандай керемет. Халықты ауыз біршілікке, береке – бірлікке шақырып, кісілік пен кішіліктің, әділдіктің абыройын асқақтатып тұр. Алдыңғы толқын ағалар біз жастарға үлгі болып, өнеге көрсетпесек, сен дұрыс жасамадың деп ботаға өкпелеу бекершілік екенін айтады. «Еліміздің болашағы жастардың қолында» — дейміз. Ал жастарға ақыл – кеңес беріп, дұрыс жолға сілтеу біздің, үлкендердің парызы. Мемлекет басшысы Қасым – Жомарт Тоқаев Әділетті, жаңа Қазақстан, халық үніне құлақ асатын мемлекет тұжырымдамасын бастап, өткен жылы референдумда халықтың таңдауымен конституциямызға өзгерістер енгіздік. Ел көшбасшысын да өзіміз таңдау жасап таққа отырғыздық. Енді алдымызда Парламент мәжіліс және мәслихаттардың кезектен тыс сайлауы тұр.   

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауында Қазақстан дамуының саяси моделін қайта құрылымдау қажет екенін айтты.

«Әңгіме, ең алдымен, суперпрезиденттік басқару нысанынан күшті Парламенті бар президенттік республикаға түпкілікті көшу туралы болып отыр. Мұндай жүйе билік институттарының оңтайлы теңгерімін қамтамасыз етіп, елдің тұрақты дамуына ықпал етеді», – деді президент.

Мемлекет басшысы алда Парламент рөлін күшейту міндеті тұрғанын атап өтті.

«Бұл халық үніне құлақ асатын мемлекет тұжырымдамасын табысты жүзеге асыруға жол ашады. Біз болашақта қандай ел болатынымызды нақты білеміз. Жаңа Қазақстанды азаматтық қоғамы қалыптасқан, тиімді мемлекетке айналдырамыз. Осыған орай «Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» қағидатын басшылыққа аламыз», – деді президент.

Ендеше осы сайлауда да ел болып, өз таңдауымызды жасауымыз керек. Президен өз өкілеттігін шектеп, барлық күшті Парламентке беріп отырғандықтан біздің Парламентіміз мықты болуы тиіс. Бұл сайлаудың ерекшелігі мәжілісті 70/30 қатынасында (70% партиялық тізім бойынша, 30% бір мандатты округтер бойынша) аралас жүйемен (пропорционалды-мажоритарлық) тіркелген үміткерлер сынға түседі. Яғни, ел мүддесін ойлаған, патриоттық сезімі бар, кәмелетке толған кез келген қазақстан азаматы кандидат болып тіркеле алады. Қазіргі уақытта тіркеліп қойды да.

Енді алдағы сайлауда халық өз таңдауын жасап, еліміздің дамуына өз үлестерін қосады деп сенемін.

Амангелді АЙТБАЕВ,

Ақсу аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы.

Мәліметпен бөлісу: