ЕР ЕҢБЕГІ мен ЕРЛІГІ ЕЛ ЕСІНДЕ

 Биыл Ұлы Жеңіске — 80 жыл! Бүгінде ауданымызда Ұлы Отан соғысының ардагерлері қалмады. Ең соңғысы жерлесіміз Қапал ауылының тумасы, Гаврил Моисеев ғасыр жасап, 102 жасында өткен жылы ғана өмірден өтті. Иә, «Ешкім де, еш нәрсе де ұмытылмайды»,-деп жатамыз ғой. Көшкентал ауылының тұрғындары Ұлы Отан соғысының ардагері, ауданымызда өнегілі өмір сұріп, халқының болашағына елеулі еңбек істеген, бүгінгі күніміздің мәдени болмысының көрінісі Қапал өңірінде тарихи орын алуға үлес қосқан ардагерлерміздің бірі — Амантай СМАҒҰЛОВТЫҢ есімін, еңбектерін, ерліктерін әлі ұмытқан жоқ.

 Ардагер атамыз Ұлы Отан соғысынан ІІІ топтағы мүгедек болып оралып, соғыстан кейін, өткен ғасырдың алпы­сыншы жылдары Абай атындағы кол­хозда коммунистік партия ұйымының хатшысы қызметін атқарды, сонан кейін 1978 жылдың қыркүйегіне дейін басқа да қызметтерде болып, аудан дамуына елеулі үлесін қосты.

Осы уақыттарда еңбектің нәтижесі көрініп, өндірістік жетістіктер жылдан жылға жоғарылап отырған. Сонымен қатар колхозшылардың әлеуметтік, ру­хани – мәдениеттік жағдайлары өте үйлесімді шешілген екен.

Халықтың Ұлы Отан соғысы кезінде де, одан кейінгі жылдары көрген қиыншылықтарын ескере отырып, бейбіт өмір сүруге қажетті нысандар мен су құбыры сол кезде салынған. Амантай Смағұлов осы жұмыстардың басын ашу, іздестіру, келісу, заңдастыру, іске қосу барысында көп еңбек сіңірген. Яғни, нысандарды ұстау үшін, елді ауыз су­мен қамтамасыз ету мақсатында судың көзін іздестіріп, оны зерттеу және су құбырын іске қосу жұмыстарын атқарды. Ол туралы осыдан 15 жыл бұрын Ұлы Жеңстің 65 жылдығында С.Мұхаметшин «Еңбегі елеулі» деген көлемді мақала жариялаған болатын.

Енді сол әңгімені ары қарай жалғастырып, соғыс және еңбек ардагері Сұмағұлов Амантай атамыз жайлы жүрекжарды сырымды газет бетіне жариялағалы отырмын.

Сонымен Амантай атамыз 1925 жылы сол кездегі Талдықорған облысы, Қапал ауданы, Ленин ауылында туған. Сегіз жасқа дейін анасының қолында онан кейін төрт жыл балалар үйінде тәрбиеленген.

1937 — 1943 жылдары жездесі Алма­ты облысы, Нарынқол ауданы, Кеген аулылының мектебінде жездесі Саманов Жұмабайдың қолында оқыған.

Ардагер атамыз сұрапыл соғыс жүріп жатқан уақытта өзі сұранып, әскери комисариатқа барып жүріп майданға ат­таныпты. 1943 жылдан 1948 жылға дейін Қиыр Шығыста Кеңес әскерінде қызмет атқарды. Жапон империалистеріне қарсы ұрысқа қатысқан. Қазіргі Қытай халық Республикасының Шанхай қаласының жапон империалистерінен азат ету ұрысында болған.

Ал, енді тарихқа үңілсек, екінші дүниежүзілік соғыста Кеңес армиясының қатарында қазақ батырлары гитлершілдерге ғана қарсы күрескен жоқ, сондай — ақ, олар Қиыр Шығыс майда­нында да жапондармен шайқасты. Бұл соғыстың себептері Күншығыс елінің Германия жағына шығуы, сонымен қатар КСРО одақтастарына қарсы соғысуы бол­ды.

Негізі Жапония – Ресей мен сол кездегі он бес одақтас республиканың қасында тонның бір түймесіндей ғана болса да, бұл соғыс алғашқы соғыстан да ауырлау болғанын білеміз. Сол кездің өзінде жақсы дамыған жапон елі бұл соғысқа сақадай сай еді. Ал, бұл соғыстағы жеңістің қалай болғаны айтпасақ та түсінікті.

1948 жылдың ақпан айында әскер қатарынан кайтарылып, туған жері Қапал ауылына келген.

Оққа ұшқан қаруластарының ама­натын арқалап, аман оралған ардагер аталарымыздың ерліктері бүгінгі жастарға аңыз әңгіме сияқты.

Сонымен 1948 жылы Қапал аудандық партия комитетінің техникалық хатшысы болып бастап, Қапал ауданының мәдени — ағарту бөлімінің нұсқаушысы қызметін атқарды. Одан кейіндері Қапал ауданының жұмысшы депутаттарының Кеңес атқару комитетінің кадр бөлімінің меңгерушісі болды.

Қапал аудандық Қазақстан коммунистік партиясының нұсқаушысы, партия хатшысының көмекшісі, партия ұйымының ұйымдастыру нұсқаушысы болды.

1964 — 1968 жылдары Ақсу ауданы, Көшкентал ауылындағы Абай атындағы колхоздың партия ұйымының хатшы­сы болды. Одан соң он жыл осы кол­хозда, есепші, аға құрылыс басқарушы, кадр бөлімінің нұсқаушысы қызметтерін атқарды.

Осы уақыттарда Амантай атамыз Көшкентал ауылының балаларын біртұтас мектептен оқыту үшін типтік мектеп салу жұмыстарын басқарды. Сол кездегі Қазақ ССР-ның Жоғарғы Кеңес Депутаты, осы ауылдың тұрғыны марқұм Мұқашев Серікті депутаттық құқығы мен Кеңес өкіметінің министрлігінің төрағасы Ашимовтың қабылдауында болуды ұйымдастырып, колхозаралық құрылыс жасақтың жоба­сына кіргізіп, Көшкентал орта мектебін салғызды.

1978 жылдың қыркүйегінен 1985 жылдары Қапал ауылында Қапал ауданының №2311-шы Жылжыма­лы механикаландырылған коллона­да жабдықтаушы инженер қызметімен қосымша бастапқы коммунистік пар­тия ұйымының хатшысы болды. Қапал ауылындағы Ғ.Ораманов атындағы орта мектеп пен қазіргі Капал ауылдық аурухана және бұрынғы Қапал ауданындағы тағы да басқа да нысан­дарды салуға партия ұйымының хатшы­сы ретінде құрылыстарды материалмен қамтамасыз ету және құрылыс жұмысын ұйымдастыруын белсенді атқарды.

1986 жылдың қаңтарынан зейнеткерлік демалысқа шықты. 1988 жылдың 1 сәуірінде көп жылғы науқастан кейін 63 жасқа қараған шағында қайтыс болды.

Амантай Смағұлов атамыздың үлкен еңбегінің бірі өткен ғасырдың 50-ші, 60-шы жылдары Ақын — Сара апамыздың есімін ел есіне мәңгілікке қалтыруға Қапал өңіріндегі интелегенттердің қатарында белсенді еңбек атқарғаны еді. Ақын — Сараның бейнесін суретке салып, одан кейін мүсінін жасау үшін Мәскеуден тың игеру кезінде Қазақстанға іс — сапармен келген мүсінші Маргарита Маркияновна Ващенко қазақ даласының дәстүрін терең білгісі келген, Ақын — Сара өмірімен та­нысып, елдің әлеуметтік жүгін арқалаған әйел, қазақ халқының маңдайына біткен бақыт екенін түсінген. Сараның образын тарихтағы болмысынан айырмай шығару үшін, Сараның көзін көрген адамдар­мен, Сараның құрбылармен кездесуге Амантай Смағұлов Ильич колхозына, Көшкентал ауылына, Ақын – Сара ауылы­на Маргарита Маркияновна Ващенкомен бірге барып, жазбаша сипаттама алғанға көмектескен. Бұл жұмыстар бірнеше жылға созылды. Ақыры 1961 жылы Қапал аудандық атқару комитетінде Сара бейнесін Маргарита Ващенко нұсқауында қабылданды. Содан кейін Ақын Сараның мүсінін жасау жұмыстары басталды. Бірнеше жылдар бойы Ақын Сараның ескерткішін заңдастырып, рұқсат алу үшін, қаражат іздестіріп, кол­хозшыларды ұйымдастырып, сол кездегі Қазақстан орталық компартиясының хат­шысы Дінмұхамед Қонаевқа өтініш жол­дады. Ол кісі ескерткіш қойылсын деген қарар бұйырды. Ақыры Абай колхозының есебінен ескерткішке ақы төлеу колхозшылардың жалпы жиналысының шешімімен бөлінді. М.М.Ващенко мүсіннің жобасын хат арқылы Аман­тай ақсақалмен кеңесіп, ақылдаса отыра жасатты, істеген жұмыстарын ресми түрде заңдастырды. Ардагер атамыз Сараның мүсінін құйып беретін зауытын да іздестіріп берді. Сараның ескерткішін қоятын тұғырының айнала­сын көгалдандыру жұмыстарында ойлас-тырды.

Амантай Смағұлов шынымен өз елінің патриоты болды, Отанын сүйетін, халқының тарихын, рухани мәдениетін, салт — дәстүрін жетілдіретін, дамыту­ын сүйей білетін азамат еді. Ол қазақ сахарасының сөз шеберлерінің Ақын — Сара мен Біржан Сал айтысқан орны Көшкентал ауылының жерінде болғанын, болашақ ұрпаққа мәңгілік мұраға айландыруға атсалысты.

Сонымен қатар қазақ тілінің жанашыры­да болды. Қылышынан қан тамған Кеңес Үкіметінің кезінде іс — қағаздарды қазақ тілінде жүргізеді екен. Аудан басшыла­ры осы Абай колхозының іс — қағаздарын Қапал аудандық партия комитетінде қазақ тілінде қабылдамай қойған. Содан ардагер атамыз сол кездегі белді басы­лым «Қазақстан коммунисі» журналы­на шағымданып, іс — қағаздарын қазақ тілінде жүргізуге колхоздың кұжаттарын қорғап қалған. Қазіргі уакытқа дейін іс — қағаздар қазақ тілінде жүргізілуде.

Сол уақытта Амантай Смағұловтың еңбектері Кеңес үкіметінің «Екінші дәрежедегі Ұлы Отан соғысының орденімен», «Германияны жеңгені үшін», «Жапонияны жеңгені үшін», «Айбын­ды еңбегі үшін» және «Тыңды игергені үшін», «Еңбек Ардагері» медальдарымен марапатталған.

Амантай Смағұлов Қапал өңіріндегі беделді азаматтардың қатарында халқына қадірлі, еліне елеулі, үлгілі жанұя, зайыбы Ақсейітова Нүржамишпен тәрбиелі, еңбекқор 5 қыз, 3 ұл тәрбиелеп, тұңғыш немересі Жәмилә Асхатқызы Смағұлова Көшкентал орта мектебінде үлгілі ұстаз.

Өткен азапты жолдың ауыр сабақтарын халық ешқашан да ұмытпайды. Аман­тай атамыздың ауыр сабақтары біздің санамызға ұялап, қазіргі ұрпақтарды ерлікке, қырағылыққа баулып, жарқын болашағымызды қорғауға әрдайым дай­ын тұруға шақырады. Ендігі еліміздің үміті – жастарды, ата – баба дәстүрі негізінде Отан сүйгіштікке, еңбекқорлыққа, халқымыздың сан ғасырлық көріністерін бойларына дарытып, Отаншыл, патриот болып өсулеріне тәрбиелейді. Егеменді еліміздің келешегіне Амантай Смағұлов атамыздың сіңірген еңбегі міне осындай.

Ербол СЫМХАНОВ.

Мәліметпен бөлісу: