ЕЛ МЕРЕКЕСІ

Қазақстан Республикасы Парламентінің ұйғарымымен 1 желтоқсан — Тұңғыш Президент күні болып жарияланды. Бұл – Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың басшылығымен еліміз жеткен жетістіктер мен әлемдегі абырой – беделіне тағы бір мәрте ой жүгіртіп, қорытынды жасайтын күн. Нақтырақ айтқанда, бұл күннің атауы ғана Президент күні, әйтпесе ол – халық мерекесі. Олай дейтініміз, Тәуелсіз Қазақстан біздің ортақ Отанымыз.

Тәуелсіздік аларда елімізде саяси — экономикалық жағдай күнде өзгеріп жатты. Мемлекеттің саяси жүйесінің дамуын болжау және жоспарлау ең маңызды мәселеге айналды. Біздің елдің бақытына орай, мемлекет тізгінін 1990 жылы әлемнің ең көреген, ең кемел заманауи саясатшыларының бірі, Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев қолына алды. Ол Еуразия құрлығындағы түбегейлі бетбұрыстардың бағытын дұрыс аңдап, өз халқының сұранысы мен мұң — мұқтажын, оған керектіні алдымен түсінді. Жас мемлекеттің саяси және экономикалық жүйесін осы қажеттіліктер мен сұраныстарға орайластырып құруға бел шеше кірісті. Елбасының көрегендігі, болашақты уақыт шегінен әрі қарай көре білетін қасиеті, елді мемлекетке пайдалы өзгерістерге жұмылдыра білуі Қазақстанда қоғамдық өзгерістің ең күрделі кезеңін айтарлықтай шығынсыз, дау – дамайсыз, қақтығыс – дүрбелеңсіз, кикілжіңсіз өткеруіне мүмкіндік берді. Қарап отырсақ, бүгінде көршілес елдермен мемлекет шекарасының белгіленуі, қорғаныс әскерінің құрылуы, мемлекеттік рәміздердің қабылдануы, төл теңгеміздің шығарылуы, мемлекеттік тілдің мәртебе алуы, шет елдердегі қандастарымыздың қайта орала бастауы сияқты ірі де, мемлекеттік маңызы бар келелі істердің бәрінде Тұңғыш Президентіміздің қолтаңбасы бар. Ел игілігі үшін Астанамыз Нұр-Сұлтанда түрлі саммидтер, дінбасылары, мемлекет көшбасшылары, бизнес өкілдері, мәдениет қайраткерлерінің басқосулары өтті. Тіпті, әлемдік «ЕХРО — 2017» көрмесі Астанада өткені барлығымызға белгілі. Ол деген сөз елімізге қыруар инвес-тиция құйылып, 100-ден астам елдің ең үздік жетістіктері көрмеге қойылып, оларды өндірісімізге енгізу арқылы экономикалық өрісіміз кеңейді. Мұның бәрі біздің Тұңғыш Президентіміздің әлемдік деңгейдегі беделін айқындай түседі. Елбасымыз Орта Азия елдері мемлекеттерінің көшбасшысы атанып, оған Түрік мемлекетінің астанасында ескерткіш қойылды.

Нұрсұлтан Әбішұлының тағы бір көрегендігінің дәлелі — Қазақстан халқы Ассамблеясының жұмысы екені даусыз. Рас, көп ретте Қазақстан аумағындағы татулық пен тұрақтылық елдің иесі – қазақ халқының сабыр салиқалығы мен шыдамдылығының арқасында мүмкін болып келе жа­тыр. Дегенмен, қазақ халқына басқа ұлттардың сыйластықпен қарап, әрі барлық ұлт өкілдерінің өзара түсіністікте ғұмыр кешіуіне ешбір мемлекеттің тәжірибесінде бұрын – соңды болмаған, әлемде теңдесі жоқ қоғамдық институт – Қазақстан халқы Ассамблеясы да өзінің зор септігін тигізіп отырғаны шындық. Қазақстан Халқы Ассамблеясы мемлекеттің елдегі ұлтаралық татулықты барлық ұлт өкілдерінің пікірлері мен пайымдарын ескере отырып, ортақ шешуге ықыласты екенін көрсетті. Ассамблеяның құрылуының өзі Қазақстанда тұратын саны аз болса да, көп болса да кез — келген ұлт өкілінің өзін қоғамдық үрдістерден шет қалмай, барша игіліктің ортасында боларына сенімін нығайтты. Сөйтіп, қазағын да, қазақ емесін де ортақ отаны – Қазақстанды сүйетін шынайы патриоттыққа тәрбиеледі. Ұлт Көшбасшысының жетекшілігімен қазақ елі XXI – жаңа ғасырда нақты міндеттері мен оларды жүзеге асыру жолдарын айқын көріп, стратегиялық даму жоспарына сүйеніп, өзіндік «Қазақстандық жолымен» қарыштап алға баса беретініне сенеміз. Осылайша Қазақстанның әлемдегі дамыған 30 елдің қатарына кіріп, талаптары қатал жаһандану заманында ешкімнен қағажу көрмей, өз күшімен өркендейтін күні де алыс емес. Бүгінгі Президент күні — шын мәнінде халықтың Елбасына деген зор құрметінің, өздерінің және жас ұрпақтың болашағына деген сенімінің мерекесі десек, алдағы уақытта да әр үйде молшылық болып, қуанышты сәттер көбейе берсін.

Ләззат ҚАЛМҰХАМБЕТҚЫЗЫ.

Мәліметпен бөлісу: