Дәурен Әбен: АЭС салу – энергетикалық тәуелсіздікке жеткізеді
ҚР Президенті жанындағы Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институты Халықаралық қауіпсіздік бөлімінің басшысы Дәурен Әбен елімізде АЭС салу мәселесіне қатысты өз пікірін білдірді, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Оның айтуынша, Қазақстанда атом электр стансасын салу мәселесі шынымен де біздің қоғамда көптеген пікірталас тудыруда.
Дәурен Әбеннің ойынша, бейбіт атом энергетикасының әлеуетін пайдалану біздің елімізде ұлттық экономиканың жаңа жоғары технологиялық секторын құруға мүмкіндік береді. Сондықтан жалпы алғанда, бөлім басшысы Қазақстанда АЭС салуға қарсы емес екенін айтып жеткізді.
Бөлім басшысының сөзінше, бұл мәселеде мемлекеттің бірінші кезектегі міндеті АЭС салу емес, Қазақстанның энергетикалық тәуелсіздігін қамтамасыз ету екенін түсіну маңызды.
Бүгінгі таңда Қазақстанда орнатылған энергия шығаратын нысандардың 80%-дан астамы қазба отынмен жұмыс істейді. Ал электр энергиясының 70%-дан астамы көмірмен жұмыс істейтін жылу электр станцияларында өндіріледі.